• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 26 Шілде, 2024

Төл өнім төрге озсын десек…

174 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында көптеген елдің ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді жүргізетінін, тіпті дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп сая­сатына көшкенін айтқан еді. Президент мәлімдегендей, сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасайтын сәт келген сияқты. Азық-түлік өндірушілердің отандық сауда сөрелеріне өнімін қоя алмауы ұлттық экономикаға сын болғалы тұр.

Министрлік не дейді?

Өнімін сауда нүктелерінде орналастыру мәселесімен өндіру­шілер құзырлы орындарға жиі жүгінеді. Айтуынша, көрші елдерден келген арзан тауар біздің нарықты жаулап алған. Ал өзіміздің кәсіпкерлер мил­лиардтаған несие алып, өнім шығарғанмен, оны сату алаң­дарында орналастыруда қиындық көп. Екінші бір себеп – импорттық өнімнің бағасы отандық өнімнен төмен. Әсіресе, көрші Ресей­ден келіп жатқан азық-түлік әлде­қайда арзан. Осыған дейін Еуропаға экспорттаған олардың бұл қадамына санкциялық шектеулер әсер еткені белгілі. Қазір Орталық Азия нарығына көз сал­ған көрші елдің тауарлары осы­лайша өзіміздің өнімді «өкпелетіп» тұр.

Тақырыпқа қатысты біз Сауда және интеграция министрлігіне сауал жолдағанбыз. Ведомство берген мәліметке сенсек, жағдай өзгерген.

«Біз сауда желілерінің өкіл­дерімен және әкімдіктермен бірлесіп, сауда сөрелерінде отан­дық тауарлардың ұсынылуы туралы деректерге қатысты жұмыс жүргіздік. Бүгінде отандық азық-түлік тауарларының үлесі 50%-дан кем емес, ал кейбір сауда алаңдарында 70%-ға дейін жетеді. Сондай-ақ отандық өнді­ріс, яғни ет, сүт және астықты терең өңдеу­ге, жылыжай шаруа­шы­лығын дамытуға баса назар аударылып отыр. Отандық өндірушілердің сауда желілеріне кіруін одан әрі жеңілдетуде субсидиялар бөлініп жатыр. Биыл министрлік алғаш рет ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну құзыретін енгізді. Жаңа бас­тамада пайыздық мөлшерлеме­ні субсидиялау және кредиттер бо­йынша кепілдендіру сияқты қолдау көзделген. Қазір «Даму» қоры және екінші деңгейлі банк­термен бірлесіп, 143 млрд тең­геге 595 жобадан тұратын пул құрылды. Бұл ретте ішкі сауда субъектілеріне отандық өнім шы­ғаруды ынталандыру бойынша міндеттемелер қойылады», деп жауап берді салалық министрлік.

Министрлік көздеп отырған басым­дық­тың бірі – шетелдермен сауданы кеңейту. Жыл басынан бергі 5 айда еліміздің сыртқы саудасы 55 млрд доллардан асқан. Шикізаттық емес та­уарлар мен қызметтердің экспорты 13 млрд доллардан көп. Оның 10,5 млрд теңгесі да­йын өнім жеткізуден түсіпті. Экспорттың өсуіне халықаралық нарық тарапынан түсті металдар мен күнбағыс майына деген жоғары сұраныс әсер еткен.

«Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша «KazakhExport» экспорттық сақ­­тандыру компаниясының база­­­сында экспортты ілгерілету инс­­ти­туты құрылды. Биыл 23 қаңтарда «Экс­порт­тық-кредиттік агенттік туралы» заң қабыл­данды. Ол сақтандыру және қар­жылық қолдау шараларының кең спек­трін іске асыруға бағытталған. Осы бірінші жартыжылдықтың өзін­де экспорттық-кредиттік агенттік 30 экспорттаушыға қолдау көрсетті. «QazTrade» ұлт­тық операторы биыл өткізу нарығын кеңейтуге мүдделі ком­пания­ларды іріктеді. Нәти­же­сінде, 120 отандық өн­діруші Қытай, Германия, Қатар, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан нарықтарына шығу­ға дайын. Сондай-ақ халық­ара­лық көрмелер мен сауда мис­­сияларының алаңдарында «Made in Kazakhstan» брендімен отандық тауарлардың танымал­дығын арттыру бойынша жұ­мыс­тар жүргізіліп жатыр», делінген министрлік жауабында.

Жарнамасыз жағдай жоқ

Тақырыпқа оралсақ. Қазір азық-түлік бөлшек саудасында жергілікті ритейлдер де, ірі халықаралық желілер де тұрақты жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірілері – «SMALL» («Skif Trade» ЖШС), «Magnum» («Magnum Cash&Carry» ЖШС), «METRO» («Metro Cash & Carry» ЖШС), «Анвар» («Анвар» ЖШС), «Galmart» («Жеті Аспан» ЖШС), «Астықжан» және басқа да компаниялар.

«Бөлшек саудагерлердің тауар өндірушілермен өзара қарым-қатынасы мәселесі әр­қашан өзекті. Бұл ретте аталған мәселеге тек бір позициядан қарау, яғни тауар өндірушілердің позициясы тұрғысынан дұрыс емес. Егер «күнделікті сұра­ныс тауарлары» (FMCG) сана­тын­дағы сауда желілерінің тауар­лық ассортиментіне талдау жүргізетін болсақ, онда отандық тауар өндірушілердің үлесі, орта есеппен, барлық тауар матрицасының 50%-ы деңгейінде болады. Сондықтан желілер ел заңнамасының нормаларын сақтайды деп толыққанды айтуға болады. Атап айтқанда, Ұлттық экономика министрлігінің «Ішкі сауда қағидаларына» сәйкес ішкі сауда субъектілері сауда желісі мен базарларын ұйымдастыру арқылы тауарларды сатуды жүзеге асыруда отандық өндірістің азық-түлік тауарларын сауда алаңында немесе сөреде кемінде 30%-ға орналастырады», дейді «Атамекен» ҰКП сауда департаментінің директоры Әсет Айтбаев.

Оның сөзінше, өзінің серік­тес­теріне белгілі бір негіз­дел­ген шарттар қоятын сауда же­лілерінің талаптарын елемес­ке болмайды. Бұл – басқа елдерде жұмыс істейтін қалыпты тәжірибе. Мысалы, ол – сауда желілеріне кіру ақысы, жарнама ақысы (кез келген бизнестегідей), орау, консигнация шарттары.

«Бұл – бизнес. Ашық жұмыс істейтін және өз бизнесін адал дамытатын экономика саласын негізсіз реттеуге және «басуға» болмайды. Сондай-ақ сатып алушылардың таңдауы маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда «Ата­мекен» ҰКП Сауда және ин­­­теграция министрлігімен бірлесіп, отандық тауар өндіру­шілердің өнімдерін сауда объек­ті­лерінің сөрелеріне жеткізу тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша нормалары бар жаңа ішкі сауда қағидаларын әзірлеу үстінде», дейді департамент басшысы.

Расы сол, мемлекеттің қол­дауын күтетін отандық кәсіп­керлер өз компанияларының аяққа тұруы үшін жеңілдіктер болғанын қалайды.

«Менің ойымша, отандық өндірушілер сауда­да басымдыққа ие болуы керек. Әри­не, мұнда стандарт сақталуға тиіс. Сондай-ақ отандық тауарларға ар­нал­­ған сөрелер, сауда залындағы ең жақсы орындар қарастырылса игі. Мысалы, елімізді үлкен дүкен деп қа­рас­­тырсақ, сырттан келген тұтынушы керегін таба білу қажет. Бірақ бізде кері­сінше, өзіміздің нарыққа шығуымыз қиындап кеткен. Екіншіден, жарнама ком­панияларының жұмысын қолдау жағын қарастырсақ. Осыларға қаржы бөліп, отандық өнімді жарнамалауға көптеп ден қойса, біз ұтылмаймыз. Сондай-ақ БАҚ өкілдерімен бірге елден шығатын барлық тауарды үлкен деңгейде насихаттаса, бұл әрекет сөзсіз табысқа жетелейді. Дұрысы, сатылым болмай, өндіріс өспейді. Ал сатылым жарнамасыз мүмкін емес», дейді «Adal As» ЖШС директоры Ермек Мезібаев.

Жаңа заңнан үміт мол

Жақында ғана «Сауда қыз­метін реттеу мәселесі бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау аяқталды. Регламентке сәйкес заң жобасы Үкімет қорытындысын алуға жіберілді. Мемлекеттік сүйемелдеуге мұқтаж отандық тауар өндірушілердің талабы – ішкі нарықты қолдау болатын. Сауда және интеграция, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері енді заң жобасындағы ұсыныс­тарды талдамақ.

«Бүгінде барлық отандық тұтынушыға елдегі дүкендерде импорттық азық-түлік өнімдері басым екені анық сезіледі. Бұл ретте импорттық азық-түлік пен отандық азық-түлік арасындағы бәсекелестік көп себепке байланысты мүлдем әділетсіз. Сондықтан нарықтағы қатынастарды реттеу, елдегі сауда желілеріндегі өнімдерді сату үдерісін адал және әділ ету қажет. Заң жобасының ережелері дәл осыған бағытталған. Біз Үкіметтің қолдауына үміт артамыз. Заң жобасы оң қорытынды алып, күзде депутаттардың кәсіби талқылауына түседі деп сенеміз», дейді «Қазақстан сүт одағының» директоры Владимир Кожевников.

«Қазақстан ет өңдеу кә­сіпорын­дары қауымдастығы» атқа­ру­шы директорының орынбасары Юлия Намның айтуын­­ша, отандық өндірушілер им­порттық өнімдермен сапасы мен ассортименті бойынша еркін бәсекеге қабілетті.

Президент қойған талап, ұлттық бизнес мүддесі бір арнаға түсуге бағытталғандай. Әрине, бұдан ел экономикасының адымы ұзарары сөзсіз. Дұрысы, отандық сапалы азық-түлік өнімі алға шықса, қазына қазаны ешқашан ортаймайды.