• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 26 Шілде, 2024

Ұмытылмас ерлік тәлімі

94 рет
көрсетілді

Түзеу мекемесіндегі жиһаз өндірісінде жалдамалы жұмыс істей­тін алты әйел әдеттегідей таңертеңгі ауысымнан кейін киім ауыс­тыра бастаған. Кенеттен үш сотталушы әйелдің бөлмесіне тап беріп, жұмысшыларды тұтқынға алады. Жарты метр­лік пышақ рәуіштес өткір затпен қаруланған олар мекеме бас­шы­лығынан қомақты ақша және қару-жарақ, одан кейін әуе­жайға дейін жеткізетін «Рафик» көлігін беруді талап етеді. Айтқандарына көнбесе, кепілге алынған әйелдерді аяусыз қынадай қырып салатынын айтып, есікті іштен тарс жауып алады.

Оқыс оқиға 1989 жылдың 22 ма­мы­рын­­да Семей қаласындағы №35 қатаң тәртіп­ті сот­та­лушыларға арналған түзеу мекемесінде болған. Өскемен қаласындағы 6638 әскери бөлімінің Үгіт және насихат бөлімінің аға нұсқаушысы майор Александр Романов сол күні жұмыс сапарымен Семей қаласындағы түзеу мекемесін қадағалауға барған. Әдет­те­гідей күн тәртібіндегі кестеге сәйкес тексеріске кел­ген әскери қызметкер осылайша оқыс оқи­ға­ның үстінен түскен. Әйелдерді кепілге алған­дар сұраған заттарын өздері межелеген уақытта әкелмесе, кепілге алған әйелдерді шетінен өлімші етеміз деп айғайлап жатқан. Әскери қызметшілер тиісті уақытта жазасын өтеушілердің сұраған заттарын әзірлеп, түзеу мекемесінің алдына көлікті қояды. Өйткені іс насырға шаппауға тиіс. Олар үшін алдымен кепілдіктегі алты адамның бір тал шашы түспегені маңызды. Алайда бәрі олар ойлағандай болмады. Кенет кепілдіктегі бір әйелдің жанұшыра қиналып шыңғырған даусы естілді. Айналасынан көмек сұрай айғайлаған дауыстардан 8 жыл­дан 15 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айырылғандардың зорлық-зомбылық әрекетке көш­кендерін аңғару қиын емес еді.

Әскерилердің шарасыздығын сездіру үшін қылмыскердің біреуі кепілдегі әйелдің кеңірдегіне пышақ тақап «Сендерді қанға тойғызамын», деп баж ете қалды. Осының алдында ғана қандықол қылмыскерлер бір әйелді келмеске жіберген. Арнайы топ қарақшылардың құрсауындағы басқа жұмысшылар жантәсілім етпей тұрғанда жедел шара қолданбаса болмайды. Арнайы топты бастап, жазасын өтеушілер жасырынған бөлмеге алдымен майор Александр Рома­нов еніп кетеді. Бұл мезетте жазасын өтеушілерге қарсы құрылған бір уақытта басып алу тобы бір­ден іске көшкен. Тапаншамен қару­лан­ған арнайы топты бастаған ма­йор Алек­сандр Романов есікті сындырып, тосқауылды талқандауға кіріседі. Әйтсе де әккі қылмыскерлер де әске­рилерге қарсы шабуыл жасайды. Минуттар арасындағы адам көзі ілеспес жылдамдықта болған жан­таласта қаныпезерлердің көзі толығымен жойылады. Өкінішке қарай, бұл текетіресте Александрдың да жү­ре­гіне қанжар сұғылады. Орда бұзған отыз жасында оралмас сапар­ға аттан­ған офицердің осындай көз­сіз ерлі­гін бүгінде біреу білсе, біреу білмес.

Өзгелердің өмірін аман сақтап қалу үшін өз басын қатерге тіккен әскери қыз­мет­кердің ерлігінің арқасында тұтқынға түскен төрт әйелдің денесіне сызат түспей, дін аман қалады. Қалғаны ауыр жарақат алып, медициналық көмек көр­сетілді. Жұмысшыларды қаніпе­зерлер құрсауынан босатып, жан алып, жан беріскен Романов «Қызыл Жұлдыз» орденінің иесі атанғанын білмей кетті. Бірақ оның көзсіз батырлығын әріптестері ешқашан ұмытқан емес.

Офицер Өскемен қаласында өмірге келген. Төрт баланың ішінде елгезек болып өскен ол мектепте белсенділігімен көзге түседі. Шаһардағы №18 мектепте білім алған ол математика пәнін терең­детіп оқиды. Әкесі қарапайым шаруа иесі болғанымен, балаларына білім мен тәрбие беруді бірінші мін­деті деп білген жан екенін әпкесі айтып берді.

– Александр кішкентай күнінен бауырмал еді. Әсіресе анамның көңіліне қарап, қабағына кірбің түсірмеуге тырысатын. Ресейдегі Новосібір жоғары әскери-саяси жалпы әскери училищесінде оқып жүрген шағында анамызға хат жазып, күн сайын хал-ахуалынан хабар алып тұруға уақыт табатын еді. Қызметке тұрған шағында көк «Жигулиімен» шығыстың көрікті жерлеріне саяхат құрғанды ұнатты. Іні-қарындасқа қамқор болып, шағын әулеттегі ауызбіршіліктің ажырамас нышанына айналды. Қаралы хабарды естігенде төбемізден жай түскендей болды. Әсіресе құсаға батқан анамыз жарты жылдан кейін дүниеден озып кетті. Осы кезде қазақ халқының «Аталатсаң аталат, боталата көрме» дегенін жан жүрегімізбен түсіндік. Шынында бейбіт күнде бауыр еті баласынан айырылу ата-ана үшін ауыр қасірет екен. Бауырымды жер қойынына табыстар сәтте кісі қарасы қалың болды. Әсіресе жалғыз інімді ақтық сапарға шығарып салуға әскерилер көп келді. Бұл менің інімнің әскери саладағы абыройлы еңбегі деп ойлаймын. Қазір де Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ағамның ерлігін ешқашан ұмыт қалдырған емес. Өңірлік қолбасшылыққа қарасты Өске­мен қаласындағы әскери бөлімдер салтанатты шаралардың құрметті қонағы ретінде бізді үнемі шақырып тұрады. Біздің ендігі арманымыз, бауырымның есімі өзі оқыған мектебіне берілсе дейміз. Өйткені өскелең ұрпақтың бойындағы отаншылдық сезімді өршіту үшін өзгелер үшін өз өмірін қиған қызметкердің есімі ұлықталса игі, – дейді Анна Суханова.

Бүгінде «Шығыс» өңірлік қолбас­шы­лы­ғына қарасты 6699 әскери бөлімінде офи­­церге арналған мемориал тақта бой көтерген. Ескерткіш тақтада Романовтың өмір­баяны мен суреті бейнеленген. Әскери бөлім командирінің орынбасары ­ма­йор Саибжан Сагдуллаевтың айтуынша, мемо­риал­ тақтаның мерзімді әскери қыз­мет­шілерге берері көп.

– Романовқа қойылған мемориалды тақтаны зерделей оқып-танып, офицердің ерлігіне тағзым етуге келетін жандар көп. Сондай-ақ Отан алдындағы борышын атқа­руға келген сарбаздар да Романовтың өмі­рі­нен тағылым алып, өнеге тұтады. Олар да отыз жасында қаза тапқан азаматтай ерлік жо­лында жанын берер асқан батылдық иесі атан­ғысы келеді, – дейді 6699 әскери бөлім коман­дирінің орынбасары майор Саибжан Сагдул­лаев.

Ал майор Романовтың қаруласы болған отставкадағы капитан Петр Артюшкиннің өз айтары бар. Оның айтуынша, Александр жауынгерлік қызметтегі жоғары жетістігінен бөлек, спортта да едәуір белестерді бағын­дыр­ған екен.

– Ол кезде Александр 6638 әскери бөлі­мінің Шемонаиха ауданында орналасқан ­­ 5 рота­да командирдің Тәрбие және әлеу­мет­тік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орын­басары болып қызмет атқарды. Ол жақта қыс мезгілінде қар қалың жауады. Сондықтан болар қысқы спорттық ойындардың өтуіне зор мән беріледі. Менің қаруласым шаңғымен сырғанауға жаны құмар еді. Құдды олимпиадаға қатысатын спортшылардай алдына жан салмайтын. Бұл оның физикалық белсенділігін ғана емес, сонымен қатар қимыл-қозғалысты үйлестірудің, тепе-теңдікті сақтаудың асқан шебері екендігін айқындап беретін. Ол дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шаңғы жарысында бәрімізден оқ бойы озып шығып, мәре сызығын үнемі бірінші болып кесетін. Одан кейін шаңғыға аңсары ауған әскери қызметшілер Александрдан шаңғымен сырғанаудың қыр-сырын үйренуге ұмтылды. Бұл топтың ішінде мен де бармын. Ол бізге ылдиға қарай тура және қиғашынан сырғанау тех­никасын көрсетті. Біз шаңғымен жұлқи және сермей сырғанағанды жақсы көрдік. Бұ­дан қалса грек-рим күресіне де бейімі бар еді. Жал­пы, Александр Романов біздің есі­­­міз­де өз елі­не қалтқысыз қызмет еткен нағыз офицер ре­тінде қалды, – дейді Петр Артюш­кин.

Офицер үшін жауапкершілік – ең басты қасиет. Әріптестерінің сөзінше, Александр бір қарағанда әскери формадағы қатаң тәртіпке бағы­натын қызметкер секілді көрі­нетін. Алайда табиғатынан тұйық жан бол­ғанымен, өзгелерге әрдайым көмек қолын созып, кез келген жанмен оңай тіл табысып кететін қасиеті де көп еді. Тіпті адамның ішкі дүниесін ақтарып, сыралғы жанға айналуы тез ол төбе танытқан ортада Отан, абырой, парыз, жауапкершілік пен патриоттық сезімі, туған елге деген сүйіспеншілік секілді маңызды тақырыптар жиі қаузалатын.

Содан да болар, бүгінде Алек­сандр Романовтың ерлігі ғана емес, оның бойын­дағы дара қасиетін де үлгі ететін жас жауын­гер көп. Әсіресе «Шығыс» өңірлік қол­бас­шылығының түзеу мекемесін күзететін мер­зім­ді әскери қызметшілер басқалар үшін басын бәйгеге тіккен жауынгердің асқақ рухы мен батыр болмысына тағзым етіп, кез келген оқыс оқиғада ұтқыр ой мен батыл қадам жасауға дағдыланып жүр.