• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сатира 26 Шілде, 2024

Көріпкел

79 рет
көрсетілді

Күйеу баласы көп жылдан соң қайын атасымен оңашада емен-жарқын әңгімелесіп отыр.

– Әкей, міне, менің сізге күйеу бала болғаныма аттай он бес жыл толыпты. Қызыңызбен таныспай тұрып, мен сізбен танысыппын. Қайда, қашан танысқанымыз есіңізде ме? – деп атасына сынай тіл қатты.

– Есімде емей! Сонда купеде таныс­қанда, сен балаң жігіт едің. Әлі есімде, алғаш қораптағы ком­пьютерді сенен көріп тама­шалағаным... Есіңде шығар, компьютеріңді қызықтап, ма­заңды алғаным... Одан саған риза болған басым вагон ресторанына апардым емес пе?

– Әп, бәрекелді, айна қатесіз солай болған... Сізден бір білгім келгені, бізбен бірге купеде ең­гезердей, сымбатты спортсмен жігіт болып еді ғой?

– Е, иә, есімде.

– Сол жігіт сізден звондап алайыншы деп телефоныңызды екі-үш мәрте сұрағанда, неғып бере қоймадыңыз? Және мені апарған ресторанға оны неғып ертпедіңіз? Соған мен әлі күнге таңғаламын...

– Ал айтайын. Ал мен оған телефонымды бере қойдым да, оны ресторанға бізбен бірге шақыра қойдым делік... Содан өзің секілді онымен үремке соғыстырып ішіп, таныс-біліс болып, ағыл-тегіл әңгімеміз жараса кетті делік. Содан өзіңмен болғандай купеде де сый-сия­патымыз жарасып, ертесінде бір­ге түсіп қимай қоштасып, оған да саған берген мекенжайым­ды айта салдым делік. Содан ол да сен сияқты алғаш келген біздің қаламыздан қонақүй іздеп шарқ ұрып, онда орын болмай, баяғы менімен хабарласып, одан ол менің үйіме өзің сияқты уақытша табан тіреді делік... Ал содан ол менің бойжеткеніммен танысып, бір-бірін ұнатып... Не керек, ол екеуі сендер секілді көп өтпей әмпей-жәмпей болып... Қызым қара басып, одан екіқабат болып қалғанын жеткізіп, екеуі үйленетіндерін айтса, мен пақыр көнбей қайда барады дейсің?

– Әкей, сол кезде үйіңізге тұ­­рақтатып, ақыры қызыңызға қосақ болуға лұқсат еткен сізге ри­замын.

– Е, мен де, өзіңдей біздің қа­ладағы компьютердің бірден-бір қожасы болып отырған күйеу балама ризамын.

– Сонда да айтыңызшы, анау купедегі жігітке неғып теле­фо­ныңызды бере қойма­дыңыз?

– Оны көріпкелдігім деп бі­лемін... Қалтасында қарапайым қалта телефоны жоқ күйеу бала кімге керек?

 

Берік САДЫР