Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды», деген еді.
Пайымдап қарасақ, қолында ешқандай билігі жоқ, маңдай терін төгіп жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүрген қарапайым адамдардың көпшілігін жұртшылық «Адал азамат» деп құрметтейді. Әрине қарапайым адамдардың ішінде де біреудің ала жібін аттауға бейім тұратын, арам жолмен пайда табуды арсынбайтын пысықайлар некен-саяқ болса да, кездесіп қалады. Ал бүгінде үлкенді-кішілі еңбек ұжымдарын басқарып жүрген басшылардың арасында қарамағындағы адамдар мен былайғы жұрт «Адал азамат» деп құрмет тұтатын тұлғалар сирек. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы экономикалық дағдарыс кезінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласы құлдырап, көптеген ауылдың тоз-тозы шығып, тұрғындары жайлы тұрмыс іздеп басқа жаққа үдере көшкендігінің негізгі себебі – сол кездегі кеңшарлар мен ұжымшарлар басшыларының көбі халықтың жағдайын ойламай, қара бастарының қамын күйттеп, құлқындарының құлы болып кеткендігі.
Әйтпесе ауыл шаруашылығын жекешелендірудің бірінші кезеңінде мемлекет тарапынан оларға мол мүмкіндік ұсынылған. Бұрынғы кеңшарлар ұжымдық кәсіпорындар болып қайта ұйымдастырылып, олардың басшыларына шаруашылықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін мүліктік пайдың 10 пайызы берілді. Бұған қоса, олардың басқаруына 5 жылға тағы соншалықты үлес сеніп тапсырылды. Егер оң нәтижеге жеткен жағдайда бұл үлес олардың меншігіне өтетін болды. Осы тарихи мүмкіндікті кешегі кеңшарлардың «қызыл директорлары» қалай пайдаланды деген сауалға жауап іздеу үшін ауылдық елді мекендердің қазіргі жағдайына зер салу жеткілікті. Бақ-береке қонып, көркейген ауыл аз, керісінше, құты қашып, азып-тозған ауыл көп. Неге бұлай болды?
Облыстық «Солтүстік Қазақстан» газеті редакциясының басшысы болған кезімде маған бұрынғы шаруашылық басшыларының дос-жарандары келіп, олардың мерейтойларының құрметіне мадақтама мақала жазу жөнінде өтініш білдіріп жататын. Сондайда мен: «Ол кісі Қызылжар ауданындағы Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко, немесе Ғабит Мүсірепов атындағы аудандығы Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Серік Малаев сияқты өз кеңшарын сақтай алды ма?», деген қарсы сауал қоятынмын. Алайда сол сауалыма бірде-бір рет оң жауап естімеппін. Өйткені ондай «қызыл директорлардың» көпшілігі еліміз нарықтық қатынастарға көше бастаған кезде өздеріне сеніп тапсырылған шаруашылықтарды дұрыс басқара алмай, банкротқа ұшыратып тынған. Есесіне жақын маңдағы қалалардан кең сарайдай үйлер сатып алып, шаруашылық басқарған жылдары жинаған дүние-мүліктерін жұрт көзінен жасырып, қараңғы түн ішінде бірнеше «КамАЗ»-ға тиеп алып, өздеріне талай жыл құтты қоныс болған ауылдарынан табандарын жалтыратқан. Кейбіреуі іле кәсіпкер болып шыға келген. Алайда ондайлардың бизнесмен болып жарытқаны да шамалы. Өздері сын сағатта тағдыр тәлкегіне тастап кеткен ауылдастарының көз жасына қалған арсыз жандардың бастаған ісі қайдан оңға бассын?! Ал жергілікті жұртшылық «Адал азаматтар» деп ардақ тұтатын Геннадий Зенченко мен Серік Малаев сияқты басшылар ешкімнен мақтау-мадақтау сұрамаса да, оларды шынайы даңқтың өзі іздеп тапты.
1997 жылы «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінде болғанымыз әлі есімде. Өзі басқаратын шаруашылықтың өндірістік бөлімшелерін аралатып таныстырған Геннадий Зенченко еденінде бұрын қолданыста болған, қуаты шағын электр қозғалтқыштар қатар-қатар тізіліп жатқан кішкентай қойманы да көрсеткен еді.
«Мен бұл қозғалтқыштарды өздері басқарған кеңшарлардың мал-мүлкін арсыздықпен талан-таражға салған бұрынғы әріптестерімнен – «қызыл директорлардан» арзан бағаға сатып алдым. Олар бүгінмен ғана өмір сүретін, уақытша жүрген жандар еді. Мен оларша істей алмадым. Өйткені бұл қасиетті жерде менің әкем өмір бойы еңбек етті. Оның игілікті ісін жалғастыру – мойнымдағы перзенттік парызым. Мына ұсталынған моторшаларға келсек, олар кейін біздің мал фермамыз үшін қажет болады...», деген еді Геннадий Иванович.
Геннадий Зенченко осыдан сегіз жылдай бұрын дүниеден озса да, «Әке көрген оқ жонар» дегендей, баласы мен немересі өздеріне мұра болып қалған коммандиттік серіктестікті одан әрі дамытып, еліміздегі ең үздік шаруашылықтардың бірі ретіндегі биік мәртебесін абыроймен сақтап отыр.
Халқымыздың ардақты перзенті Мақтай Сағдиев 1987 жылы бұрынғы Көкшетау облысының бірінші басшысы болып тұрған кезінде Зеренді ауданындағы бір шаруашылықтың бастауыш партия ұйымының хатшысы болып жүрген Серік Малаевтың іскерлігін аңғарып, Чистополь ауданындағы «Ковыльное» кеңшарына директор етіп тағайындатты. Содан бері өткен 37 жыл ішінде ол осы шаруашылықты үзбей әрі табысты басқарып келеді. Бұл кеңшар да жекешелендіріліп, «Ақселеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналдырылды. Бірақ мал-мүлкі көршілес кеңшарлардағыдай «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпей, жергілікті тұрғындардың игілігіне жаратылып отыр. Қазір «Ақселеу» ЖШС орналасқан Ковыльное ауылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Чистополь өңіріндегі жылдан-жылға көркейе түскен құт-береке аралы іспетті. Елді мекенде кеңес заманында салынған әлеуметтік нысандар түгел сақталып қана қоймай, бәрі де адам танымастай жаңартылған.
Бертінде Серік Тәттібайұлына жолығып әңгімелескенімізде ол нарықтық экономикаға көшудің өтпелі кезеңіндегі қиындықтарды айта келіп: «Тоқсаныншы жылдардың басында мен шаруашылық басшысы ретінде ескі «УАЗ» көлігін мініп жүрдім. Ал көптеген әріптестерім сол кезде-ақ жаңа шетелдік автомобильдерде шалқып жүретін. Әрине оларды көрген сайын мен де пенде болған соң, намыстанып қалатынмын. Сондықтан да бір ауа райы жайлы жылы жақсы астық жинап, тәуір табыс түсіргеннен кейін серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын өткізіп, олардан өзіме қызметтік жаңа «Волга» сатып алуға рұқсат сұрадым. Ұжымым өтінішімді бірауыздан қолдады. Бірақ кешке үйге келгенімде ауылымызда әлі күнге диірмен мен наубайхана жоқтығы есіме түсіп, райымнан қайттым. Сөйтіп, жаңа «Волганың» орнына диірменге қажет жаңа жабдықтар сатып алып, наубайхана аштық. Қосымша төрт жұмыс орны құрылып, сонша адам қуанып қалды. Олармен бірге өзім де қуандым...», деген еді. Әр нәрсенің өз уақыты болады ғой. Серік Малаев осыдан бірнеше жыл бұрын өз еңбек ұжымының келісімімен жаңа жеңіл көлік сатып алыпты.
Осындай мысалдардан түйетін ой: ауылдарды сақтап қалғандар «Адал азамат» деп айтуға лайық арлы басшылар. Тәуелсіздіктің қиындығы көп алғашқы жылдарында іскерлігімен қатар, биік адамгершілік қасиеттерімен танылған азаматтар ғана елге тірек, көпке пана бола білді. Сонымен қатар сол бір күрделі кезеңде «қызыл директорларға» үлкен сенім көрсетілгенімен, олардың іс-әрекетіне жергілікті билік пен жұртшылық тарапынан қатаң бақылау қойылмағандығы – елеулі қателік болды. Салдарынан олардың көбі тура жолдан тайып, оңай байып қалу үшін ойларына келгенін істеді. Мұның аяғы талай ауылдың ойранын шығаруға әкеліп соқтырды.
Қазір ауылдардағы әртүрлі меншік нысанындағы шаруашылық басшыларының ішінде өздерін «бүгінгі помещиктерміз» деп санап, кеуделеріне нан пісіп жүргендер аз емес. Олар «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңның 40-бабына сәйкес өндірілген өнімді сатудан түскен табыстың қанша екендігін серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысында жариялап, әділ бөліске салуды ұмытқалы қашан?! Есесіне өздері «қолында барда қонышынан басып», талайы долларлық миллионерге айналған. Жыл қорытындысында жұмыскерлерге – сыйақы, пай мен жер үлесі иелеріне дивиденд төлейтін шаруашылық басшылары некен-саяқ. Сондықтан да ауылды жерлердегі серіктестіктердің қолданыстағы заңнама талаптарын орындауын прокуратура органдары, кәсіподақ ұйымдары, мәслихаттардың депутаттары, белсенді азаматтар жүйелі түрде қадағалап отырса, құба-құп.
Ең бастысы, кім болсаң да адал еңбекпен адал табыс тауып, «Адал азамат» атану – зор құрмет екенін түсінетін уақыт жетті.