• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 31 Шілде, 2024

Татами тарланбозы

109 рет
көрсетілді

Дзюдо күресінен Асхат Жіткеев Олимпия ойындарының күміс жүлдесін мойнына ілгенде «алтын бұйырар күн бар ма екен?» дескенбіз. Күрес түрлерінен Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіковтен кейін Олимпиада алтыны ешкімге бұйырмайтындай көрінетін. Париж татамиінде тәжірибесі толысқан Елдос Сметов талайдың көкейін торлаған күдікті жоққа шығарды. Алаш күткен алтын жүлдені иеленіп, қазақ дзюдосы тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атанды.

Орындалған арман

Даңқты балуан Жақсылық Үшкем­пі­ров­пен бірнеше рет сұхбаттасудың сәті түс­ті. Сол кезде «Грек-рим күресінен Олим­­пиада чемпионы шыға ма?» деген сұрақ­­ты жиі қойдық. Сабырлы қалпынан тан­­байтын Жақаң: «Классикалық күресті қай­дам, жалпы күрес түрлерінен ізба­сарым шығатыны анық. Біз көреміз бе, көр­мейміз бе, сол жағы белгісіз» деп еді. Аңыз адам расында да Елдостың атой сал­­ға­­нын көре алмай кетті. Өкініштісі де – сол.

Елдос Сметов Рио Олимпиадасынан күміс жүлдемен оралғанда сұхбат алдық. Сол кезде «Олимпиада чемпионы атана алмадым деп өкініп тұрған жоқсың ба?» деп сұрақты төтесінен қойған едік.

«Бұйырғаны – күміс. Басты арманым Олимпиада чемпионы атанып, дзюдо күресінен төртжылдықтың бас­ты додасында топ жарған тұңғыш қазақ болғым келеді», деген еді батыр ұл. Енді міне, сол арманы орындалды. Олимпиаданың үш жүлдесін қанжығасына байлаған сайыпқыранның өзі де аңызға айналды.

Шәкіртін шәкіртіне табыстаған

Біздіңше Бақберген мен Жандос күрес залына бармағанда, Елдос дзюдошы болмас еді. Ағаларының артынан ерген ­5 жасар бала да бозкілемнің қасынан та­былды. Оған бапкерлер қы­­зыға қойсын ба? Көбі: «Маған керек емес. Әлі кішкентай бала ғой, өссін» деген екен. Болатын баланың бетін қақпай белін­ бууға Ахмет Жұмағұл ғана келісім бер­ген.

«Оның бойында айрықша бір мінез бар екені байқалып тұрды. Жаттық­ты­рушылар бас тартса да, мен өзімде қал­дырдым. Ол тек жеңіске жетуді қа­лайтын. Барын салатын. Намысқа ты­рыс­қан кезде жылап жүріп күресетін. Бір жылдан кейін жарысқа апарғанда топ жарды. Оның жеңісті жорығы осылай басталды. Он жылға жетеғабыл уақыт менің тәлімімді алды. Кейін интернатқа жібердік. Мұндай мінезі бар баланың чемпион болмауға қақысы жоқ еді», дейді Олимпиада чемпионының алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұл.

Бір қызығы, ағалары інісін күрес залына ертіп апарғанына қарамастан, кәсіби спортта Елдос қана қалды. Бауырлары басқа жолды таңдады. Тіпті Бақберген Сметов «Мерей» квартетінің белді әншісі болды. Елдос та бала күнінен әнге құмар еді. Әйткенмен нақты таңдау жасайтын кезде әкесі Бақтыбай Сметов баласына еркіндік берді.

«Елдосты бес жасар бала дедік қой. Ол шынашақтай болғанына қарамастан, үлкендер істеген жаттығуды айна-қатесіз қай­та­лайтын. Талантты екені бірден бай­­­қалды. Спортшы армандайтын бү­кіл жарыста топ жаруы – сол таланты мен еңбекқорлығының, қайтпас қай­сар мінезінің, жарақатты жеңе білетін қайсар­лы­ғының арқасы», дейді Ахмет Жұмағұл.

Париж татамиінің финалында француз спортшысын жеңіп, Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметовтің қазіргі жеке бапкері Ғалымжан Жылкелдиев те уақытында Ахмет Жұмағұлдан тәлім алған. Бір сөзбен айтқанда, Ахмет Жұмағұл үлкен шәкіртіне бала шәкіртін өзі табыстаған. Кәсіби спортта мұндай сәйкестік сирек кездесетін шығар.

«Алтын алып үйреніп қалдық»

Әлем және Азия чемпионатары мен Азия ойындарынан алтын жүлдемен оралып жүрген Елдосты тараздықтар қаланың кіреберісінен күтіп алып құрмет көрсетуден жалыққан емес. Біз де үйіне барып, бірнеше рет ата-анасынан сұхбат алдық.

«Елдостың белдесулерін көрген кезде кәдімгідей қанқысымым көтеріледі. Елдің баласы ғой. Халықтың үмітін ақтаса екен деген ой жанымызға тыныштық бермейді. Қай кезде де тілеулес жұрттың сенім үдесінен шыға берсін. Ал анасы Тоқтагүл оның белдесулерін көрмейді. Тек нәтижесін біліп отырады», деген пікір айтатын әкесі. Бұл жолы Бақтыбай ағамыздан «тағы да қанқысымыңыз көтерілді ме?» деп сұрадық. Жауабы мүлде басқаша болды.

«Құрдастарым, бауырларым «Қан­дай көңіл күйде болдың?» деп сұрап жатыр. Оларға «Алтын алып үйреніп қалғанбыз ғой. Еш уайымдаған жоқпын деп жауап бердім. Расында да бұл жолы Елдостың белдесулерін салқынқандылықпен тамашаладым», дейді Бақтыбай аға.

Париж Олимпиадасында атой салған Елдос Сметов – төрт ағайындының ортасында ойқастап өскен оғлан. Бақтыбай Сметовтің кіндігінен тараған Бақберген, Жандос, Алмас секілді бауырлары қай кезде де Елдоспен мақтанады.

«Қазір менің үш немерем күресіп жүр. Қайсысы екенін әзірге айтпай-ақ қояйын. Солардың бірінен «медалің қанша болды?» деп сұрап ем: «Ата, 29 медаль алдым», деді. Бұйырса бұлар да чемпионның ізін жалғап қалар деген үміт бар. Ал көшеміздегі біраз жасөспірім Елдостың табысынан қанаттанып, дзюдоға қатысып жүр. Олардың ішінде ірі додадаларда топ жарғандар да жеткілікті. Елдос – елдің ұлы. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әрбір отбасында осындай қуаныш болсын. Елдің үмітін ақтағаны үшін біз де қуанып жатырмыз», дейді Б. Сметов.

Олимпия ойындарында үш түрлі жүлде иеленіп, Әлем, Азия және Азия ойындарының чемпионы атанған Елдос Сметов отбасында үлгілі әке екенін де айта кеткен жөн. Ол бүгінде екі қыз, үш ұл тәрбиелеп отыр.

Олимпия ойындарында жасындай жарқыраған Елдостың жүлделі болатынына алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлдың күмәні болмапты.

«Елдос Парижге жақсы дайындықпен аттанды. Барлық сырқатты жеңді. Нағыз бабына келген кезде жолға шықты. Сон­дықтан оның жақсы күрес көр­сете­тініне күмәнданған жоқпыз. Жан­күйерлердің сенімін ақтағаны үшін шын қуаныштымын» дейді ол.

Айтпақшы, елімізде ең көп Олим­пиада жүлдегері шыққан ауданды білесіз бе? Жамбыл облысы Олим­пия ойындарында 11 жүлде алса, оның жетеуі Тұрар Рысқұлов ауда­ны­­­ның саңлақтарына бұйырған екен. Бокс­шы Ермахан Ыбыраймов Атлантада қола алып, Сиднейде алтын жүлдемен елді қуантса, Елдоста Олимпиаданың үш медалі бар. Одан бөлек, Сидней Олимпиадасында еркін күрес шебері Ислам Байрамуков – күміс, Лондон Олимпиадасында Ақжүрек Таңатаров қола жүлде алған. 65 мың халқы бар аудан үшін бұл тамаша табыс екені даусыз.

Уақытында аты аңызға айналған Жақ­сы­лық Үшкемпіровтің талай кеңесіне құлақ түрген Елдостың өзі де аңыз адамға айналды.

 

Тараз