• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Тамыз, 2024

Жаңа мәдениет сарайы салынады

67 рет
көрсетілді

Қанша жылдан бері қараусыз жатқан Фосфоршылар сарайы ақыры бұзылатын болды. Белгілі кәсіпкердің иелігінде болған, одан әлдебіреулердің қолына өтіп, соңында қаңырап бос қалған алып ғимарат бірінші кезде қайта жаңғыртылатын болып шешілген. Алайда құрылыстың сапасын анықтаушы сарапшылар нысан пайдалануға жарамайды деген соңғы қорытындысын шығарған.

Мәдениет сарайының алдағы тағдыры тура­лы арнайы брифинг беруді ұйғарған қалалық әкімдік өкілдері журналистерді аталған ғимарат маңына жинады. Бүгінгі таңда мәде­ниет ошағының айналасы түгел темір қоршаумен қоршалған. Өйткені осынша жыл қараусыз жатып, не есігі, не терезесі жоқ болғандықтан кім көрінген бұл жерді пана етіп алған. Әсіресе жастар осы маңға үйірсектеп алған еді. Ол жерде не істейтіндері беймәлім, әйтеуір тұрғындар жас жеткіншектер күндіз де, түнде де ішінде топырлап жүреді деп талай шағым айтқан. Ақыры соның арты қайғылы жағдаймен аяқталды. Үш бозбала селфилетеміз деп түнде ішіне кірген, сол кезде бетонды құрылым опырылып түсіп біреуін басып қалған. Құдай сақтап қалған екеуі қашып үлгерген. Міне, содан бері ол жердің айналасы темір қоршаумен қоршалып, тас бекітулі.

Жоғарыда айтқанымыздай, енді ол бұзылатын болды. Бұл туралы брифингте Шымкент қалалық ішкі саясат және жас­тар ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Жұмағұлова айтып берді.

«Нысан былтыр қарашада шаһар­дың коммуналдық қыз­метіне өткен еді. О баста қайта жаңғыртылады деген шешім болған. Бұл жұмыспен «Сәби» қайырымдылық қоры айна­лысатын болып шешілген. Қор құрылыс сапасын анықтау үшін сарапшыларға жүгінеді. Сарапшылық ұйым нысанның пайдалануға жарамайтыны туралы тұжырым жасайды. Сонымен, енді ғимарат алдағы уақытта сүріледі. Иесі болса да бұл маң қараусыз қалды. Соның салдарынан бұл жерде ұрланбаған зат қалмады. Темір бетонның арматурасына дейін жұрт кесіп әкетті. Енді мәдениет сарайының орнына жаңадан дәл осындай пішінде, сыртқы келбеті де тура қазіргісін қайталайтын үлкен зәулім сарай тұрғызылады. Құрылыс жұмыстары биыл қыркүйек айында бас­талады. Бюджеттен ешқан­дай қаражат бөлінбейді. Барлық шығынды «Сәби» қайырымдылық қоры өзі көтереді. Ескі ғимарат орнына жастар орталығы кешені бой көтереді. Жоба бойынша жаңа нысанда түрлі үйірмелер, жастар мен оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған барлық жағдай қарастырылады. Сонымен қатар мәдениет сарайының айналасы гүлзар мен саябаққа айналады. Субұрқақтар іске қосылады. Балалар мен спорттық алаңшалар пайда болады», деді Ә.Жұмағұлова.

Фосфоршылар сарайының жағ­дайына алаңдаған жанашыр қала тұр­ғын­дарының бірі, 90 жастағы қария, қала әкімінің кеңесшісі Өркен Әбдіреев ақсақал да бүгінгі жиынға қатысты. Алғашқы бастаманы көтерген де осы қария болатын. Он шақты жылдан бері қоғам мен әкімдік назарын осы мәселеге аударуға тырысып жүрді. Әрекеті нәтижесіз қалмады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ақсақалмен арнайы кездесіп, мәдениет сарайының жай-күйімен таныс­ты. Артынша ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, ғимараттың айналасы күл-қоқыстан тазаланды. Жан-жағындағы қаулап өсіп кеткен шөптер, артық талдар кесіліп, ретке келтірілді. Қоғам белсендісі жылдар бойы шаһардың бас ауруына айналған проблеманың шешілгеніне қуа­нышты. Ғимараттың жан-жағы – толған үй. Балалар күн ыстықта қайда ойнарын білмей жүреді. Енді оларға керемет мүмкіндік туып тұр. Бір-екі жылда бұл жер сәнді саябаққа айналады. Балалар да үлкендер де сонда демалып, спорт, ойын алаңшаларында бос уақытын өткізеді. Одан қалса, жаңа сарайда түрлі үйірмелерге қатысып, өздерін дамытады дегенді айтты қария.

Бұған қоса ақсақал құрылысқа, жалпы қаланың мәдени саласына байланысты бірнеше ұсынысын жеткізді. Біріншіден, болашақ мәдениет сарайы ұлттық ою-өрнектермен әспет­телген, сәулеті шығыс үлгісіне жақын нысан болса деген тілегін айтты. Екіншіден, талай тындырымды іс қылған мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің аты осы мәдениет сарайына берілсе деген ойын жария­лады. Өйткені Өзағаңдай қазақ мәдениеті мен өнеріне қызмет еткен адам аз дейді. Бірі – сонау Эрмитаждағы Тайқазанды елге әкелуге септігін тигізгені, екіншісі – халқымыздың төл мерекесі Наурыз­ды жаң­ғыртуы. Қарияның үшінші ұсынысы компартияның бірінші хатшысы Хрущевке тікелей қарсы шығып, Қазақстанның жер тұтастығын сақтап қалған халқымыздың адал азаматы Жұмабек Тәшенов ескерткіші жаңғыртудан өткен Шымкенттің теміржол вокзалының алдынан тұрғызылса деген идеясы болды. Ақсақалдың пікірінше, Шымкентті еліміздегі ең көрікті, сәулетті қалаға айналдыруға толық мүмкіндік бар. Шаһарды дамыту тұжырымдамасына орай бұл тірліктер атқарылып та келеді. Осы орайда атамыз жаңадан ашылып жатқан гүлзар мен саябақ­тарды, жолдардың жөнделіп, талай жыл топырағы көрініп жатқан ішкі көшелердің асфальтталып жатқанын тілге тиек етті.

Осы брифинг барысында қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы кейінгі 5 жылда ғимарат ішіндегі құрылымдардың құлау фактілері бойынша 7 оқиға тіркелгенін жеткізді. Соңғысы, жоғарыда айтып өткеніміздей, былтыр желтоқсан айында орын алған. Соның салдарынан бір жасөспірім қайтыс болды. Сондықтан департамент өкілі ғимараттың қазіргі қалпы қауіпті екенін баяндады.

«Арнайы мамандандырылған мекеме аталған нысан күрделі жөндеуге келмейді деген қоры­тынды берді. Бірақ әкімдік өкілдері мәлімдегендей, бұл жерде қайтадан сол бұрынғы қалпын сақтаған жаңа нысан пайда болады. Бұл ғимарат пен оның айналасындағы саябақ ең біріншіден осы төңіректегі тұрғындарға жақсы болғалы тұр. Жалпы, қала бойынша 107 апатты нысан бар. Оларды қалпына келтіру, күрделі жөндеу жөнінде тиісті мекемелер тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді Еркін Отарғалымұлы.