• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Денсаулық 01 Тамыз, 2024

Науқас күйеуіне бір бүйрегін сыйлады

118 рет
көрсетілді

Шымкент барлық салада көш бастап келеді. Соның бірі – медицина саласы. Әсіресе мегаполисте медициналық трансплантология ерекше дамыған. Адам ағзасын ауыстырумен шаһарда №1 қалалық клиникалық ауруханасының білікті хирург мамандары айналысады. Осы жуырда ғана тағы бір науқастың бүйрек алмастыру операциясы сәтті өтіп, отбасына аман-есен оралды.

Бұл аталған клиникалық ем­деу мекемесінде жүзеге асы­рылған осымен 221-бүйрек трансплантациясы екен. Операциядан кейін бірнеше күн ауруханада жатып, жағдайы жақсы болғандықтан, ол үйіне шығарылды. Осынау қуанышты сәтке орай клиникада кішігірім салтанатты шығарып салу рәсімі ұйым­дастырылды.

Бүйрегін алмастырған – 49 жас­тағы Ерлан Асқаров дейтін азамат. Ол ағзаға мұқтаж адам, яғни реце­пиент болып кезекте тұрды. Бұл жерде сау бір бүйрегін берген өзінің әйелі болды. Науқас бір жылдан бері созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен есепте тұрған екен. Аталған дертіне байланыс­ты гемодиализ аппаратымен жасанды бүйрек қызметіне жүгінуге тәуелді болған. Осылайша, дәрігерлер ағза алмастыру операциясы кезінде ер азаматқа әйелінің бүйрегін хирургиялық жолмен салып берді.

Бірнеше күн бойы палатада тера­пия­лық ем қабылдаған науқас пен оның жұбайын үйіне аман-есен қайтарған «алтын қолды» медицина мамандары жалпы ерлі-зайыптыларға жасалған отаның сәтті өткенін, екі пациенттің де жағдайы жақсы екенін жеткізді.

№1 қалалық клиникалық ауруха­на­сы трансплантология бөлім­­шесі­нің меңгерушісі Сәбит Байте­мі­ров­тің айтуынша, клиникада бүй­­рек алмастыру операциясы 2013 жылдан басталған. Бүйрек трансплантациясын жүзеге асыру үшін рецепиент пен донордың қан тобы, генетикалық құрылымдары сәйкес келу керек. Әйтпесе, бүй­рек­ті алмастырғанмен, ертеңгі күні ағза бәрібір оны қабылдамай, бойы­нан шығарып тастайды. Бұл жер­де науқастың туыстарының бірде-бір бүйрек алмастыруға өлшем­­дері сәй­кес келмепті. Тек қана әйелінің ғана бүйрегі трансплан­та­цияға жарайтын болып шыққан. Нау­қас опе­ра­­циядан кейін он шақты күн ауру­­ханада жатып дәрігерлердің бақы­­­лауымен күтінді. Бірақ жоғары айтып өткеніміздей, бір жылдан бері бүйрегі қатты мазалап жүрген екен. Аталған орган қызметін дұрыс атқа­ра алмағандықтан, қанды зәр­ден тазалау үшін гемодиализ аппа­ра­­ты­­ның көмегіне жүгінуге мәжбүр бол­­ған. Дегенмен аппарат қанды толық тазалай алмайды. Ал табиғи бүй­ректің оған шамасы келеді. Енді науқасты бұл мәселе ешқашан тол­ған­дырмайды.

Осы аталған клиникада бүйрек пен бауыр трансплантациясы он шақты жылдан аса уақыттан бері жүргізіледі. Дәрігер-хирург С.Байтеміровтің мәлімдеуінше, Шымкентте бүгінгі таң­да 600 адам гемодиализ қабылдайды. Олардың бәрі де есепте тұр. Барлығы да донорды күтіп жүр. Ешқайсысы соңғы үмітін үзгісі келмейді. Ал қайтыс болған адамның бүйрегін салу көп уақытты талап етеді. Ең жаманы – оны күту. Былайша айтқанда, мәйіттік донор өте тапшы. Ал дәрігердің пікірінше, бұл мәселені шешудің бір-ақ жолы – мақұлдау презумция­сын қабылдау. Яғни туыстардың рұқсатынсыз бас миы семіп қайтыс болған адам­дардың ішкі сау ағзаларын алып, оған мұқтаж науқастарға салу. Ол үшін заңға тиісті түзетулер енгізілу керек. Егер мәйіттік донорлыққа кедергі келтіріп тұрған қолданыстағы заң­дағы бап алынып тас­талса, онда миы істен шыққан, өлім аузын­да­ғы адамның ішкі ағзалары туыс­та­рының рұқсатынсыз алынады. Тек бұған қарсы тұратын бір-ақ нәрсе – сол мәйіттік донорлыққа жа­та­тын адамның тірі кезінде өзінің ағзаларын трансплантацияға пайда­ла­нуға келіс­пейтіні туралы қол қой­ған құжаты ғана донорлыққа кедер­гі бола алады. Басқа кезде жол-көлік оқиғасынан, ауыр бас ми жара­қа­тынан немесе инсульттан миы қыз­метін тоқтатқан барлық науқас мақұлдау презумциясы бойынша ішкі ағзалары трансплантация үшін алынады. Бұл жағдай егер жоғарыда аталған туыстардың рұқсаты керек деген заңдағы арнайы бап алынып тас­талса ғана мүмкін болмақ. Осы ретте дәрігер-хирург мәйіттік донор дүние жүзінің барлық елінде дамы­ғанын айтады. Сондықтан еліміз де осыған көшу керек дейді. Оның айтуынша, бұл бірінші кезекте жылдар бойы донор күткен ағзаға мұқтаж науқастар үшін керек болып тұр. Сондай-ақ маман мәйіттік донорға рұқсат берілсе, заңсыз трансплантоло­гия белең алып кетеді деген әңгіменің негізі жоқ екенін баяндады.

«Ағза алмастыру – өте күрделі операция. Бұл көліктің бөлшегі сияқты ауыстыра салатын іс емес. Операцияға дейін қаншама медициналық талдау мен зертханалық анық­та­ма жүргізіледі. Оның бергі жа­ғында неше­ме заңдық рәсімдер мен құжат­тық толтырулар жатыр. Бәрі де айна­да­ғыдай көрініп тұрады. Мұндай күр­делі операцияларды сол үшін де жасырып қалу мүмкін емес. Оның үстіне елдегі заң органдары мен прокуратура бұл саланы қатаң түр­де бақылауға алатыны белгілі. Жал­пы, мәйіттік донор әлемде жақсы дамы­ған­дықтан, оның жүзеге асу тетіктері мен жолдары, тәжірибесі әбден пісіп-жетіл­ген. Сол себепті одан қорқудың еш қажеті жоқ», деді С.Байтеміров.

 

ШЫМКЕНТ