Төрелік айтатын сот билігіне де жақсы жағдай керек. Ал оларға бүгінгі заманның бар игілігін көрсетіп отырған – сот әкімшілігі. Ендеше осы құрылымның өзінің қызметі мен міндеті қандай? Осы сұрақтар төңірегінде Сот әкімшілігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Берік МЕЙІРХАНОВПЕН арнайы сұхбаттасқан едік.
– Берік Талғарбекұлы, былтыр «Еgemen Qazaqstan» газетінде «IACA Сот әкімшілігінің Қазақстан моделіне жоғары баға берді» деген ақпарат шыққан еді. Осы ретте, жергілікті Сот әкімшілігінің бұл іске қосқан үлесі қандай?
– Өткен қаңтар айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі құрылған соң Шымкент қаласында оның аумақтық департаменті пайда болды. Бұл шын мәнінде еліміздің сот жүйесі үшін зор жетістік болғаны анық. Былтыр бұл жөнінде Халықаралық Сот әкімшілігі қауымдастығының президенті (IACA) доктор Луис Пальма мұның жақсы жақтарын айтып, оң бағаcын берген болатын.
Содан бергі бір жарым жылда Жоғарғы сот пен Сот әкімшілігі басшылығымен аумақтық департамент тарапынан қыруар жұмыс атқарылды. Департаментке жүктелетін міндет арта түсті. Мысалы, сот практикасы бойынша талдау жүргізіп, проблемалық мәселелерді анықтап, оларға қатысты ұсыныстар әзірлеу бізге тапсырылды. Осы бағытта департамент оннан астам талдау ісін атқарды. Сонымен қатар тұтынушыларға арналған сот қызметтерінің сервистерін дамыту, сот төрелігіне қолжетімділікті жеңілдету, оны цифрландыру мен роботтандыру, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мен халықпен кері байланысты арттыру бағытында да ілкімді істер баршылық. Айта кеткен жөн, Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров былтыр Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығы президентінің (IACA) орынбасары атанды.
– Шымкент қаласында жаңадан құрылған Әкімшілік және ауданаралық Азаматтық, Қылмыстық соттардың ғимараттары мен материалдық-техникалық мәселелерін қалай шештіңіздер? Сот залдары қажетті құрылғылармен жабдықталды ма? Сотқа келген азаматтарға ыңғайлы жағдай қарастырылған ба?
– Жаңадан құрылған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық Әкімшілік сотына біз 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін ішкі мүмкіншілік есебінен қаладағы Тыныбаев көшесі, №42 мекенжайдағы Мамандандырылған соттың ғимаратынан орын тауып бердік. Ғимарат өте жайлы. Судьялар мен сот мамандарын сол жерге жайғастырдық. Әкімшілік соттың материалдық-техникалық мәселелері де сол тұстағы Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшыларының қолдауымен толық шешілген болатын. Сот залдарына арналған аудиобейне жазба, өрт дабылы, бейнебақылау құрылғылары сатып алынды. Сонымен қатар сотқа келушілерге де алдын ала фронт-кеңсесі дайындалды. Орындықтар қойып, анықтама беретін орын қарастырдық. Ұйымшылдықпен атқарылған жұмыстың нәтижесінде Әкімшілік сот өз жұмысын 1 шілдеде бастады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 15 мамырдағы Жарлығын орындау барысында бізге Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандық соттарын біріктіру, бөлу, әрі қарай мегаполисте азаматтық, қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттарын орналастыру оңайға түскен жоқ. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьялары мен кеңсесін жоғарыда аталған Тыныбаев көшесіндегі ғимаратқа көшірдік. Ал ондағы мамандандырылған ауданаралық Әкімшілік соты мен Экономикалық сотын бұрынғы Әл-Фараби аудандық сотының Майлықожа көшесіндегі ғимаратына ауыстырдық. Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотын Желтоқсан көшесіндегі №1 мекенжай мен Ш.Қалдаяқов көшесіндегі №7А ғимаратына жайғастырдық. Сондай-ақ мамандандырылған Тергеу сотын Тыныбаев көшесіндегі орынға әкеліп орналастырдық.
Сонымен қатар жаңадан құрылған Азаматтық, Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттардың материалдық-техникалық мәселелерін де жедел түрде шешіп, барлық сот залдарын қажетті құрылғылармен жабдықтадық. Соның нәтижесінде, жоғарыда аталған аудандық және мамандандырылған соттар бір күннің ішінде көшіп, жаңа орындарына отырды. Барлық сот өздерінің жұмыстарын тоқтатпай, жалғастырғанына адвокаттар мен прокурорлар, сотқа қатысушылар ризашылық білдірді.
Осы орайда айтпағым, Азаматтық және Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық екі соттың жаңадан құрылуына байланысты біз, қалалық соттың «Ақпарат орталығында» арнайы брифинг өткіздік. Оған департамент басшысы ретінде мен және қалалық соттың БАҚ-пен өзара іс-қимылды үйлестіруші судьялары Виталий Мирошников, Самат Мырзахметов қатысты.
– Бүгінде елімізде қарқынды жүргізіліп жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен Ақпараттық технологиялар бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде не айтасыз?
– Ел Президентінің тапсырмасымен 2019 жылы қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бес жылдан бері сот жүйесінде ойдағыдай жүзеге асып келеді. Шымқала тұрғындары да электронды сот төрелігінің игілігін көріп отыр.
Бұған дәлел ретінде, қала соттарындағы ақпараттық технологиялар көрсеткішіне тоқталсақ, қазіргі кезде қала соттарындағы барлық 63 сот залы толық АБЖ яғни, аудиобейнежазбамен электронды істерді қарайтын 40 сот залы арнайы құрылғымен жабдықталған. Өткен жылы тіркеу жүйелерін жаңғырту шеңберінде 28 аудиобейнежазба құрылғысы сот отырыс залдарына орнатылды. Электрондық талап-арыздарға тоқталсақ, статистика бойынша ауданаралық және мамандандырылған соттарға биыл 6 айда – 20 215 талап қою арызы түссе, соның 18 431-і немесе 91% электронды форматта болды. 6 айдағы сотқа түскен электронды форматтағы талап қою арыздары өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16% өскен. 6 айда жергілікті соттарда электронды форматта 14 136 іс қаралды, бұл аяқталған істердің 88%-ын құрайды. Былтырғы 6 айда 8 031 іс электронды форматта қаралған. Демек биылғы өсім 16%-ға артты.
– Департамент пен жергілікті Соттар әкімшілерінің жалпы жұмыстарына тоқталып өтсеңіз.
– Судья мен сот қызметкері – сот саласының тірегі, бөлінбейтін бөлшегі секілді егіз ұғым. Департамент тарапынан ең алдымен сотқа келушілер үшін қолайлы жағдай жасалған. Департамент пен соттар әкімшісі басшыларының тарапынан сотқа келген азаматтармен әрдайым түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Арыз-шағымдардың уақтылы орындалуы кеңсе тарапынан бақылауға алынып, есеп жүргізіледі. Сонымен қатар интернеттің әлеуметтік желідегі «Шымкент соттары» парақшаларында соттардың күнделікті жұмысына қатысты мақалалар мен посттар, бейнероликтер тұрақты түрде жарияланып тұрады. Кадр қызметіне қатысты айтсақ, бүгінгі таңда департаментте 211 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, 7 қызметшінің орны бос тұр. Персоналды басқару бөлімі биылғы сот әкімшілерінің тұрақты және уақытша бос лауазымдарына мемлекеттік қызметшілер арасында 7 ішкі конкурс өткізіп, 18 маман тағайындалды. Жоғары оқу орнын бітіруші түлектер мен мемлекеттік қызметшілердің арасында биыл 5 конкурс ұйымдастырылып, 27 кандидат іріктеліп алынды. Ауысу тәртібімен орналасу қағидасына сәйкес, жыл басынан бері сот әкімшілеріне 9 маман жаңа қызметке келді. Мемлекеттік қызметшінің еткен еңбегіне қарай өсу мүмкіндігі назарға алынып, биыл 12 мемлекеттік қызметшінің меритократия қағидатымен лауазымдары жоғарылады. Шымкент қалалық соты төрағасының, департамент, ішкі қауіпсіздік бөлімі басшыларының төрағалығымен сыбайлас жемқорлық көріністіріне жол бермеу мақсатында қалалық, ауданаралық, мамандандырылған соттардың судьялары мен сот қызметкерлері арасында 20 семинар-кеңес өткізілді. Сот ғимараттарына кіріп-шығу барысында туындаған кейбір даулы мәселелер департамент басшысының төрағалығымен, адвокаттар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте талқыланды. Орталықтандырылған архив жасалып, жергілікті соттардың мұрағаттық құжаттары сақтауға қойылды.
Жақында қалалық сотта «Сот жүйесіндегі соңғы жылдардағы жаңашылдықтар туралы» үкіметтік емес ұйым өкілдеріне, адвокаттар мен медиаторларға арналған «Ашық есік күні» өткізілді.
Алдағы уақытта да департамент атқаратын шаруалар аз емес. «Соттың беделін біліктілігі айқындайды», демекші, қиын да жауапты жұмыста абырой биігінен түспей, әрқашанда халыққа қызмет етіп, олардың алғысы мен ілтипатына бөленіп жүру – парызымыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Әнуар ЖҰМАШБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»