Шымкентте Rixos Khadisha қонақүйінде V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына арналған көкпар спортынан төрешілік білімін меңгеру бойынша халықаралық тренинг өтті.
Іс-шараны ұйымдастырушы – Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы, Қазақстанның «Ұлттық спорт қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, еліміздің «Көкпар» федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі. Халықаралық семинарға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Мажарстан, Грузия, Пәкістан мемлекеттерінен 35 төреші қатысты. Ауғанстан, Мажарстан, Түркия, Грузия елдерінің төрешілері семинарға онлайн қосылды. Тренингте
V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев, Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының вице-президенті Еркін Абзалов, Қазақстан ұлттық және ат спорты орталығы директорының орынбасары Қарлығаш Рамазанова, лектор Намазбай Әбдіқұлов баяндама жасады. Семинарға V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының көкпардан бас төрешісі Ғани Ахметбаев модераторлық жасады.
Бас төреші көкпар ойындарына әзірлік пен ерекшеліктері туралы айтып берді. Соларды рет-ретімен баяндасақ, мәселен, көкпар ойыны – ұйымдастырушылықты талап ететін спорт. Сондықтан бұған тыңғылықты дайындалу керек. Осы ретте аттарды шекарадан өткізу әжептәуір мәселе болып тұр. Оның шешімі – Қырғызстан командасы ғана аттарын өздерімен бірге алып келсе, басқа командаларға көкпар жылқыларын осындағы жігіттер өздері дайындап береді. Дүниежүзілік талап бойынша көкпаршылар серкенің орнына муляж, яғни жасанды серкені тартады. Көкпар жарысына қатысуға 11 мемлекеттен өтініш келіп түскен. Жалпы,
V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында спорттың 21 түрі бойынша спортшылар жарысады. Тағы бір ерекшелігі, бұл сайыста камералары бар дрондар қолданылады. Олар шабандоздардың қасында ұшып жүріп, әрбір қимылды бейнеге түсіріп отырады. Кейбір тартысты, күмән тудырған жағдайлар бола қалса, төрешілер бейнені қайталап көреді. Сондай-ақ дрон көмегімен ойындардағы ең әсерлі, әдемі сәттер баяу режімде көрермендерге қайталап көрсетіледі. Спорттағы заманауи технология, арнайы эффектілер осылайша тұңғыш рет көкпар ойындарында да қолданылады.
Басында дүниежүзілік ойындарда 20 спорт түрі еді. Оған қырғыздардың өтінішімен көкбөрі этноспорты 21-інші болып енгізілді. Сонда алдағы ойындарда бұл ат спортының екі түрінен жарыс өтеді. Бірі – қазақша көкпар, екіншісі – қырғыздардың көкбөрісі. Екеуінде де біршама ерекшелік бар екенін айтты бас төреші. Мәселен, қазақтың көкпарында серке шеңберге тасталады. Қырғыздарда қазандыққа салынады. Сондай-ақ жетекке алу, қамшы басу секілді ережелер қазақ көкпарында жоқ. Дегенмен ертеңгі жарыста көкпар мен көкбөрінің шабандоздары ұзындығы мен ені жағынан ауданы бірдей алаңда жарысқа түседі. Себебі қазақ пен қырғыздың серке тарту ойынында алаңдардың да айырмашылықтары бар екен. Қазақтың көкпаршылары бұл ат спортының екеуіне де қатысады. Қазір еліміздің көкпардан құрама командасы Алматы жерінде дайындық жаттығуларын жасап жүр. Олардың ішінде Түркістан облысынан Нышанбай Абылай, Дәулет Айтанов секілді мықты шабандоздар бар. Оңтүстіктің он шақты оғланы қазір ұлттық құрама құрамында жаттығып жатыр. Көкпар ойындарындағы басты фавориттер – Қазақстан мен Қырғызстан командалары. Қазақстан құрамасының басты қарсыласы да – қырғыздың көкпаршылары.
Дүниежүзілік көшпелілер ойынына қатысуға өтінімді қабылдау 11 шілдеде тоқтатылды. 90-нан аса ел спортшыларын жіберуге келісім берген. Енді алдағы ойындарға 3 мыңнан аса спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Бұл туралы V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев баяндап берді. Оның айтуынша, бүгінгі семинарда ұйымдастырушылар қазақша көкпардың ережелерін 35 елден келген төрешілерге түсіндіреді. Түске дейін теориялық түрде дәріс өтсе, түстен кейін тәжірибе жүзінде көрсетіледі. Әрбір спорт федерациясы енді осыған ұқсас семинар-тренингтер өткізеді. Мәселен, бұл семинарда көкпардың негізгі ережелері айтылды. Қазақы көкпарда атты алыстан орағыта шауып кеп, соғып кетуге болмайды. Осы секілді түрлі ереже-талап төрешілерге жан-жақты баяндалды.
Көкпарға бас-аяғы 12 команда қатысады деген үміт бар. Жоғарыда айтқанымыздай Қазақстан мен Қырғызстан командаларынан бөлек барлық елдің көкпаршылары атпен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, аттың ер-тұрманы, әбзелдерінен де ешқандай мәселе туындамайды. Көкпаршылар киетін киімдер де дайын. Егер командалар онға жетсе, олимпиадалық әдіспен, оған жетпей 5-6 команда болып қалса, айналма тәсілімен жарысқа түсіп, жеңімпаздар анықталады.
Осы Дүниежүзілік көшпелілер жарысында Қазақстан атынан 274 адам делегация ретінде қатысады. Оған спортшылар да, төрешілер де, спорттың басы-қасындағы ұйымдастырушы азаматтар да кіреді.
Бұл жарыста Қазақстан командалық есепте бірінші орын алатын шығар деген үміт басым дейді М.Қыпшақбаев. Түркияда өткен алдындағы сайыста командалық орындар есептелмегенімен, көкпардан, садақ атудан, қазақша күрестен қазақ спортшылары алтын жүлде жеңіп алған екен. Сол жетістік осы жолы тағы да қайталанса деген тілек бәрімізде бар.
Ақпарат үшін біле жүрген абзал, жалпы, дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу идеясы ең бірінші қырғыз ағайындардан шықты. Осыған байланысты араға екі жыл салып өтетін ойындардың үшеуі де Қырғызстанның Шолпан-ата жерінде ұйымдастырылды. Ең алғашқы дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жалауы 2014 жылы желбіреді. Содан кейін төртінші ойын Түркия жерінде өтсе, енді, міне, бесінші мәрте көшпелі халықтардың спортшылары қазақ елінде жарысқалы жатыр.
Көшпелілер ойындарының ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Себебі оған тек түркі, көшпелі болған елдер ғана емес, тарихында отырықшы саналған мемлекеттер де қатысуға ниет танытып отыр. Бұл бірұлттық, яки этноспорттың жазғы дүниежүзілік олимпиадасы іспетті. Негізінде о баста көзделген мақсатта да сондай болған екен: көшпелілер ойындарын әлемдік жазғы олимпиаданың ұлттық спорт бойынша баламасына айналдыру. Ұйымдастырушылар көшпелілер ойындарын сол дәрежеге жеткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.
ШЫМКЕНТ