Жас өнерпаз Сағадат Омарғазин Аустрияның Санкт-Пельтен қаласында өткен XIX Халықаралық скрипкашылар байқауынан жеңіспен оралды.
Ол – Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушысы. Кішкентайынан скрипкаға әуес. Оның айтуынша, Астанада өткен өнер сайысында Аустриядан келген профессор Гернот Винишхофер Сағадаттың талантын байқап, Санкт-Пельтендегі байқауға шақырған. Сол жарыста қазақ баласының Бетховен мен Моцарттың шығармаларын шырайына келтіріп орындағанын көрген шетелдік шеберлер оның өнерін жоғары бағалапты.
«Мен осы жолда көп еңбектендім. Күніне 3-4 сағаттан дайындалдым. Бүгін еңбегімнің ақталғанына қатты қуаныштымын. Әрине, бұл жеңісті жолымның бастауы ғана. Болашақта бұдан да биік байқауларда ел мерейін асқақтатамын деген ойдамын», дейді С.Омарғазин.