Берілмеу, босаңсымау, барды салу – спорттың басты қағидасы. Жеңіліп тұрып, соңғы секундтарда жеңісті жұлып әкеткен сәттер спорт тарихында жетерлік.
Түркияда өткен балалардың халықаралық балуандар бәсекесінде Райымбек Қабыкен ұпай саны бойынша жеңіліп жатқан еді. Төрт минут сырғып өтіп, таблодан 10 секунд қалғанын көрсеткенде жанкүйердің көбі балуанымыз жеңілді-ау деп ойлағаны белгілі. Бірақ намысты ұл берілмеді. Керісінше жігерін жани түсті. Соңғы сегіз секунд қалғанда түркиялық қарсыласын жамбасқа алып ұрды. Осылайша, Райымбек әлемдік додада көк туымызды желбіретіп, ел мерейін асқақтатты.