• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 03 Тамыз, 2024

Жалғыз аяқ Әбікей...

100 рет
көрсетілді

Әбікей күйші дегенді естуіміз ғана бар-тын. Білмеймін әйтеуір Әбікей десе, жадымызда күйші деген сөз жаңғырады. Ғаламторды ақтарсаңыз, аз ғана мәлімет ұшырасады. Толымды ақпарат жоқ. Уикипедияда күйші екені, жалғыз күйі қалғаны туралы мәлімет бар. Қобызшылар туралы материалдарда Әбікей жөні біресе Исаұлы, біресе Тоқтамысұлы болып шығады.

Атақты қобызшы туралы жан-жақты болмаса да, бірсыпыра мә­ліметті біз жаңаарқалық ақсақал, ескі сөздің білгірі, марқұм Әліп Жайлыбайдың «Әліп әлемі» атты кітабынан кездестірдік. Оны жалпыға жарияламасақ, күнә болар дедік. Көкірегі көмбе Әліп ақсақал жазбасында Әбікей күйшінің өмірінен сыр шертіп қана қоймай, соңында қалған туындысының қауашағын жарып, өзегін ұсынғандай мынадай әңгіме өрбітеді. Бір қызығы, бұл кісі күйшінің есімін Әбікей демей, Әбекей деп жазыпты.

«Жаңаарқа, Нұра өңірінде Әбекейдің көзін көрген көне­көз­дер оның таңды таңға ұратын ірі күйші болғанын, қылқобызға талай әуезді әуендерді салып, күй толғағанын айтып отырушы еді:

– Әбекей мен есімді біліп, әң­гі­­мені толық түсінетін кезімде қай­тыс болды, – деп бастау­шы еді сөзін Құлжамбек ақсақал. Әбекей – Әлке қазының неме­ресі. Әл­кеден Иса, Мұса, Тоқтамыс туа­ды. Исадан Әбекей, Мұсадан Сыз­дық туады. Ал Тоқаңның бала­лары көп болды. Әбекең қар­тайғанда 1916 жылы ба­­ласы Қали, қызы Жібек, со­ңын­­да әйелі де қайтыс болып, Сыз­де­кең үйінде қалды. Бірде ауыл­ға Түркістаннан Мұсахан ишан келді. Әбекеңе көңіл айтуға бар­ғандағы әңгімелерін естіп отыр­дым. Әдеттегі көңіл айту ­мен Құран оқу біткен соң, Әбекең ­сөзге араласып:

– Я, ишан, сен келіп-кеткен­нен бері осындай-осындай оқиға­лар болып жатыр, Алланың ісі­не ризалық, өз бергенін өзі ала­­ды. Өзің білесің, қобызды бала­ма беріп, енді қолға алмауға ант етіп, Құдайға құлшылық етуге көшкен едім ғой. Мына тұрған қобыз – Ықыластың қобызы. Ықаң менің балаларыма қобыз дарымады, көгенді айналды­рар түрі бар, осы қобызды келесі ұрпаққа апаратын сен болар­сың, – деп менің балама берген еді ғой дегенде Ишан: – Сіз шерлі адамсыз, ертелі-кеш қобызды ермек етуіңізге болады, – деді. Сол жолы ишанның батасын алған Әбекең жан серігі қара қобызды қолға қайта алды.  

Арада біраз уақыт өтті. Бір күндері Әбекең жол жүретін болды. Атын ерттеп, жолсерігі бәрін дайындап болғанда, Сыздекең келіп: – Осы қартайғанда қайда барасың, далада өліп қаласың, ұят­қа қаламыз ғой, білгеніңді Көбжанға үйретіп үйде отыр­май­сың ба? – деді (Көбжан – Әбекейге туыс, ірі күйші болған адам). 

– Е-е-е, Сыздық-ау, Көбжанда әуен ұғатын құлақ болғанымен, қобызға келетін тұяқ жоқ. Егер иесін тауып мен ұстатып кетпесем, бақсының нар қобызы болмаса, саз қобыз бұл Арқада иесіз қалғалы тұрған жоқ па, – деді де атқа қонды.

Сол кеткеннен Әбекең Ақтау, Ортау, Ақой, Сарытау, Тоғыз­құдық, не керек, сонау Ертіс бо­йына дейін барып, белгілі ауыл­дарды аралап, қайтқанда Нұра бо­йындағы елді сүзіп өтіп, Құ­лан­өтпесті қуалай келіп, Қор­ғал­жыңдағы Әупіктің аулына түскенде, іздегені табылады. Ол шәкірт бала қазақтың бола­шақ үлкен қобызшысы Дәулет Мықтыбаев болатын. 

...Иә, Әбекең содан аулында бір жыл жатып, Дәулетке қо­быз үйретеді. Қобызды шәкірт бала меңгеріп, күйлерді өз беті­мен тартатын болған кезде Әбе­кең шәкіртіне жаңа бір күй үйре­тіпті. Дәулет осы күйді тартып үйренгенде: – Бұл күйдің аты «Жалғыз аяқ». Қобызды біздің заманымыздан келесі заманға жеткізетін сен жалғыз аяқ жол болдың, осы күйді саған арнадым, – деген екен.

Содан елге қайтар кез келген­де Әупік баласына қобыз үйреткен Әбекейге ат мінгізіп, алғысын ай­тып­ты», деп қайырады Әліп ақса­қал жазбасын.

Бұл жерде біз бір нәрсеге айрықша көңіл бөлуді жөн кө­ре­міз. Өнертанушыларға күйді зерттеушілерге құлаққағыс. Әбі­кей Дәулет Мықтыбаевқа ар­нап қалдырды деген «Жалғыз аяқ» күйін кейбір орындаушы­лар телеарналарға Ықылас Дүкен­ұлының күйі ретінде таратып, жаздырыпты. Ол жөнінде Дәулет Мықтыбаев не деді екен кезінде? Ол кісі «Жалғыз аяқты» таспаға кімнің күйі деп жазып қалдырғанын білу керек шығар мүмкін. Әлде әлгіндей атаулы күй Ықыласта да, Әбікейде де бар ма екен? Бұл алдағы уақыт­та күйтанушылар тоқталар тақы­рып деп білеміз.