• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Тамыз, 2024

«Көгілдір отын» – көптің арманы

173 рет
көрсетілді

Газдандыру мәселесіне келгенде алдымызда біршама міндет тұрғанын бұған дейін Мемлекет басшысы екшей түсіндірген еді. Олар – тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту, жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету, қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану, Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттарын газды қолжетімді бағамен ұсынуға икемдеу. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту ісі де кезек күттірмеуге тиіс. Аталған мәселе биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда қозғалып, Президент Үкіметке газ тартылған елді мекен санын барынша арттыру және 1 700 шақырым газ желісін жаңғырту туралы тапсырма берді.

Биылғы меже – 61,8%

Энергетика министрлігі мәліметі бойынша былтыр елімізде шикі газ өндірісі 59,1 млрд текше метр болған. 29,8 млрд текше метр тауарлық газ өндіріліп, 5,6 млрд текше метрі (18,8%) экспортталды. Биылғы бірінші жартыжылдықта шикі газ өндірісі 30,1 млрд текше метрді құраса, 14,9 млрд текше метр тауарлық газ өндіріліп, оның ішінде 2,7 млрд текше метрі сыртқа шығарылған.

Жалпы, өңірлердің газбен қамтылу көрсеткіші – әртүрлі. Тіпті мүлде газ тұтынбайтын облыс орталықтары бар. Министрлік былтырғы қорытынды бо­йынша елдегі газдандыру деңгейі  60% болғанын айтады. Бұл – 12 млн адам газ тұтынып отыр деген сөз. Төмендегі кес­теде әр облыстағы жекелей газ тұтыну көрсеткіші ұсынылған.

Министрлік биыл 107 жобаны (105-і былтырдан жалғасқан және 2 жаңа жоба) іске асыруға 89,3 млрд теңге бөлінгенін айтып отыр. Құрылыс 44 елді мекенде жүріп жатыр. Барлығы 232,6 мыңнан аса халыққа газ жеткізілмек. Жоба толық іске асса, «көгілдір отынмен» елді жабдықтау көрсеткіші 61,2% болады.

«Жыл соңына дейін 300 мыңнан аса адамды газбен қамтамасыз ету, 1 700 шақырым газ құбырларын жаңғырту үшін қосымша 105,4 млрд теңге бөлінді. Биыл 355 мыңнан аса халқы бар 128 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі, бұл газбен жабдықтау деңгейін 61,8% қамта­масыз етуге мүмкіндік береді», деген ведомство өз жауабында.

Сондай-ақ республиканың солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыруға қатысты министрлік екі нұсқа қарастырып отыр. Біріншісі – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру үшін «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының (МГҚ) ІІ-ІІІ кезеңдерін жүзеге асыру. Жоба құны – 188,5 млрд теңге. Алайда бұл жоба іске асу үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» МГҚ екінші желісін салу қажет. Бұған тиісті техника-экономикалық негіздеме де әзірленіп жатқанға ұқсайды.

Ал келесі нұсқа – көрші Ресей арқылы газдандыру жобасы. Қазір Үкімет және «Газпром» солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Ресей компаниясымен газдың бағасын және тартылатын құбырдың маршрутын анықтағаннан кейін түпкі­лікті шешім қабылданады.

Белгілі мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетовтің сөзінше, әу баста сол­түстік және шығыс өңірлерге құбыр тартуды «Сарыарқа» газ магистралі арқылы іске асыру көзделген.

«Бірнеше кезеңнен тұратын жобаның алғашқысы – газды Астанаға дейін жет­кізу. Қазір қалған кезеңдер бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бірақ бізде газ ресурсы жеткіліксіз. Мойындау керек. Құбыр бар, газ тапшы. Рас, жер астын­да газ қоры мол болғанмен, оны өңдеу жағы кемшін. Ал өңдеуге қа­жет­ті инфра­құрылым тарту, ұңғыма мен құбыр­лар орнатуға көп қаражат қажет. Сондық­тан өңірлерге газдың толық тартылмау мә­селесінің басты себебі осында жатыр. Екінші мәселе – «Сарыарқа» газ құ­бырына шикізат жетпеуіне қоса көрші Ресейдің бізге, Өзбекстанға, Қытайға өзінің газын жөнелтуі. Әрине, біздің нарық олар үшін үлкен болмас, бірақ олардың көп жылдан бері бағыттап жатқан Еуропа нарығы санкцияларға байланысты төмен түсті. Енді өз өнімін қалайда бір бағытқа жіберу үшін Ресейдің әрекет қылатыны анық. Олар былтыр газдың бір бөлігін жіберуге Өзбек­станмен келісті. Өйткені онда газ тұтыну көлемі жыл сайын ұлғайып барады. Сондай-ақ Қытайға бағыттауға біздің солтүс­тік өңірлерде газ құбырын тар­тып, сол арқылы Қазақстанның да кей­бір қажеттілігін өтеу сияқты өз стратегия­сы бар деп ойлаймын», дейді сарапшы.

 

Көмірден құтылуға көп уақыт керек пе?

Жоғарыда мүлде газ тартылмаған өңір­­лерді сөз еттік. Ал елдің бас қаласы Аста­­наға да «көгілдір отынның» толық жет­пегені анық. Иә, тұтыну көрсеткіші 15%-ға жетпейтін елордаға газ әу бастан Сыр бойын­дағы магистралдан тартылды. Құ­быр тарту құрылысы да қарқынды болған.

Министрліктің мәліметінше, Астана қаласын газдандыру 3 кезеңге бөлінген. 2021 жылы І және ІІ кезеңнің 2 іске қосу кешенінің құрылысы аяқталған. Соның нәтижесінде 200 мыңнан аса адам табиғи газға қолжеткізді. Сондай-ақ ЖЭО-ға тиесілі 16 қазандық газға ауыс­тырылған. Ал былтыр Астананы газдан­дырудың ІІ кезеңі толық бітті. «Оңтүстік-Шығыс», «Тұран», «Тельман» аудандық қазандықтарына және «Ильинка», «Тельман», «Пригородный», «Family Village», «Өндіріс», «Қараөткел» тұрғын үй алабына құбыр тартылды. Қазір «Family Village» және «Шұбар» бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ильинка», «Тельман», «Пригородный», «Өндіріс» аумағы бо­йын­ша жоба-сметалық құжаттамалары әзірленді. Сараптама қорытындысы жыл соңында белгілі болмақ.

«Ішкі және сыртқы нарықты қамту үшін газ кеніштерін көптеп ашқан дұрыс. Инвесторлар тартып, оларға дұрыс ұсыныс беру қажет. Екіншіден, елдің газ келмеген өңірлері орталық, солтүстік және шығыс аймақтар әу бастан көмір қоры мол болғандықтан, үлкен бірнеше ЖЭС салып, сол құрылымды пайдаланып келеді. Бірақ қазіргі көмірдің экологиялық тиімсіздігі туралы сөз көп. Сондықтан мемлекет келешекте осы аймақтарға да газ тарту қажеттілігін сезініп отыр. Бірақ «Сарыарқа» МГҚ арқылы тартайын десе газ ресурсы тапшы, ал Ресейден келетін газдың бағасы арзан емес. Сондықтан бізге жан-жақты талданған, нақты стратегия қажет», дейді А.Нарымбетов.

Айтпақшы, биыл Астананы газбен қамту­дың ІІІ кезеңін бастауға республи­ка­лық бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Жобада қуаты сағатына 350 мың текше метр болатын үшінші газ тарату стан­са­сын салу көзделген. Сондай-ақ биыл экономикалық өсімді қамтып, Үкімет­тің іс-шаралар жоспарын орындауда елорданы газдандырудың ІІІ кезеңін жалғас­тыруға, «Шұбар» тұрғын үй ала­бына «көгілдір отын» жеткізуге 10,2 млрд теңге бөлу жоспарланған. Қазір осы жұмыстар бойынша конкурстық рәсімдерді өткізуге дайындық басталды.