Жуықта британдық беделді ғылыми-публицистикалық журнал «Nature» мен ағылшын тілінде ақпарат тарататын «Mail online» атты медиақауымдастық Индонезия елінің Сулавеси аралында орналасқан Леанг Карампунг үңгірінен 51 200 жыл бұрын салынған жартас суреті (петроглиф) табылғаны хақында тың жаңалық жариялады.
Жәдігерге маңыз берген халықаралық зерттеуші мамандардың пайымына үңілсек, үңгір қабырғасындағы тасқа бәдізделген бейнеде жабайы доңыз және үш адамның сұлбасы бары анықталған. Осындағы сұлба-суреттің ұзындығы 4,5 метр екен. Жоғарыдағы «Nature» басылымының жазуына қарағанда, аталған тастағы бейне алғаш 2017 жылы табылып, соңғы жеті жыл бойы ғалымдар оның жасын анықтаумен айналысқан екен.
Нәтижесінде, олар тасқа басылған сұлба-суретті бойлай өнген әктас қабатын қырнап алып, оны лазерлік тәсілмен ыдырату арқылы бөлшектелген элементтердің молекулалық жасын анықтаған көрінеді. Сөйтіп, суреттің салынған уақыты бұдан 512 ғасыр бұрын екені анықталған.
Бұдан бұрын археологтер тағы да осы аралдың Леанг Булу Сипонг үңгірінен шамамен 45 500 жылдың алдында салынған суретті тапқан еді.
Қысқасы, Сулавеси аралынан табылған көне дүниелер әлем археологтерінің назарын аударып отыр. Аустралия университетінің профессоры, атақты археолог Адам Бримм «Аталған петроглифте бейнеленген фигураларға нақты тұжырым айту қиын. Бұл бейнелер үйлесімі жағынан адам баласының эволюциялық дамуының бір бөлігі екені анық. Мұндағы композицияда аңшылық көрініс немесе териантроптардың өмір салты бейнеленуі мүмкін» деген пайым айтыпты.