Дзюдодан Париж Олимпиадасының алтынын тағынған Елдос Сметовті туған жері сән-салтанатпен күтіп алып, чемпионға құрмет көрсетті, деп жазады Egemen.kz.
Жамбыл облысы Елдос Сметовтың Парижден басты жүлдемен келуіне орай «Тараз» орталық стадионында гала-концерт ұйымдастырды. Спорт шеберін ыстық ықыласпен қарсы алуға 15 мың тұрғын жиналған.
Іс-шарада Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Елдос Сметов пен оның жаттықтырушысын Олимп шыңын бағындыруымен құттықтап, Тараз қаласынан 5 бөлмелі пәтер (пентхаус) және соңғы үлгідегі (Lexus 600) автокөліктің кілтін табыстады. Спорт саңлағының жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке 2 бөлмелі пәтер мен автокөліктің (Hyundai Santa Fe) кілті берілді. Әкімдік бағалы сыйлықтар демеушілер есебінен берілгенін де құлаққағыс еткен.
«Олимпиада ойындарында елімнің көк байрағын көкке көтеріп, әнұранымызды шырқату менің бала кезден бергі арманым болатын. Сол мақсатқа жету жолында аянбай тер төктім. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың тілегін орындағаныма өте қуаныштымын. Барша жанкүйерлеріме ерекше алғыс айтқым келеді. Қолдауларыңызды сезіндім. Жерлестеріме көп рақмет», деді Париж Олимпиадасының алтын медаль иегері Елдос Сметов.
Ғалымжан Жылгелдиев те жылдар бойы төккен тердің ақталғанын ерекше атап өтті.
Гала-концерт соңы елімізге танымал эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы мен отшашуға ұласқан.