• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Еңбек 08 Тамыз, 2024

Көкөніс сатып, көңіл күй сыйлайды

138 рет
көрсетілді

Саудада салтанат бар. Тұтынушының тілін таба білсеңіз, шаруа шешімін тапты дей беріңіз. Мұны жас саудагер Әли Мұхаммедке қарата айтсақ әбден болғандай. Әлеуметтік желі жұлдызына айналған кәсіпкер жеміс-жидек пен көкөністің бәрін өлеңдетіп ­таныстырады.

Әли Мұхаммед түрлі ролик түсіріп, арнайы блог жүргізеді. Көкөніс дүкені туралы түрлі контент әзірлеп, елді еліктіріп әкетеді. Әлидің ерекшелігі сол – сауда-саттық кезінде адамның тәбетін ашатын өлеңдерді лезде құрап, айтып береді. Жетісулық азаматтың жігерлі ісіне сүйсінбеу мүмкін емес. Тіпті, талдықорғандықтар Әлиді арнайы іздеп орталыққа барады. Базарда жоқ болса, күтуге әзір. Оның сатқан өнімі облыс орталығының ең дәмді тауарларының бірі. Маңайындағы саудагерлер де жас кәсіпкердің жарнамасына тәуелді. Бағасына келіссе, әріптестерінің де қолын қақпайды.

«Осыдан он жыл бұрын келіншегім екеуіміз шағын сауда дүкенін ашып, осы салаға бет бұрдық. Міне, содан бері жеміс-жидек сатып келе жатырмыз. Ал әлеуметтік желіге шыққаныма бір жыл ғана болды. Оның өзі де қызық оқиға. Жақын досым Хафиз ұялы телефонына түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберді. Содан таралым үдеп, тұтынушылар саны арта түсті. Осылайша, мұны әрі қарай дамытайын деген ой келді. Қоғам жақсы қабылдады. Күннің ыстығына қарамай, менің өлеңдерімді тыңдап тұрады», дейді Ә.Мұхаммед.

Өңірдегі апа-аталар базарға арнайы келіп, Әлидің өлеңдеріне құлақ түреді екен. Өнерін тамашалау үшін басқа қаладан ат арытып жететіндер де қаншама. Олар саудагермен суретке түсуге ынтық.

Айттық қой, алды қашан көрсең қарбалас. Ондайда кейіпкеріміз:

«Жақсы көрем, әпкем менен жездемді,

Үйге бүгін жеміс алар кез келді.

Әли жаққа бүгін келе беріңіз,

Ол бағасын түсірем деп сөз берді» деп өлең құрап жібереді.

«Екі балам – бір ұл, бір қызым бар. Екі балдырғанымның болашағы үшін тынбай еңбек етуге әзірмін. Содан ба үнемі ойыма креативті идеялар келеді. Оны бірден іске асырамасаңыз, саудаға алданып кетесіз. Содан ойдағы дүнием іске аспай қалады. Белгілі бір уақытты таңдамаймын, жұмыс арасында қолым қалт босағанда бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік парақшама саламын», дейді жас саудагер.

Бүгінде кейіпкеріміздің «Instagram»-дағы парақшасында 124 мың жазылушы бар. Оған қосымша «YouTube» және «Tik Tok» парақшаларына да қызықты контент түсіріп тұрады. Блогер ретінде Талдықорған қаласындағы әртүрлі сауда нүктелерін, дүкендер мен брендтерді жарнамалайды. Ерінбей жасаған еңбектің нәтижесінде облыс орталығындағы «Көкбазар» базарынан жеке көкөніс дүкенін де ашқан.

«Сатушының жұмысы оңай емес. Жұмыс таңертең ерте басталып, кешке дейін жалғасуы мүмкін. Сауда ұқыптылықты, шыдамдылықты, физикалық күш пен адамдармен қарым-қатынаста үлкен тәжірибені талап етеді. Күн сайын бізге әртүрлі адам келеді. Әрбір сатып алушыға өзіндік көзқарас қажет. Бұл да біздің тарапымыздан орасан зор еңбек дер едім. Бірақ маған осы жұмысым ерекше ұнайды», дейді өзі.

Тұтынушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап жүрген жас саудагер болашақта үлкен сауда үйін ашуға ниетті. Оның айтуынша, барлық қызығушылық тұтынушының эмоция­сында жатыр.

«Қазір адамдарға аздап назар жетіспейді. Бір-бірімізге сәл де болса көңіл бөлсек, дүниеде зұлымдық аз болар еді. Әрекетім адамдарға жақсы көңіл күй сыйлап, жан сарайын сергітіп жатса, менің де жаным жай табады», дейді Әли.

Заң саласында білім алған жас жігіттің қарекетіне қайран қаласыз. Құдды жанып тұрған от секілді. Тұтынушының назарын бірден өзіне тартып алады. Ал сауда да біреудің назарын өзіне қарата білу – үлкен жетістікпен пара-пар.

 

Жетісу облысы