• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 08 Тамыз, 2024

Абай Баймағамбетов: Айкуне – сынықшы кәсібін толықтыратын жаттығу

247 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елінде танымал болып үлгерген Айкуне жаттығуларының тарихы біздің жерімізден, нақтырақ айтқанда, Керекуден бастау алады. 90-жылдардың соңында оны павлодарлық Абай Баймағамбетов ойлап тапқан. Бірақ өз елімізден қолдау таппаған соң, көрші Ресейге барып, алғашқы «Айкуне» орталықтарын сол елде ашады. Біз жуырда елордаға ат басын бұрған танымал жерлесімізді әңгімеге тартып, «қазақ гимнастикасы» деп айдар тағылып жүрген төл туындысының қыр-сырын сұрап білдік.

– Абай Ақатұлы, біреулер Айкунені «қазақтың йогасы» дейді, біреулер «гимнастика» дейді. Ең алдымен осының ақ-қарасын ажыратып беріңізші.

– Айкуненің түріктік негізі бар деп ойлаймын. Қазір көп­теген халық өкілі йогаға өзіндік ұлттық ерекшеліктерін қосады да, «орыс йогасы», «неміс йогасы», «жапон йогасы» деп түрлендіріп жүр. Бірақ бәрінің түбі – үнділік йога. Ал Айкуне шығу төркіні жағынан йогадан бастау алмайды. Кей журналистер оны қателесіп солай атайтынын байқаймын. Шын мәнінде, бұл – қате тұжырым.

– Яғни Айкуне – гимнастика ғой?

– Бұны 20 мыңнан астам жат­тығудан тұратын ілім десек те болады. Оның үш бағыты бар: біріншісі – дене жаттығулары, екіншісі – тренингтер, үшіншісі – қолмен емдеу, яғни мануалды терапия.

– Айкуне қалай өмірге келді? Оның атауы нені білдіреді?

– Мен Айкуненің түріктік негізі бар деп ойлаймын. Оның түбіріне талай сөзді туындатуға болады. Мен өзім – жеті атамнан бері сынық­шы әулеттің ұрпағымын. Әкем де, аталарым да өз заманында адам емдеген. Менде де бұл қасиет бар. 80-жылдары ауған соғысына қатысып келгенде денсаулығым сыр берді. Содан дәстүрлі медицинадан ем таппаған соң, бабадан берілген сынықшылық қасиетім арқасында өзін­дік дене жаттығула­рын ойлап таптым. Оны өзім ғана жасамай, Пав­лодарда алғашқы шә­кірттеріме де үй­реттім. Сол кез­де олар бұл жаттығу­лардың атауы қан­дай екенін сұрағанда, бая­ғыдан ойымда жүрген «Айт көне» сөзі тілімнің ұшына келе қалды. Кейін «т» әрпі түсіп, «Айкөне» деп атай бастадым.

2006 жылы «Айкөне» сауда белгісін алу барысында оның ағылшынша «icon» (айкон) сөзі­мен ұқсастығына, яғни бір әріп қана айырмашылығына байланысты өткізбеуі мүмкін деген ескерту айтылды. Содан мен «о»-ның орнына «у» әрпін жазып, сауда белгісін алдым. Осылайша, «Айкуне» атты жаңа сөз туындады. Бірақ екінші жағынан оның «ай» мен «күннен» құралған екін­ші мағынасы да пайда бола кетті.

Жоғарыда айтқанымдай, бұл гимнас­ти­ка­лық жаттығулар­ды мен өзімнің сы­нық­­­шылық тәжірибем арқылы өмір­ге әкел­дім. Пациентпен жұмыс істеу кезінде оның ауырған жерін қолмен ұстау арқылы қандай жаттығу пайдалы екенін алдын ала көремін. Яғни өз қолым маған нені қалай жасау керегін үйретті. Сондықтан айкунені ата-бабамнан бері жалғасқан қазақ сынықшылық мектебінің туындысы десем болады. 

– Менің естуімше, сіз ал­ғашқыда өз елімізде патент ал­ғыңыз келген. Бірақ қолдау тап­паған соң, Ресейге кеткен екенсіз. Осы туралы айтып берсеңіз?

– Айкуне 1998 жылы қыркү­йек айын­да өмірге келген соң, алдымен Пав­ло­дардағы облыс­тық денсаулық бас­қар­масына, кейін елордамызға барып, Денсау­лық сақтау министрлігіне аш­қан жаңалығымды патенттеу туралы жүгінген едім. Бірақ олар қолдау танытпады. Тіпті денсаулық сақтау министрінің орынбасары, профессор Даме­нов бұл жаңалықты мойындау ­үшін өзіме медицина саласын­дағы ғылым кандидаты не ғылым докторының бірін бірлескен автор қылып алуды ұсынды. Бұл менің шамыма тиді. Шын мәнінде, профессордың «Егер авторлардың бірі дәрігер болмаса, медицина саласында патент алу мүмкін емес» деген сөзі жалған екеніне кейін көзім жетті.

Осыдан кейін мен Ресейге тартып отыр­дым. Новосі­бір медици­на инсти­тутының академигі, Ресей денсаулық сақ­тау министрі­нің орынбасары Влаиль Казна­чеев­ке кіріп, өзімнің идеям­ды айтқан­да, ол менің жаңалығымның мә­нін бірден түсінді де, аурухана­ның екі бөлімшесінен дәрігерлер мен пациенттерді беріп, бірне­ше күн тәжірибе өткізді. Соның нәтижесін көрген соң, өзінің пікі­рін жазып берді. Осылайша, 1998 жылы Ресейдің Жалпы патология ғылыми зерттеу институтында, кейін 2005 жылы Санкт-Петербор мемлекеттік педиатрлық медицина академиясында тәжіри­бе жасалып, екі рет патент алдым. 2005 жылы Санкт-Петербор қаласының Денсаулық сақтау ко­митеті Айкуне жаттығуын емдік денешынықтыру әдісі ретінде бекітті.

Ең алдымен Санкт-Петерборда 4 клиника ашып, кейін Ресейдің Набережные Челны, Мәскеу, Омбы қалаларында да өз орта­лықтарым жұмысын бастады. Қа­зір­гі таңда Ресейдің жиырмадан астам, Қа­зақ­станның он бес өңірінде «Айкуне» орталықтары бар. Сонымен қатар Әзер­бай­жан, БАӘ, Түркия, Украина, Бела­русь, Финляндия, Франция елдерінде де орта­лықтарымыз жұмыс істеп жатыр.

– Айкуне жаттығуларының денсау­лыққа пайдасы қандай?

– Ең басты пайдасы – адамның барлық тірек-қимыл аппара­тын қалпына келтіруге көмекте­седі. Атап айтқанда, омыртқа­ны, жоғарғы, төменгі буындар­ды түзейді. Сәйкесінше тірек-қимыл аппаратының бұзылуына байланысты туындайтын жарық (грыжа), протрузия, сколиоз, остео­хондроз секілді көптеген ауруды емдейді. Біздің омыртқа­мыз ағзамыздың негізгі тірегі екенін білеміз, ол қисайып, майы­сып, жұмысы бұзылатын болса, басқа да органдарға өзі­нің зардабын тигізеді. Айкуне жаттығулары арқылы омыртқадан бастап басқа да сүйек буындары қалпына келіп, жалпы дененің сауығуына ықпал етеді.

Одан бөлек, тағы бір маңызды пайдасы – қан-тамыр жүйесі­нің жұмысын қалпына келтіру. Бұның да дұрыс жұмыс істеуі бүкіл ағза үшін аса маңызды. Осы екі пайдасының өзі адам денсаулығының әлдеқайда жақ­саруына септігін тигізеді. Айкуне жаттығуларымен айналысқан адамда күш-қайрат, ерік-жігер пайда болады.

– Онымен барлық адам­ның айналысуына бола ма? Жас шек­теулері бар ма?

– Әрине, пациент, ең алдымен, дәрі­герге өзінде қандай ауру белгілері бар екенін ескер­туі керек. Мысалы, сүйектің тубер­кулезі, сүйектің морт сын­ғыштығы секілді аурулар болса, Айкунемен айналыспаған дұрыс. Қан айналымы күшейген кезде қозуы мүмкін аурулары бар адамдарға да шұғылдануға болмайды. Ал жалпы, одан басқа кез келген адам бұл жаттығуларды жасауына болады.

Жас шектеулеріне келсек, Айкуне жат­тығуы 5 жастан асқан адам­дарға арнал­ған. Ал қарияларға ешқан­дай шек­­теу жоқ. Мысалы, біздің орталық­тары­мызда 90-нан асқан, 100-ге келген адамдар да болды.

– Жуырда Астанадағы Бел­сенді ұзақ өмір сүру орта­лы­ғында шеберлік сабақ­тарын өткізген екенсіз. Сол жайында айтып берсеңіз?

– Иә, осы орталықтың нұс­қаушы­ларына Айкуне жат­тығуларын тегін үй­реттім. Бұл жерге тек қала зейнет­кер­лері денсау­лықтарын түзеу үшін ке­леді. Көбінің бо­йында тірек-қимыл аппаратының бұзы­луына байланысты көптеген созылмалы ауру­ы бар. Сондықтан Айкуне олар­ға нағыз керек жаттығулар. Мұнда олар­ға арналған 6 айлық бағдарлама бар. Содан өтетін болса, өздерін мазалаған дерт­терінен жазылады деп үміттенеміз. Мен өзім де алдағы уақытта бұл жерге жиі келіп, қосымша шеберлік сабақтарын өткі­зіп тұрамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»