• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бокс 08 Тамыз, 2024

Мырзағали Айтжанов жанкүйерлерден кешірім сұрады

174 рет
көрсетілді

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов ел былғары қолғап шеберлерінің Олимпиададағы бәсекелерінің аяқталуына байланысты пікір білдірді, деп жазады Egemen.kz.

Бас бапкер 80 келіде қоржынға күміс медаль салған Нұрбек Оралбайдың жекпе-жегінен кейін дүбірлі додадағы боксшылардың жүріп өткен жолын қорытындылады.

«Қазіргі уақытта О. Хижняк әлемнің ең мықты боксшыларының бірі. Бұған дейін де біздің талай боксшымен жұдырықтасқан. Жартылай финалда әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада жеңімпазы кубалық Лопесті де ұтты. Ал біз бүгінгі жекпе-жекке тыңғылықты, екі күн жақсылап дайындалдық. Айла-тәсілдерді қарастырдық. Кей тұста біз ойлағандай болмады. Жалпы Нұрбек үш раунд бойы тапсырманы дұрыс орындады. Бұйырмай тұр екен. Хижняктың бағы жанып тұр екен. Ол осы жолы Олимпиада чемпионы болды, Токиода екінші орын алған. Жекпе-жек өте тартысты өтті. Мұны тек қана мен емес дайындық, киім ауыстыру бөлмесінде басқа елдің өкілдері де айтып, Нұрбектің шеберлігіне жақсы баға беріп жатыр. Екі мықты кездесті. Мұндайда бірін-бірі алу қиын. Десе де Нұрбек барын салды. Бірінші кезекте бәріне рақмет айтамыз. Елдегі жанкүйерлердің жағдайын түсінемін. Біздің жекпе-жектерге көңілдері толған жоқ. Сол үшін кешірім сұраймыз», деді Мырзағали Айтжанов.

Бас бапкер шәкірттерінің физикалық дайындығын сынап, соңғы раундта шаршап қалып жатыр деген көпшілік ойымен келіспейтінін де жеткізді. 

«Бұл Олимпиадада біз күтпеген сенсациялар көп болды. Әлемнің бес дүркін, Олимпиаданың екі дүркін чемпиондары да жүлдеге  іліге алмай қалды. Париждегі ойындарда бізге алтын бұйырмады. Бірақ жігіттерге еш реніш жоқ. Көпшілік сынағандай шаршамады, барын салды. Ешкім де жеңісті қолдан бермеді. 

Бұл Олимпиада бәрімізге сабақ болатыны анық. Осымен екінші Олимпиадада алтынсыз қалып отырмыз. Бірақ мен қазақ боксының жеңісті дәстүрге қайта  оралып, аяққа нық тұрарына сенемін», деді Мырзағали Айтжанов.