• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Мәдениет 08 Тамыз, 2024

Алматыда 20 жаңа кітапхана ашылады

118 рет
көрсетілді

Алматыда 2030 жылға дейін тағы 20 жаңа кітапхана ашылады. Бұл ретте кітапхана тапшылығы байқалатын қаланың шалғай аудандарына айрықша мән беріледі. Сонымен қатар саябақтарда, скверлер мен сауда орталықтарында кітапхана павильондары мен аппараттары пайда болады, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде Алматыда қала әкімдігіне қарасты 28 кітапхана бар. Оның үшеуі тәулік бойы жұмыс істейді. Оқырмандар үшін барлық кітапханаларда қолайлы жағдай жасалған атап айтқанда, кітап қоры үнемі жаңартылып отырады, тегін wi-fi жұмыс істейді, компьютерлер орнатылған, жаңа жұмыс үстелдері, дивандар мен пуфиктер сынды жиһазбен қамтылған.

Сонымен қатар бірнеше кітапханада көру қабілеті нашар немесе зағип оқырмандарға арналған Брайль пернетақталары да орнатылған. Брайль жүйесінің қозғалмалы нүктелері арқылы зағип оқырман кітап мәтінін саусақпен сезіп оқи алады. Ол үшін кез келген кітаптағы мәтінді арнайы құрылғы арқылы сканерлеп, компьютер экранына үлкейтіп шығарады. Сондай-ақ мәтінді құлаққаппен аудио ретінде тыңдауға да болады.

«Біз қаламыздағы зағиптар қоғамымен, сондай-ақ түрлі инклюзивті ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Сонымен қатар, балалардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру бойынша жұмыстарды белсенді жүргізіп келеміз. Ол үшін тегін тіл үйірмелерін, геймификация элементтері бар түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз, тіпті жұлдыздар мен жазушыларды шақырып, әдеби кештер өткіземіз. Бізде барлығы 140 тегін үйірме бар. Жалпы, қалалық кітапханалардың 95%-ы жаңғыртудан өтті. Біздің әрбір кітапханамыз балалар мен ересектер үшін жан-жақты даму орталығына айналған. Осының арқасында қалалық кітапханаларға оқырмандар жыл сайын кем дегенде 3 миллион рет келіп-кетеді», деп атап өтті Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мейрам Бектембаев.

Айта кетерлігі, қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітап қоры 1 300 000 данадан асады, оның 18%-ы толығымен цифрландырылған. Сонымен қатар кітаптар каталогы ОКЖ сайтында орналастырылған және барлығына қолжетімді. Сондай-ақ қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін үйге кітап жеткізу қызметі тестілеуден өткізіліп жатқандығы белгілі болды.

Сонымен қатар Алматы кітапханашылары биыл Швейцария, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея және Грузияның жетекші кітапханаларында біліктілігін арттырып, оқудан өткен.

«Қала басшысы мен мәдениет басқармасы біздің саламызды дамытуға қатысты мәселелерге айтарлықтай көңіл бөледі. Әсіресе – қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жұмысқа қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріп келеді. Біз алғаш рет әлемнің жетекші білім беру орталықтары мен кітапханаларында оқуға мүмкіндік алдық. Мен өзім Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өттім. Біз Старфилд, Намсан сияқты әйгілі кітапханаларға, сондай-ақ университеттер мен балалар кітапханаларына бардық. Оқу аяқталған соң, біз әріптестерімізбен алған барлық білімімізді өзара саралап, әсерлеріміз туралы айттық. Шетелде алған біліміміз бен жаңа идеяларымызды әкімдік қалалық кітапханаларға енгізе бастады. Бұл расында керемет нәтиже», деді Надежда Тен.

Бүгінде қалалық кітапханаларда автоматтандырылған ақпараттық-кітапханалық жүйе іске қосылған. Бұл жүйені енгізу арқылы бірқатар жаңа мүмкіндіктер пайда болған. Мәселен, электрондық оқырман билетін шығарып беру, оқырмандардың сұраныстарын өңдеу, қажетті әдебиеттерді іріктеу, тапсырыс беру және резервтеу, кітаптарды автоматтандырылған режимде беру және қайтару, кітапханалық-ақпараттық технологияларды кешенді автоматтандыру.