Шымкентте пластмассадан ойыншық шығаратын шағын кәсіпорын бар. Өндіріс орны 2014 жылы құрылған. Бүгінде ойыншықтың отыздан астам түрін өндіреді.
Өнім негізінен ішкі нарыққа жіберіледі. Серіктестік басшысы Рәбиа Байтемірова зауыт ашпас бұрын саудамен айналысқан. 2000 жылдардың басында кеңсе тауарын сатып, кейін ойыншық бизнесіне көшкен.
Балалар ойнайтын ойыншық заттарын сонау Иран, Қытайдан тасып, жол азабын әбден тартқан. Шекарадан өту, кедендік бақылауда сағаттап тұру келіншекке оңай тимеген. Содан неге осы ойыншықтарды өзіміз шығармасқа деген ой келеді. Қаладағы үйін кепілдікке қойып екінші деңгейлі банктен 14%-бен несие алады. Бұл қаражатқа Қытайдан шағын станок сатып әкеліп, ойыншық шығару өнеркәсібіне кіріседі. Қытаймен арадағы бизнес байланысты жүргізуге қытай тілін еркін меңгерген баласы Наурызбектің көп көмегі тиеді.
Екінші жолғы несие қаржысына «Даму» қоры арқылы қол жеткізеді. Айтуынша, 14%-бен берілетін несиенің жартысына жуығын мемлекет өзі өтеген. Қаржылай қолдауға ие болуына «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысуы да сеп болыпты. 40 млн теңге несие қаржысына Қытайдан тағы да қосымша станоктар алдырады.
«Бастапқыда аздап қобалжыдық. Кәсіпті игеріп кете аламыз ба деп көп ойландық. Ресей мен Белорусиядан басқа да елдерден ішкі нарыққа кіріп жатқан ойыншық көп. Солармен бәсекелесе аламыз ба деген күмән болды. Бірақ тәуекелге бел буып, ойға алған идеямызды бастап кеттік. Әдепкіде ойыншық өндірісінде талап етілетін тиісті сертификаттарды алу қиынға соқты. Құзырлы мекемелер басында сенімсіздік танытты. Ойыншық шығару оңай емес, кәсіпті жүргізе аласыздар ма деп күдік келтіріп, созбалаңға салып жіберді. Бірақ Қытайға станок алуға барғанымызда ләм деген жоқ. Ниет болса кез келген тауарды шығаруға болады деп қайта жігерлендірді. Одан елге келген соң санитарлық-эпидемиялық қызмет құжаттар талап етіп, біраз сандалтты. Ақыры соңында СЭС мекемесінің басшысына кіріп, соттасуға дейін бардым. Ол кезде елімізде кәсіпкерлікті қолдау, түрлі әкімшілік кедергіні алып тастау бойынша бастамалар жүріп жатыр еді. Соның әсері болды ма, әйтеуір іс біздің пайдамызға шешілді», дейді кәсіпкер.
Кейін жергілікті әкімдік ерекше өндіріске назар аударып, қаладағы индустриалды аймақтың бірінен жер ұсынады.
«Ойыншықтар өндірісінде полипропилен, полиэтилен секілді шикізат түрлерін қолданамыз. Қатты заттарға полипропилен, жұмсақ бөлшектерге полиэтилен жұмсалады. Бірінші кезде өзімізден шыққан шикізатты пайдаландық. Алайда оның сапасы өте нашар. Отандық шикізаттан жасалған ойыншықтарымыз сынып кете берді. Сосын Ресейдің шикізатын сатып ала бастадық. Уақыт өте келе отандық шикізат сапасы жақсаратын шығар. Оған да біраз мерзім керек қой. Тағы бір айта кетер жайт, өнімдеріміз экологиялық таза. Кейбір исі мүңкіген импорттық ойыншықтар сияқты емес. Қай жастағы бала болса да ойнауға ешқандай қауіп тудырмайды деп нық сеніммен айта аламын», деді Р.Байтемірова.
Кәсіпкер сөзінше, ішкі нарықта Өзбекстан, Түрікменстан тауарларымен бәсекелесу өте қиын көрінеді. Сол үшін шекарадан тауар өткізу мәселесінде сәл де болса бақылауды күшейтсе, отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекет өз нарығын қорғаса деген тілегін жеткізді. Бірақ мұның іске асуы қиын секілді. Себебі Өзбекстанмен арада еркін тауар айналымы жөнінде келісім бар. Соған орай көршілес елден келетін тауарларға шектеу қою мүмкін емес. Бұл жөнінде құзырлы органдардың ұсынар қандай да бір жауабы бар ма екен?
Р.Байтемірованың айтуына қарағанда, Өзбекстан мен Түрікменстан шикізатты өздері шығарады, сосын сапасы да мықтырақ. Ол біздің нарыққа кіргенде отандық ойыншықтар баға жағынан да, сапа жағынан да бәсекелесе алмай қалады.
Дегенмен осы күнде Шымкент қаласының әкімдігі кәсіпкерлікті дамыту бойынша барлық жағдайды жасап келеді. Соның бір мысалы – жуырда ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсететін арнайы мекеме. Ол жерге барған жандар кәсіпкер болу үшін не істеу керек, жобаны қалай іске асыруға болады, қандай құжаттар талап етіледі деген сұрақтарға толыққанды жауап алып, тіпті алғашқы жобасын бастау бойынша түрлі сервистік көмек ала алады. Одан бөлек, мегаполисте «Іскер қала» деп аталатын жергілікті бағдарлама қабылданған. Осы бағдарламаға сәйкес кәсіпкерлерге өндіріс алаңдары жалға беріліп, оның құнын төлеу жағынан бастапқы кезде әкімдік өзі көмектесіп отырады.
Осы жәрдемнің бәрін жергілікті атқарушы билік Президенттің кәсіпкерлік саланы қолдау бірінші кезекте тұру керегі жөнінде Жолдауда айтқан тапсырмалары негізінде іске асырып келеді.
Кәсіпкер алдағы уақытта Қытай немесе Түркия инвесторларымен бірлесіп, қаладағы индустриалды аймақтан үлкен заманауи зауыт ашуды мақсат етіп отыр.
Шымкент