12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Осынау мереке қарсаңында елімізде «Жастармен бірге» ұлттық онкүндік өтіп жатыр. Әр күнге арнайы тақырып бекітіліп, республика бойынша барлығы 5 мыңнан астам іс-шара жоспарланған. 3 тамыздан күні бүгінге дейін «Таза Қазақстан», «Жас келсе – іске», «Денсаулық – зор байлық», «Ғылым таппай мақтанба», «Мейірімділік мекені», «Адал азамат», «Еңбек бәрін де жеңбек», «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атауымен түрлі жиын ұйымдастырылды.
Еліміз кейінгі бес жылда түбегейлі өзгеріп, билік құрылымынан бастап, қоғамдық санаға дейін трансформациядан өтті. Бұл жаңғыру – бүгінгі батыл қадамдардың, байыпты шешімдердің негізі. Реформаның бір тармағы жастар саясатына бағытталды. Әсіресе жас буынның әлеуетін арттырып, толыққанды білім алуына, кәсіби және жеке даму мүмкіндіктерін кеңейтуге көбірек назар аударылды. Мұның бәрі – Әділетті Қазақстанды тұғырына шығарып, нық орнатуға бағытталған қадам. Алайда идеяны жүзеге асыру бір бөлек те, оны орнықтыру да қажырлы еңбекті талап етеді.
Халықаралық жастар күнін атап өтудің жаңа тұжырымдамасы осы жастар саясатының негізгі міндеттерін орындауға бағытталған. Оның ішінде жұмысқа орналастыру, нашақорлық пен лудоманияның алдын алу, экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дамыту, ұлттық сананы нығайту мәселелері бар. Сондай-ақ ұлттық онкүндік шеңберіндегі іс-шаралар «Адал азамат» тұжырымдамасын насихаттайды.
Іс-шаралар 3 тамызда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен басталды. Еліміздің барлық өңірінде 13 500 белсенді жас саябақ аймақтарын, өзендер мен көлдер жағасын, сондай-ақ тарихи-мәдени нысандар аумағын абаттандыру және тазалау жұмыстарын жүргізді. Жұмылған жастар жалпы 600 гектарға жуық аумақты тазалап, 256 тонна қоқыс жинады.
«Президенттің бастамасы халық арасында үлкен қолдауға ие болды. «Таза Қазақстан» акциясы қоғамда жастардың, өскелең ұрпақтың табиғатты аялауына, қорғауына, тазалықты сақтауына шақыратын үлкен бір идеологиялық жұмыс десе де болады. Жастар онкүндігінің алғашқы күні Тараз қаласының жастары ретінде қаламыздың таза болуына атсалысып, іс-шараға шықтық», дейді Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Айбек Қадралиев.
Екінші күні «Жас келсе – іске» акциясы ұйымдастырылып, елдегі жастардың өзін-өзі дамытуға, көшбасшылық идеяларын ілгерілетуге және кәсіби дамуға арналды. Науқан аясында аймақтарда отандастарымыздың кәсіпкерлер, өнер, ғылым және спорт қайраткерлерімен мотивациялық кездесулері өтті.
Сондай-ақ отандық киноның танымалдылығын арттыру үшін «Жаужүрек мың бала», «Қызыл диплом», «Бекзат», «Боксшы», «Өмір ағысында», «ХХІ ғасыр жастары», «Маған назар аудар», «Анаға апарар жол», «Еркебай», «Таптым-ау сені», «Шоқан», «Өмір-ай», «Қазақ хандығы», «Алтын тақ» фильмдерінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Жалпы, іс-шараларға еліміздегі 17 000 жас қатысты.
Ұлттық жастар онкүндігінің үшінші күні денсаулық мәселелеріне арналды. Республиканың түкпір-түкпірінде саламатты және белсенді өмір салтына түрткі болатын акциялар өтті. Яғни жастар үшін емханаларда тегін консультациялар мен скринингтер өткізіліп, таза ауада жаттығу жасау және спорттық челлендждер ұйымдастырылды. Іс-шаралар мен жобаларда 7 мыңнан астам азамат бой көрсетті.
«Ұлт саулығы – мемлекеттің негізгі күші. Осыны ескерсек, саламатты өмір салтын ұстануымыз қажет. Науқан аясында ауруханалардың, хоспистердің және онкологиялық диспансерлердің пациенттеріне күтім жасап, бір мезет медбикелерге қолғабыс етті. Әрі күннің тағы бір маңызды сәті сарапшылар донорлық тақырыбын талқылаған дәрістер өткізілді. Кейін қан тапсыруға ниет білдіргендер қан тапсырды», дейді белсенді жас Саида Саламатова.
Ал төртінші күн білім, ғылым және интеллектуалды дамуға арналды. Осыған орай өңірлерде жастардың оқуға және өзін-өзі дамытуға деген қызығушылығын арттыру үшін іс-шаралар ұйымдастырылды. Ашып айтсақ, зияткерлік конкурстар, кітап көрмелері әрі белгілі ғылым және білім қайраткерлерімен кездесулер өтті. Бұл күні аймақтардағы 6000-нан астам азамат белсенді болды.
«Мейірімділік мекені» атауымен ұлттық онкүндіктің бесінші күні өтті. 7 тамыз күні жастар жалғызбасты зейнеткерлерге, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, жетімдерге және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетті. Осылайша, қоғамда қайырымдылық, волонтерлік қызмет насихатталды.
Мәселен, жастар ресурстық орталықтары «Мектепке жол» акциясы аясында мұқтаж отбасылардың балаларына оқу құралдарын сатып алып, алдағы оқу жылына дайындалуға үлес қосты.
«100-ге жуық балаға мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтылған сөмкелер үлестірілді. Акция барысында қаланың көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылып, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлауға тырыстық. Негізгі мақсат – көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ ерекше балаларды қолдау және жаңа оқу жылы қарсаңында бірреттік көмек көрсету. Жоба аясында халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жас ұрпақ бойына рухани адамгершілік дәнін себуге бағытталған шаралар жүргізілді. Жаңа оқу жылының қарсаңындағы игі бастама елімізде дарынды, білімді, алғыр, дені сау ұрпақ өсуіне ұйытқы болатынына сенімдімін. Балдырғандарға жаңа оқу жылында сәттілік тілеймін», дейді Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ернар Бектаев.
Бұған қоса ел жастары жалғызбасты қарт адамдардың үйін жинап, оларға азық-түлік сатып алып берді. Жер үйде тұратындар үшін қысқа отын дайындап, шатырларын жөндеді. Қайырымдылық жәрмеңкелері мен спорттық турнирлер де ұйымдастырылды. Бұл күні барлығы 6 мың жас игі іске атсалысты.
Қазір елдегі жастар саны 6 миллионға жуықтады. Бұл – республика тұрғындарының 20 пайыздан астамы. Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда әр азамат иек артуға тиіс құндылықтарды баса айтты. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Мұның бәрін «Адал азамат» ұғымын түгел қамтиды.
«Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жастар онкүндігінің алтыншы күні осы «Адал азамат» тұжырымдамасын насихаттауға басымдық берілді. Әсіресе коммуникациялық дағдыларды дамыту, инновациялық әлеуетті қолдау мәселелеріне арналды. Өңірлерде Ted-X форматында жастармен мотивациялық кездесулер, мемлекеттік қызметтердің жас мамандары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруға арналған семинарлар, лекциялар секілді 100-ден астам іс-шара өткізілді. Іс-шараларға мемлекеттік органдардың, полицияның, білім басқармасының өкілдері, сарапшылар, сондай-ақ жастар ұйымы қатысты. Жалпы, іс-шаралар 9 мыңнан астам жасты қамтыды.
«Қазір жастар белгілі бір жетістікке жеткен, айтары бар азаматтардың әңгімесін тыңдауға құмар. Бірі еліктейді, енді бірі керек дерегін түгендейді. Міне, қазір You Tube-тегі подкастарды отандастарымыз көп тыңдайды. Ал спикерді жүзбе-жүз көріп, тілдесу мүлде бөлек әсер сыйлайды. Жастар онкүндігі аясында Ted-X форматында «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде Журналистер одағының мүшесі, журналист әрі психолог, «Қолдау» орталығы жекеменшік мекемесінің директоры, аудандағы тұңғыш «Мейірім» дамыту орталығының негізін қалаушы, жастармен жүргізілген бірнеше жобаның авторы Милана Елеусіновамен кездесу ұйымдастырылды. Жүздесу барысында қатысушыларды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар отбасы құндылығы, бала тәрбиесін сөз етіп, жастарға ақыл-кеңесін айтты», дейді Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының тұрғыны Ілияс Бердіғали.
«Еңбек бәрін де жеңбек». Онкүндіктің жетінші күні осындай атаумен өтті. Шаралар жастарды еңбекке баулу, экономикалық белсенділігін арттыруға арналды. Ал одан кейін «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында Абай күніне орай ұлы тұлғаның шығармашылығын насихаттауға бағытталған түрлі байқау, челлендж, бейнеқұттықтау сериясы ұйымдастырылды.
«Жастар келешегіміздің негізі ретінде білімділігімен, жасампаз еңбегімен, күш-жігерімен өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктерін иеленуі қажет. Алдағы уақытта жастардың ғылым-білімге негізделген жобалары қолдау тауып, игі бастамалары өз жалғасын табатынына сенімдіміз. 9 тамыз күні «Еңбек бәрін де жеңбек» күні аясында «Enbek Fest 24» жастар бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 10 тамыз «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атауымен ұлттық тарих пен мәдениетті насихаттау, ұлттық сананы нығайту мақсатында әлеуметтік желілерде челлендж өткізіледі. Сондай-ақ нашақорлықтың, лудоманияның және вандализмнің таралуының алдын алу мақсатында «Qorgan 24» жастардың ақпараттық рейді өтеді. Іс-шаралар тізбегі жастардың әлеуетін толық іске асыру, сондай-ақ жастарға жол көрсету, қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсенді атсалысуын насихаттау, қала жастарына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында өткізіледі», дейді Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Әйгерім Абдуохапқызы.
Мереке қарсаңында республика бойынша 1 000 000-нан астам адам қамтылады. Ұлттық онкүндік қорытындысында барлық қала не аудан орталықтарында «Жастармен бірге!» атауымен open air форматында концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Облыс орталықтарында өтетін іс-шараға жастар арасында танымал эстрада жұлдыздарының қатысуы да жоспарланып отыр.
Маңыздысы, іс-шара аясында барлық санаттағы жастар, оның ішінде волонтерлер, еңбекші жастар, жас мемлекеттік қызметкерлер мен жас кәсіпкерлер марапатталады. Әрі «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының жеңімпаздарына аталымдар табысталады.