• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
Университет Бүгін, 16:39

ҚазҰУ-дағы Қытайдың СБПУ филиалы студенттер қабылдауды жалғастырып жатыр

28 рет
көрсетілді

Егер оқырман есінде болса, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына былтырғы мамыр айындағы мемлекеттік сапары барысында техникалық бейіндегі Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірі Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалын ҚазҰУ-да ашу жөнінде келісімге келген еді, деп жазады Egemen.kz. 

Бұл күндері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің (СБПУ) ҚазҰУ базасындағы филиалы талапкерлерден құжаттар қабылданып жатқанын хабарлайды.

Филиал бакалавриат түлектеріне бүгінде сұранысқа ие «Электроника және коммуникациялық технологиялар», «Материалтану және инженерия» мен «Компьютерлік ғылымдар мен технологиялар» мамандықтарын меңгеруді ұсынып отыр.

Жоғарыда атап өткендей, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы мамырда Қытайға жасаған мемлекеттік сапары аясында ҚХР Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің (СБПУ) Қазақстандағы филиалын ашу туралы келісімге қол қойылып, осы құжат негізінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 12 қазанда ҚХР Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды.

Өз кезегінде СБПУ Academic Ranking of World Universities 2023 халықаралық рейтингінің топ-200 енсе, THE 2023 рейтингінде топ-600 (317-ші орын) және U.S.NEWS 2023 халықаралық рейтингінде 253-ші орынды иеленеді.

Магистратураның бірінші жылын студенттер Қазақстанда, екінші жылын Қытайда оқиды. Оқуын аяқтаған соң жастар екі жоғары оқу орнының ҚазҰУ мен СБПУ қос дипломын алады. Филиал түлектері халықаралық технологиялық компанияларда қызмет атқара алады.

Бүгінде көптеген қытайлық өндірушілер Қазақстанда өкілдіктерін ашып жатқаны аян. Осы тұрғыдан келгенде ҚазҰУ және СБПУ дипломдары жас мамандарға Huawei және ZTE сынды ҚХР ірі компанияларына жұмысқа орналасу кезінде артықшылықтар мен мол мүмкіндік бермек.

Оқуға тілек білдірушілер кешенді тестілеуден (КТ) өтуі қажет. Грант иегерлері автоматты түрде қабылданады. Грант иеленбеген, бірақ 75 баллдан жоғары балл жинаушылар әңгімелесуден өтуге мүмкіндік алады. Филиал студенттеріне қосымша стипендиялар беріледі. Құжаттарды қабылдау уақыты 20 тамызға дейін жалғасады.