Елімізде ұлттық жастар онкүндігі қорытындыланды. Мерекелік бағдарлама әр өңірде ашық аспан астындағы «Жастармен бірге» концертімен түйінделді. Республика бойынша 3-12 тамыз аралығында барлығы 5 мыңнан астам іс-шара өткізілді.
Бүгінде 14 пен 35 аралығындағы ел жастары 5,7 млн-ды құрайды. Жыл басынан бері 20 мыңнан астам азамат кәсіби бағдар беру жұмыстарымен қамтылды. 130 мыңнан астам жас буын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың бағыттары бойынша консультациялық көмек алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жастардың бас ауруына айналған баспана мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Биыл наурыз айында «9-20-25 Отау» жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды. Бүгінде бағдарлама игілігімен 16 747 жас отбасы үйлі болуға ниеттенген. Сондай-ақ 18 жастан 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін отандастарымыз үшін еліміздің 16 өңірінде жылдық кредит бойынша пайыздық мөлшерлемесі – 5%, бастапқы жарнасы – 10% және мерзімі 25 жылға дейінгі жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары іске асырылды.
Одан қалды «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгеріс енгізілді. Қағидада жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алу үшін жыл сайынғы жинақтау шегін енгізу көзделді.
Шығармашылық және белсенді жастарды қолдауға қатысты «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының қағидаларына толықтырулар енгізілді. Біріншіден, сыйлықақы мөлшері 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Екіншіден, «Қоғамдық қызмет» жаңа аталымы қосылды.
Жастар саясатының негізгі бағыттары – жұмыссыздық, тұрғын үй мәселелерін шешу, бизнес-бастамаларды қолдау, сондай-ақ білім мен мәдениет деңгейін көтеру де жүйелі жүзеге асырылып келеді.
«Zhas project» жобасы аясында биыл ауыл жастары арасында 280 грант бөлініп, бизнес-жобаларын іске асыру үшін NEET санатына қолдау көрсетілді.
Бұған қоса «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы биыл да жалғасты. Жеңімпаздарға 3 млн теңге көлемінде 30 грант бөлу көзделген. Бастысы волонтерлік саланы қолдау мақсатында «Волонтерлік» бағыт қосылды.