Абай – Алаш баласының ары мен абыройы, ұлттың ұяты мен ұстыны. Ол жайында әр дерек құнды, өзі ғұмыр кешкен сайын дала төсіндегі тауы мен тасы да қастерлі. Бізге жеткен 176 жыры қасиетті, 3 поэмасының да мазмұны терең, 45 қара сөзінің мағынасы бай. Хакім хақындағы естелік пен ел аузында айтылып, санаулы жанның санасында сақталып, жұрт жадында жатталған «Абай айтыпты» дейтін әр екі жол сөз де аяулы. Ол сол үшін де асқақ, сонысымен де қадірлі.
Абай дәуірін тануда, ойшыл ақынның өмір сүрген ортасы мен қала мәдениетіне бой ұруы, меңгеруі деген мәселеде, жалпы, абайтану ғылымында Америка жазушысы әрі көсемсөзшісі Джордж Кенанның (1845-1924) «Сібір және сүргін» кітабы өте қымбат дүние. Бұл кітапта жиһанкез жазушы Кенанның Сібір аймақтарын аралаған, қазақ жерінде, Ертіс бойындағы қалалар Өскемен мен Семейге келген сапары сөз болады. ХІХ ғасырдың сексенінші жылдары Семейге соққан ол патшалық Ресей тарапы саяси қылмыскер танып, осында жер аударылған орыс оқымыстыларын, олардың хакім Абай туралы әңгімелегенін жазады.
Дж.Кенанның «Сібір және сүргін» кітабынан Абай Құнанбайұлы туралы әңгімеге қанығып, оның саяси сүргінге ұшыраған достарының қазақ ойшылын биікке көтеріп, құрметтегенін аңғаруға болады. Осы кітап Абай оқыған әлемдік деңгейдегі авторлар мен оқулықтар хақында қызықты деректер мен мәліметтер береді.
«Сібір және сүргін» туындысында автор Леонтьев мырзамен Семей кітапханасының пайда болу тарихы туралы әңгімелесіп, кітапқұмарлар туралы сөз болғанын айтады. Тіпті бір әңгіме орайында шетелдік жазушы Абайдың пікірлес досы Леонтьев сөзінен: «Осындағы адамдардың кітапқа қызығушылығы керемет. Милль, Бокль, және Дрепер іспетті авторларды іздеп оқитын осы кітапхананың тұрақты оқырманы Ибраһим Құнанбаев қартты білемін. Алғаш кездескенде ол менен индукция мен дедукцияның өзара айырмашылығын түсіндіруді өтінуімен таңғалдырды. Содан кейін оның ағылшын ойшылдарының еңбегін түбегейлі оқып, үйреніп жүргеніне және мен атаған авторлардың бәрін оқығанына көзім жетті» деген үзінді келтіреді. Бұл мұқым қазақ баласы үшін ыстық әрі жақын сөздер дейтініміз анық.
Қазақтың кемеңгер ойшылы, хакім Абай Құнанбайұлы жайында мағлұматты қамтыған «Сібір және сүргін» еңбегі 1886-1991 жылдары Абайдың көзі тірісінде Нью-Йорк, Париж, Лондон қалаларында жарық көрсе, орыстілді оқырмандар үшін Санкт-Петербург қаласынан 1906 жылы басылып шығады. Дәл осы кітап бүгінгі күні Абай музейінің қорында сақтаулы тұрған сирек кездесетін аса бағалы жәдігерлердің бірегейі екеніне сенім кәміл.
Абай облысы