Батыс Қазақстан облысында 28 млн текше метр су жинайтын Жалпақтал су қоймасын салу жоспарланды. Бұл 12 мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз етуге және лиманды суару алаңын 12 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Egemen.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің хабарлауынша, бұл су қоймасы өз кезегінде мал шаруашылығына қажет жем-шөп өнімділігін арттырады.
Биыл «Қазсушар» филиалы Батыс Қазақстан облысында 146 мың га лиман мен табиғи жайылымды суаруға 562 млн текше метр су жіберген.
Бүгінде мекеме тұтынушылармен су беру туралы 210 келісімшарт жасасқан, оның 197-сі жергілікті шаруалар. Ауыл шаруашылығының қажеттіліктері үшін кәсіпорын 15,8 млн текше метр, ал санитарлық-экологиялық іс-шараларға 22,9 млн текше метр су жібергені белгілі болды.
«БҚО бойынша «Қазсушар» филиалы 13 гидротехникалық құрылысты жөндеп, Киров су қоймасын реконструкциялау жұмысын жүргізді. Сондай-ақ, Шаған өзені, Көшім магистральдық арнасы мен 67,6 шақырым каналды механикалық әдіспен тазалады», деді БҚО бойынша «Қазсушар» филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Хусаинов.