Павлодарға қарасты Мойылды ауылында тұратын көпбалалы әйел өзін-өзі өртеп жібермек болды. Оны құрбысы құтқарып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Куәгерлердің айтуынша, 34 жастағы келіншек үстіне жанармай құйып тұтатқан.
- Денесінің 36 пайызын термиялық күйік шалған. Аяқ-қолы (2-дәрежелі) күйген. Науқас жедел жәрдеммен қалалық №1 ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлады Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мақпал Қаржаубай.
1990 жылы туған әйелдің бес баласы бар. Күйеуі Ресейде вахталық жұмыста.
- Көпбалалы отбасы. Атаулы әлеуметтік көмек алады. Күйеуі вахтада. Ешқандай талабы болған жоқ. Осы ауылда әжелері тұрады. Қазір үш естияр баласын әжесінің қолында қалдырып, екі кішкентайды әйелдің шешесі алып кетті, - дейді Мойылды ауылының әкімі Жеңіс Әбікен.
Оның айтуынша, қазір мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.