• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Таным 14 Тамыз, 2024

Ғалам ғажаптары: Тропикалық қауын

136 рет
көрсетілді

Сыр елі қанты көп әрі тез пісетін қауын екті. Оны тропикалық аймақ­­тан әкелді. Таиландтан жет­кізілген жаңа сұрып су мен тыңайт­­қышқа да үнем екен.

Оның құндылығы қанттылығына бай­­ла­нысты. Жер­гілікті қауын­дардың қанттылығы 18% брикст болса, бұл қауындардың қантты­лық мөл­шері – 20% брикст. Жергілікті қауын­дар 90 күнде піссе, тропикалық қауын 60 күнде піседі. Ауруға, тасымалдауға төзімді. Жылы­жайға егілгеніне 10 күн болса да, қазір­гі шығымдылығы жақсы. «Бұл ретте таиландтық ғалымдармен әріптестік орнатып отырмыз. Олар ойлап тапқан қауын сұрпын жылыжайда сынақтан өткіземіз. Содан кейін жергілікті қауын тұқымымен будандастырып, жаңа сұрып шығару жос­парда бар», дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, жылыжай шаруа­шылығының директоры Самалбек Мұндай.

 

Дабыл жүйесі

Жапония алғаш рет жойқын зілзала қаупі туралы хабар беретін дабыл жүйесін іске қосты.

Ұлттық метеорология агенттігі 29 префектураның 707 әкімшілік аумағында жерасты дүмпуі кезіндегі дайындығын да пысықтап үлгерді. Ескерту негізінен Сидзуоки қаласынан Токионың батысына дейінгі аумаққа созылып жатқан 800 шақырым жерде жасалды. «Гардиан» басылымының жазуынша, бұл аймақта әр 100-200 жылда 8-9 балдық зілзала болып тұрады. Естеріңізге сала кетейік, Жапония премьер-министрі Фумио Кишида елдің оңтүстігінде 7,1 балдық жер сілкінісі болған соң, Орталық Азияға сапарын кейінге шегерген болатын.

 

Масасыз ел

Жаз мезгілінде маса мәселесі бәрі­мізді мазалайтыны анық. Осы тіршілік иесі қай елде жоқ екен деп те ойланған болуымыз керек. Сөйтсек, Исландияда жоқ екен.

Исландияда масалардың бірде-бір түрі өмір сүрмейді. Оның себебі нақты анық­талмаған. Дегенмен оған жақын Норвегия, Шотландия, Ирландия, тіпті Гренландия­да маса бар. Ғалымдар нақты себебін анықтамаса да, табиғат ерекшелігіне бай­ланысты деп топшылап отыр. Яғни Исландия климатының ерекшелігі­не байланысты қыста бірнеше рет кенет­тен болатын ауа райына қатысты. Масалар суық пен жылудың кезектесіп тұратыны­на шыдай алмайды екен.