• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Алматы 15 Тамыз, 2024

Мопед мінгендердің жауапсыздығы

127 рет
көрсетілді

Астана, Алматы, Шымкент секілді үлкен қалаларда құжынаған көліктермен жағаласып, қашан, қай бүйіріңнен шыға келетіні белгісіз зулайтын мопед мін­ген­дерге көзіміз әбден үйренді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жолдағы ең қайғылы да жағымсыз ақпараттардың басым бөлігі осы қос дөң­ге­лектілерге – скутер, мопед мінгендерге тиесілі болып тұр.

Құзырлы мекемелер тарапынан тиісті шаралар қол­данылып, тіпті самокатпен жүру­дің арнайы ережелері қабыл­данғанмен, мәселе түпкі­лікті реттелген жоқ. Себебі көп жағдайда бұған өз өмірлерін ғана емес, өзгелерді де қатерге тігіп, қаптаған көлік арасында үлкен жолға шығып тұрып, жол ережелерін меңгермеген, біле тұра сақтамайтын қос дөңгелек иелері кінәлі. Күн са­­йын әр қиылыста қағылып, соғы­­лып қалған мопедшілерді көре тұра, арыны басылмаған жастарға, нәпақасын мопедпен айырамын деп асық­­қан­дар­ға осының бәрі сабақ болмай жат­қаны ойлантады.

Мопедшілер мен самокатшылар айылын жисын деп арнайы заң қабыл­данды. Құжат күшіне енгенде Ішкі істер министрлігі тек 1,5 айдың ішінде мопедшілер тарапынан 6 мыңға жуық жол ережесі бұзылғанын тіркеді. Тіпті статистиканы айтпаған күннің өзінде үлкен жолға шыққан сайын айналып өтем деп көліктердің айнасына ілініп қалып, өзі бір жаққа, мопеді бір жаққа ұшқан қос дөңгелек иелеріне қарауға дәтің бармайды. Кейде мопедпен мопед, скутермен скутер де соқтығысып жатады.

«Қарияны мопедші қағып кетті», «Жас мопедші жол апатынан көз жұмды», «Алматыда мопед жүргізушілері бір тәулік ішінде 78 рет жол ережесін бұзды», «Алматыда самокатпен соқтығысқан мопед жүргізушісі қайтыс болды», «Алматыда мопед жеткізушілерге айыппұл салынады», «Скутерімен көлік қағып кеткен жасөспірім он күннен бері ес-түссіз жатыр» деген тақырыппен жарық көріп жатқан ақпарат жетіп артылады. Ата-ана­сының қуанышына орай, он күн бойы ес-түссіз жатқан бала Алматыдағы №4, №2 қала­­лық балалар кли­ни­калық ауру­­ханалары дәрігер­ле­рінің арқасында аман қал­ды. Деген­мен жол-көлік апат­та­рының ауыр салдарына қа­тысты емдеу мекемелерінің мәліметтері жан түршіктіреді. Жуырда алматылық травматологтер осы мәселеге қатысты кезекті рет Өңірлік коммуникациялар алаңында баспасөз брифингін өткізді.

Емдеу мекемелері Астана, Алматы сияқты қалаларда ел билігі қос дөңгелекті көлік жүргізушілердің жауап­сыз­дығы мен қателігінен болған келеңсіз жағдайлардың санын азайту үшін түрлі ереже, талап пен шектеу енгізіп жатса да, скутерлер мен мопедтерден зардап шеккен жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің азаймай отырғанын алға тартты.

Мәселенің қаншалықты көкей­кесті болып тұрғанына көз жеткізу үшін Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауру­ханасы сияқты емдеу меке­ме­ле­рі­не баруға да болады. Мұнда не­гізінен ауыр жағ­­дай­дағы нау­қастар жеткі­зіліп, зардап шек­кендерді меди­ци­на­лық ұйым­ның травма­то­лог­­тері тәулікпен санас­пай тік тұрып, қайта қа­тар­ға қосып жатады. Ең өкі­ніш­ті­сі, жоқтауға ұласатын жағ­­дайлар да аз емес.

Клиникалық аурухананың қа­был­­дау бөлімінде күнделікті жанын шүберекке түйіп, Жаратушыға жал­барынып тұрғандар, күрделі операциялардың соңын сарыла күту, травматологтер жұ­­мыс істейтін кабинеттердің ал­­дын­дағы кезек: қаладағы апат­­­тық жағдайдың қандай еке­­нін аңғартады.

Барлық пациенттің шамамен үштен бірі – жол-көлік апатынан зардап шеккендер. Қабылдау бөлімшесінің жас дәрігер-трав­матологі Елнұр Оңғаров ауру­ханаға күніне мопедтер мен скутерлердің кесірінен болған жол апатынан зардап шеккен кемі 10-нан бастап, кейде 20-ға дейін адам ауыр жағдайда түсетінін айтады.

Травматолог мұндай апат­тар­дың салдары мүгедек­тікке душар етіп, тіпті ажал құш­тырып жатқанын айта келе: «Осыдан бір-екі ай бұрын 30 жастағы науқас келіп түсті. Ол мопедімен бірге «Toyota Land Cruiser» көлігінің астында қалған. Сүйек сынықтары көп. Жалпы адамда 200-дей сүйек болса, бұл жігітте 70-ке жуығы сынған. Ол қазірдің өзінде есін жиған жоқ, клиникалық өлім жағдайында деп айтуға болады. Науқас кешкі сағат алтыда келіп түсті. Ереже бойынша науқасты жауапкершілігіме алатын болсам, онда оны операциялық бөлмеге дейін алып барып, одан әрі қарай осы пациентпен айналысуым керек. Таңғы сағат 5-ке дейін құтқару операциясында жүрдім. Операциялық бөлмеде 11 сағат тік тұрдық. Оның басы, кеуде клеткасы, аяқ-қолдары, жамбас, құрсақ мүшелерінің жарылғаны анық­талды. Сүйек­терін жинаған хирургтер қатар операция жасады. Пациент аман қалды. Науқас таңғы сағат 7-де көзін ашқанда, өте қатты қуандым», дейді.

Жас дәрігердің айтуынша, мамандар жол апатына душар бол­ғандардың ауыр жағдайына, тіпті биологиялық өлімнің айқын белгілеріне қарамастан, па­циенттерді құтқарып қалуға барын салады. «Осындай кезек­шіліктің бірінде өте ауыр науқас түскені есімде. Біз оны арбамен жансақтау бөліміне апара жатқанда жүрегі тоқтап қалды. Мен бірден жүрегіне массаж жасай бастадым. Бірақ еш нәтижесі болмады», дейді Елнұр Оңғаров өкінішпен.

Осынау қайғылы оқиға­лар­ға күн сайын куә болып келе жатқан мамандардың мәлі­метіне сүйен­сек, мопед, ску­терлермен болған жол-көлік апаттарынан зардап шек­кен­дердің саны күн санап өсіп келеді.

«Бірде қабылдау бөліміне тізе жарақаты бар пациент келіп түсті. Ер адам скутермен келе жатып, шұңқырды байқамай, төңкеріліп барып, тізе­мен бар салмағымен құлаған. Рентген тү­сірі­лімі тізе қақпағының сын­ғанын, тізе ішінде қою қан­ның жиналғанын көрсетті. Диагностикадан кейін бірден пациент тізесінен қан сорылып, ауруханаға жатқызылды, жақын арада оған ота жасалады», дейді дәрігер-травматолог.

Елнұр Оңғаров мопедтер мен скутерлердің ЖКО мәселесіне елдің назарын аудару үшін клиникалық оқиғалар жайында әлеуметтік желілерде белсенді баяндап отырады. Дегенмен жас маман жариялап жүрген кадрларды жүрегі нашар адамдардың көруге дәті бара бермейді.

Осындай қайғылы оқиға­лар­дан қашық болу үшін электр көлігімен велосипед жолдарымен, жолдың оң жақ шеттегі жолағымен, тро­туармен жүруге болатынын тағы да еске сала кету керек. Сонымен қатар электр самокаттардың жүргізушісі кемінде 18 жасқа толуы, ережемен бекітілген дулыға мен жарыққа шағылыстыратын киім киюі, сондай-ақ кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет.

Жол қозғалысы саласындағы заңнамаға енгізілген жаңа өзгеріс­терге сәйкес мопед, элек­­тр­­самокат, велосипед жүргізушілеріне рулді бір қо­лымен жүргізуге, бір бағыт­­­тағы қозғалыс үшін бір жолақ­тан көпжолақты трамвай қозғалысы бар жолдардан солға бұрылуға немесе кері бұрылуға, мопедтерді, электр­­­самокаттарды, велосипедтерді сүй­реуге, көлік құралымен жаяу жүргіншілер жүретін өткелді кесіп өтуге тыйым са­лынған. Өміріңе қалқан болатын осы тектес өзге де қарапайым шектеулер бар.

Осы ережелердің бірін бұз­ған жағдайда жүргізушілер Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабы бо­йынша әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылады. Бұл – 593 – жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын сақ­тамау мен 620 – жол қозға­лысына қатысушыларға қойы­латын өзге де талаптарды бұзғаны үшін баптар. Қос бап­тың санкцияларына сәйкес құқық бұзушыларға 5 АЕК немесе 17 250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.

Бір қарағанда жоғарыда айтылған жолда жүру ереже­лері қарапайым да түсінікті. Алайда қос дөңгелекпен зулап өте шыққысы келетін алып-ұшпа жастардың асығыс әре­кеті әлі де мегаполис жол­дарында қайғылы ахуал қалып­тастырып отырғанын жасырып-жаба алмаймыз.

Өзекті мәселеге құзырлы мекемелер де көз жұмып қарап отырмағаны аян. Олардың қызметін реттейтін заң да, ереже де қабылданып, жол по­лициясы қызметкерлері мопед­шілерді біртіндеп тоқ­татып, түсіндіру, абай болу, ескерту жұмыстарын толассыз жүргізіп отыр. Алайда қос дөңгелекпен үлкен жолға шыққандар өзін жеке көлік иесі ретінде сезінбей, мегаполистегі толассыз қозғалыстың бір бөл­шегі екенін түйсінбей, жүр­гізуші психологиясын меңгер­мей – бәрі бекер.

 

АЛМАТЫ