• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 14 Тамыз, 2024

Зергер туындысы

75 рет
көрсетілді

Зергер Абзал Молдабек есімін әлеуметтік желі арқылы жұрт жақсы таниды. Әр жұмысына ерекше ден қоятын, әсемдікпен қатар мазмұнға айрықша мән беретін шебер. Мұны оның әр туындысынан байқауға болады. Жұмыс барысынан әлеуметтік желіге салған жазбалары да соны аңғартады. Тіпті кейде «Мына әшекейді жасап болған соң, сатуға қимай қалдым», дейді. Әр әшекейіне тауар деп емес, өнер туындысы деп қарайтын зергердің мазмұнды туындылары да осынысымен сұранысқа ие.

Жуырда «Esentai Gallery» залында зергер Абзал Мол­дабектің көрмесі өтті. Шебер көрмеде онжылдық жұмысын қорытындылап, «Alash Jewels» брендінің бар­лық еңбектері мен «Қар­лы­ғаш» атты жаңа топтамасын таныстырды.

Жүзден аса дизайн, әшекей қойыл­ған көрмені дайындауға үш ай уақыт кеткен. Ал жаңа топтаманы жасауға бір жыл уақыт жұмсапты. Автордың алғашқы көрмесіне Франция, Швей­цария, Ресей, еліміздің бірнеше қала­сынан тұрақты тұтынушылары арнайы келген.

«Әлеуметтік желіге әше­кейдің суретін сала салғанмен, оның құнды­лығы, артында қандай ой мен еңбек жатқаны көрінбей қа­лады. Сондық­тан арнайы көрме өткі­зіп, жақсылап таныстырайын деп шештім», дейді Абзал жаңа топтамасының тұсауын кесіп жатып.

«Зергерлікке кәсіп ретінде әлі кіріскен жоқпын. Қазір тек шығар­­ма­шылық даму жолындамын. Осы ма­ман­дықты оқуым, жұмыс істе­уімді қос­қан­да 15 жылдай уақы­тым кетті. Қазақ­тың ұлттық өрнек­терін, мәдение­тін, салт-сана­сын зергер­лік өнер арқы­лы әлем­ге танытқым ке­леді», дейді шебер.

Әр әшекей-бұйымынан әсем­дік пен жоғары эстетикалық тал­ғам, қазақы нақыш көрінетін зер­гер­дің ал­дағы шығармашылық жұмыс­тарына сәттілік тілейміз. «Alash Jewels» бұ­йымдарын әлемнің әр түкпірінен тапсырыс беріп алатын әйдік брендке айналса, қазақ мәдениетінің де қанаты кеңге ­жайылары сөзсіз.