Польшаның Грыфино қалашығының маңында өзгеше орман бар. Ерекшелігі сол, мұндағы 400-ге жуық қарағай тоқсан градустық бұрышпен иіліп өскен.
Сол себепті де жұрт бұл жерді қисық қарағайлы орман деп атап кеткен. Бұл ерекше орманның негізі 1930 жылы қаланған. Бүгінде ағаштардың осылайша қисайып өсуін ешкім дәлме-дәл түсіндіріп бере алмайды. Кейбір ғалымдар мұның себебін қатты соққан желдің әсерінен болған құбылыс деп түсіндіреді. Айтпақшы, «қисық» орманда басқа жердегідей құстардың әуенін ести алмайды екенсіз. Мұның да себебі әлі күнге дейін жұмбақ.
Шоколадтөбе
Ақтөбе, Көктөбе дегенді жақсы білеміз. Бірақ Шоколадтөбе дегенді естімеген боларсыз? Бұл – Филиппин аралының Бохоль провинциясындағы геологиялық әсерден пайда болған түзіліс.
Аумағы 50 шаршы шақырым болатын бұл төмпешіктердің жалпы саны – 1776. Ең үлкен төбелердің биіктігі шамамен 100 метр, ал ең кішкентайлары 30 метрге дейін жетеді. Әр төбеде өсетін шөптер күзде қоңыр түске боялатындықтан, жұрт осы мекенді «Шоколадтөбе» атап кеткен. Бұл түзілістің пайда болуы зерттеушілерді үнемі қызықтырып келді. Бір топ ғалым мұны жанартау атқылағаннан кейінгі ерекше құбылыс деп түсіндірсе, тағы бір нұсқада төбешіктер орналасқан жер ежелгі мұхиттың түбі болып, су деңгейі тартылғанда эрозия әсерінен конустық құрылымға айналған деп тұжырымдайды.
Супер ағаш
Сингапурдың Марина-Бэй шығанағындағы жасанды ағаштар күн энергиясын өндіреді, өсімдіктердің тік өсуіне әсер етеді және жаңбыр суын жинайды.
Бұлар табиғат пен озық инновацияның үздік үйлесімі болғандықтан, «Супер ағаштар» деп аталған. Әрқайсысының биіктігі – 25-50 метр. Темір ағаштардың ұшар басына күн батареялары орналастырылған, ал діңіне су жинауға арналған арнайы құрылғылар бекітілген. Осылайша, 2012 жылы басталған бұл жоба бүгінде әрі ғылыми әрі туристік орынға айналды.