• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 15 Тамыз, 2024

Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ бантик» әні кімге арналған

605 рет
көрсетілді

15 тамыз − әндері күллі қазақтың көңілінде әуелеп, жадында жатталған  композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні.

Айтулы күнде «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында Қазақстанның құрметті журналисі Серікбай Тұржанның «Ақ бантик әңгімесі» мақаласы жарық көрді. 

Мақалада Шәмші Қалдаяқовтың  «Ақ бантик» әні кімге арналғаны баяндалған. Композитор  «Ақ бантикті» сыйлас жолдасы Қаражан Әбіләзімов тойына тарту ретінде шығарған.

Ал Қаражан Әбіләзімов сол кезде обкомсомолда бірінші хатшы болып істеп жүргенде жасы үлкендеу болса да, Түркістан қаласындағы 19-мектепті бітірген Фатима деген жас қызға үйленіпті. Достарының балаң арумен бас қосып жатқанын естіген қос дарын Ш.Қалдаяқов пен М.Шаханов Фатима Төреханованың ақ бантигін ақ орамалға айырбастаған ерек шағын әнге сыйдырған.

Автор Қаражан мен Фатиманың таныстық-ғашықтық оқиғасының басталуын былай өрбітеді: 

«Фатиманы мектепте оқып жүрген кезімізден танитынмын. Мен Кентаудағы Ы.Алтынсарин мектебінде, ал Фатима болса Түркістанның теміржол бойындағы мектепте оқыды. Бір-бірімізді 8-сыныптан бастап біле бастадық. Аталған екі мектеп оқушылары бір-бірімізге қонаққа келіп, өткізілетін түрлі пән байқауларына қатысып, бақ сынасатынбыз. Міне, осындай кездері ғой түркістандық Фатимамен етене танысып жүргенім. Фатима өте жан-жақты, білгір, талапты, сонымен бірге өнерге де ерекше құштар болатын. Әсіресе әдебиет пәнінен алдына жан салмайтын. Әдемі ән айтып, би билейтін. Өнерімен қаланың атын шығарып, облыстық, республикалық өнер сайыстарына да қатысып, бірінші орындардан көрініп жүретін. Осындай кездерінде ғой Фатиманың Қаражанның көзіне түсіп жүргені. Тек көзге түсіп емес, кейіннен екеуі үйленіп, шаңырақ көтерді.

Фатима Шәмшінің әндерін нақышына келтіре орындайтын. Композитордың әрбір әнін тебірене орындаған кезде тыңдаушылар қауымы өздерінің қалай тербеліп кеткенін де білмей қалатын. Фатима көрермендердің құрметіне осылай бөленді. Содан кейін ғой, Қаражанмен өзара сыйластығы мол Шәмші Фатимаға арнап «Ақ бантик» әнін шығарып жүргені», деп жазады автор. 

Сондай-ақ Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқов тұрған пәтерде бүгінгі күні кім тұратынын Серікбай Тұржанның «Ақ бантик әңгімесі» мақаласынан толық оқи аласыз.