Нидерланд сәулетшісі Пит Блом жобалаған бұл төртбұрыш пішінді ғимарат – Роттердамдағы ғажайып сәулет өнері. Мұндағы әрбір баған 45 градусқа қисая орналасқан.
Қалада дәл осындай 38 үй бар. Олардың әрқайсысы үш қабаттан тұрады. Физика заңдарына қайшы келетін бұл заманауи әрі ерекше стильді ғимараттар туристердің назарын еріксіз аударады. Тіпті тізбектелген текше тәрізді үйлер бір қарағанда жер үстінде қалқып тұрғандай көрінеді. Сәулетші Пиет Блом сол себепті де өз жобасын «Қала ішіндегі қала» деп атаған.
Гувер бөгеті
Колорадо өзені арқылы өтетін орасан зор бөгет 60 қабатты ғимараттың биіктігіндей деңгейде орналасқан және 1,3 миллион тұрғын үйге жеткілікті электр энергиясын өндіреді.
Бөгет салу жұмыстары Колорадо өзенінде 1931 жылы басталып, бес жылда аяқталған. Құрылыстың ұзындығы – 379 метр, биіктігі – 221 метр. Ол 20 жыл бойы әлемдегі ең биік бөгет болып саналған. Бүгінде әлемдегі ең биік бөгет – Вахш өзеніндегі Рагун бөгеті. Оның биіктігі – 335 метр.
Қарапайым болса да қадірлі
Сәулет өнері неғұрлым ерекше болса, соғұрлым танымал. Бұған сәулетшінің қайталанбас идеясы, тіпті құрылысшының қателігі себеп болады. Ал кейде қарапайым әрі креативті өнер туындысына жұрттың ынтасы мен ықыласы ерекше артып тұратыны тағы бар.
Мәселен, «Hang Nga» қонақүйіне бір қарағанда, ол өзі осындай болып жер астынан өскен, ал адамдар оны қонақтар қабылдауға аздап қана бейімдеген сияқты әсер туғызады. Ал шындығында, ғимарат толығымен вьетнамдық сәулетші Данг Вьет Нганың қолынан шыққан. Ол қонақүйдің дизайнын жануарлар, саңырауқұлақтар сияқты табиғи элементтермен безендірген. Қонақүй осыншалықты қарапайым болса да, табиғатпен тамырласып жатқаны үшін мұнда келетін туристердің қарасы өте көп.