• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 16 Тамыз, 2024

Олжас Бектенов: Мемлекет басшысының тапсырмасы мерзімінде орындалуға тиіс

89 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге тұрғын үй салу және сатып алу мәселелері қаралды.

Өнеркәсіп және құрылыс, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Энергетика, Көлік министрліктерінің басшылары мен бірқатар облыс әкімдері су тасқыны салдарын жою жұмыстарының барысы туралы баяндады. Апатты деп танылған 8 650 үйдің иесіне қайталама нарықтан үй сатып алынып немесе жаңасы салынып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуын­ша, 2 569 жаңа үй салынып жатыр, олардың 619-ы толықтай дайын. 2 431 үйдің іргетасы тұрғызылды, 2 207 үйдің қабырғасы қаланды, 2 007 нысанның шатыры жабылды.

Жөнделуге тиіс 9 189 нысанның 8 939-ында (97%) жұмыстар аяқталған. Сатып алуға жоспарланған 6 081 үй мен пәтердің бүгінде 4 918-і (81%) сатып алынды.

Премьер-министр су тасқыны салдарын жою және азаматтардың мүлкін қалпына келтіруде белсенді жұмыс жүргізілсе де, бекітілген кестелерден кешігу фактілері бар екеніне тоқталды.

«Мемлекет басшысының су тасқы­нынан зардап шеккендерді уақтылы тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнін­дегі міндеті мерзімінде орындалуға тиіс. Республикалық штаб қажетті ше­шім­­дерді қабылдады, қаржы толық көлем­де бөлінді. Барлық ресурсты жұ­мылдырып, жұмысты жандандыру қажет», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысына әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндалды. Су тасқыны салдарынан еліміздің 6 өңірінде 11 мыңға жуық бала оқитын 40 білім ұйымы зардап шекті. Бұл бағытта да қалпына келтіру жұмыстары белсенді атқарылып жатыр.

Ақтөбе облысында 8 нысанға күр­делі және ағымдағы жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Үкімет резер­вінен 6 жаңа білім мекемесінің құры­лысына 6,2 млрд теңге бөлінді. Атырау облысындағы 6 нысанда жөндеу жұ­мыстары 50%-ға аяқталды. Сонымен қатар балабақша мен мектеп құрылысы басталды.

Батыс Қазақстан облысында 4 нысан­ның ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарла­нып отыр. Солтүстік Қазақстан облысында су басқан 5 білім ұйымының 3-еуі оқу жылын бастауға дайын. Ақмола және Қостанай облыстарындағы білім мекемелерінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған өңірлерде 6 нысан зақымданған, солардың біреуі бұзылып, орнына жаңа ғимарат салынады.

Өңірлерде 8 медицина мекемесі зардап шекті. Үш нысанның құрылысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Тағы үш нысан ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет етеді, ал біреуінің орнына жаңа ғимарат салу жоспарланған.

Бүгінгі таңда республикалық магис­тралдардың 102 учаскесінде жұмыс то­лығымен аяқталды. Газ тасымалдау инфрақұрылымы нысандары штаттық режімде жұмыс істейді.

Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігіне әкімдіктермен бірлесіп, барлық жұмыс аяқталғанға дейін құрылыс нысандарында үйлестіру мен бақылауды күшейту тапсырылды.