Батыс Қазақстан облысының Орал қалалық соты биылғы жылдың 4 қаңтарында «Rizyq» кафесінде орын алған жарылысқа кінәлі тұлғаға айыптау үкімін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, «Rizyq» кафесінің басшысы «У» есімді сотталушы газ жабдықтарын қолданудың белгіленген ережелерін бұзып, салдарынан мейрамхана ғимаратының бір бөлігі құлаған еді. Салдарынан үш адам қаза болып, бес адам әр түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған.
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, сот отырысы барысында сотталушы кінәсін мойындамай, барлық жауапкершілікті жұмысшыларына артпақ болған. Алайда мемлекеттік айыптаушының принципті ұстанымы және сотқа ұсынған сотталушылардың кінәлілігін растайтын бұлтартпас дәлелдемелері айыптау үкімін шығаруға ықпал еткен.
«Нәтижесінде сот сотталушыны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, мекемелерде әкімшілік-шаруашылық және ұйымдастырушылық-өкімдік қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады», делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.