Кейінгі жылдары жастар арасында зиянды әдеттердің белең алуы, оның ішінде нашақорлық, вейп, насыбай, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессия секілді проблемалар қоғамға, отбасы құндылығына қауіп төндіріп тұр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында баса айтты.
«Нашақорлық, әсіресе балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Мен былтырғы Құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан вейптердің таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым.
Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да – қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес», деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы Үкіметтің қаулысы қабылданды. Бұл – еліміздегі әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған маңызды қадам. Алайда осы қабылданған іс-шаралардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін қосымша ғылыми және практикалық қолдау қажет.
Себеп пен салдарды сарапқа салсақ, бұл мәселенің барлығы психологиялық аспектілермен тығыз байланысты. Біріншіден, отбасы – адам қалыптасатын, бой түзейтін, ең алғашқы әлеуметтік институт. Демек балаға моральдық бағдар береді, әлеуметтік дағдыларды үйретеді және эмоционалды қолдау көрсетеді. Ашып айтсақ, моральдық негіздер баланың жеке тұлғалық және әлеуметтік мінез-құлқына әсер етеді. Отбасындағы тәрбие арқылы бала жақсы мінез-құлықты үйренеді, әділдік, жауапкершілік және жанашырлық сияқты моральдық нормаларды меңгереді. Бұл қасиеттер адамның қоғамда дұрыс бейімделуіне, әлеуметтік қарым-қатынастарда жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.
Ал отбасындағы эмоционалдық қолдау мен сүйіспеншілік балалардың өзін-өзі бағалауын арттырады, эмоционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қолдаушы және сүйіспеншілікке толы отбасы, ортасы жасөспірімдердің күйзелісте төзімді болуына көмектеседі. Психологиялық тұрғыдан алғанда, отбасындағы эмоционалдық климат баланың психикалық денсаулығына және жалпы әл-ауқатына оң әсер етеді.
Өз кезегінде әлеуметтік дағдылар қоғамда сәтті бейімделу үшін маңызды. Балалар отбасында әлеуметтік өзара әрекеттесу, коммуникация, проблемаларды шешу сияқты дағдыларды үйренеді. Бұл баланың қоғамдық өмірде өздерін жақсы сезінуіне және тиімді қарым-қатынаста болуына сеп болады.
Жастар арасындағы белең алған зиянды әдеттер осындай психологиялық аспектілердің бірінің ақсауынан туындайды. Мәселен, нашақорлық – отбасылық проблемалар, әлеуметтік қысым, және психологиялық бұзылулар себебімен байланысты. Ал оның психологиялық әсеріне депрессия, алаңдаушылық және психикалық бұзылулар жатады. Вейп қолдану да күйзелісті арттырады. Насыбай ату тәуелділік, әлеуметтік оқшаулануға итермелейді.
Лудомания немесе құмар ойындарға тәуелділік те – жастар арасында кең таралған проблема. Егер отбасында құмар ойыншы болса, бала оның мінез-құлқын бойына сіңіре бастайды. Кейде бала тәуелділік әсерінен қайталанатын қозғалыстарды орындауға бейім болады. Тіпті кей азаматтар өзінің жалғыздығын, әлеуметтік ортадан оқшауланып қалған сезімін құмар ойындармен толтырады. Яғни ойын арқылы олар психикалық бос орынды толтыруға, сағыныштан арылуға және зеріктіруді жоюға тырысады. Бұл тәуелділік қаржылық қиындықтардан бөлек, күйзеліс, депрессия, тіпті суицид туралы ойларды тудыруы ықтимал.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық психологиялық, физикалық және эмоционалдық жарақаттарды қамтиды. Негізі бұл мәселе отбасындағы проблеманың жылдар бойы басылып, ушыға беруінен туындауы мүмкін. Бір-бірімен ашық сөйлеспей, эмоциясын жеткізе алмағандықтан, күйзеліс, агрессия, қорқыныш секілді неше түрлі сезімді басқара алмауы салдарынан болуы ықтимал. Адам эмоциясын іштей басып, сыртқа дұрыс күйде шығара алмағандықтан туындайды. Сондықтан психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйелерін дамыту маңызды.
Буллинг пен агрессия да – жастар арасындағы психологиялық зорлық-зомбылықтың көрінісі. Бұл құбылыстар депрессия, өзін-өзі бағаламау және әлеуметтік оқшауланудан туындайды.
Қоғамның әлеуметтік құрылымында отбасы құндылықтары аса маңызды орын алады. Отбасы құндылықтарының маңыздылығы мен жастар арасындағы зиянды әдеттердің психологиялық аспектілері елімізде психология ғылымының қажеттілігін көрсетеді.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн», деген еді. Осы орайда жоғарыда атап өткен мәселелердің өзегі мен өткірлігін ескере отыра, кеселмен күресте, алдын алуда психологиялық ғылыми зерттеу институтын ашу қажет. Институт түйткілді тарқатуда негізгі рөл атқарады. Өйткені жастар психологиясын, қоғамның әлеуметтік мінез-құлқын зерттеу арқылы себептері анықталып, оңтайлы шешімдер мен интервенциялар ұсынылады.
Одан қалды ғылыми зерттеулерді жүйелеуде, психологиялық қолдау көрсетуде, кәсіби білім беруде, әлеуметтік жобаларды қолдауда, қоғамдық сананы оятуда және халықаралық ынтымақтастықты дамытуда жастар мен жалпы қоғамның психикалық денсаулығын сақтау және жақсартуда үлкен үлес қосады. Әлемдік тәжірибе зерттеліп, мамандар білім-білігін жетілдіреді. Заманауи психологиялық құралдар мен жабдықтарды пайдалану зерттеулердің дәлдігін арттырады. Мәселен, нейропсихологиялық тесттер, биообрат байланыс құралдары және басқа да инновациялық жабдықтар психикалық денсаулықты зерттеуде қолданылуы мүмкін. Бұған қоса әлемдік психологиялық зерттеулердің нәтижелерін интеграциялау жаңа ғылыми түсініктер мен теорияларды қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл – қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Балабек САҚТАҒАНОВ,
PhD, психолог