• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 21 Тамыз, 2024

Кенептегі көлеңкесіз сызықтар

73 рет
көрсетілді

Суретші кейде табиғат пен адам арасындағы елші секілді. Жүрек лүпілі қылқаламынан тамған әр бояудан сезіліп тұрса ғана суретшінің өмірі мен шығармашылығы біртұтас әлемге айналғаны.

Жанымен жазатын шебер таңсық жемістер, әдемі гүл шоқтары, гүл тізбектері, күлтеленген маталар, пішіні әшекейлі себеттер, тауыс қауырсындары мен әсем ыдыстарды бейнелегенде, жан бітіргендей әсерге қалдырады. Салтанат Сәдібекова табиғат сұлулығын жырлай отырып, табиғи ортадағы өмірді анық әрі нанымды бедерлеуге тырысады. Табиғаттың түсі мен тылсым бояуларын талғампаздықпен сезінеді. Оның шығармаларына сергектікпен қатар, колориттің қанықтығы тән.

Кенептегі омбы қарға шомылған биік қарағайлар, кішкентай терезелері жарқыраған аласа үйлер, күн шапағына бөленген ауыл кеші, Іле Алатауы жота­ларының маңғаз көрінісі жүрекке жылы тиеді. Оның қолтаңбасына тән басты ерекшелік – жарқын да қанық палитра, өмірге құштарлық һәм позитив. Ми кемірген мың сан ойдың жауабын ағаштардан, гүлдерден, жемістерден, аспандағы бұлттардың ғажап құбылысынан іздейтін суретші мұңның өзін сұлулық арқылы береді.

Кейіпкеріміз өнерге алғаш қадам басқанда импрессионист суретшілерге айрықша қызығушылық танытқан. Өзінің сүйікті суретшілері сияқты, ол да үнемі эксперимент жасайды. Таза бояуларды түтіктен тікелей кенепке сығып, туындысын импрессионистерше ұсақ бояулармен аяқтайды, кейде қарама-қарсы түрлі түсті көлеңкелер жасау үшін қара түсті немесе қою көк кобальтті пайдаланады. Француз және орыс пост-импрессионист және авангард суретшілерінің полемикалық жұ­мыс­тарына да назар аударады. Оның туын­дысында өзіне тән қарама-қарсы түстер, жеңіл геометриялық пішіндер бірнеше көзқарастың үйлесімі көрінеді.

Өнертанушы Мария Копелиович «Салтанат үшін жалпыадамзаттық мәсе­ле­лерге, міндеттерге және оларды шешу мүмкіндіктеріне көңіл бөлу өзекті» дей келе, Сәдібекованың қолтаңбасы хақында өз ойын ортаға салды.

«Бүгінгі таңда Сәдібекова мәдени өмірімізге берік енген «сәндік кескіндеме» стилінде жұмыс істейді. Декоративтілік көркем шығарманың көркемдік дизайнын толықтыра отырып, талғампаздығымен, сәндік формасымен, бөлшектерді мұқият өңдеуімен ерекшеленетін өнер туындыларының сапасы. Суретші түсті туындының өзін-өзі басқаратын объектісі ретінде түсіндіреді. Сонымен қатар  ол түс пен сызық, пәндік пішін және үшөлшемді кеңістік арасындағы көрнекі диалогке де қызығушылық танытады. Мысалы, күздің суреттерін салу үшін Салтанат күзгі ашық табиғи түстерді пайдаланады, бірақ екінші және үшін­ші жоспардағы үнсіз тондардың, ақ дақтардың қарама-қайшылықтарының және бірінші жоспардағы қараңғы сызықтық үлгісінің арқасында оларды күйдіріп, жарқыратады. Қазіргі заманғы өнерде форма мен стиль шексіз түрде еркін қолданылады. Бұл фактіні бастапқы нүкте ретінде қабылдай отырып, Салтанат өзінің шынайы үні мен әлемге деген көзқарасын көрсетуге тырысады. Оның пікірінше, шығармашылық ізденіс, өзін-өзі көрсетуге деген ұмтылыс суретшіден өте адал болуды, етене жа­қын, терең тәжірибенің басын ашуды талап етеді, сондықтан ол әрқашан өз картиналары үшін жаңа бағыттар мен бейнелерді іздейді», дейді Мария Копелиович.

Оның «Шарын шатқалы» деп аталған туындысы еріксіз назар аудартады. Басты нысаннан бөлек кенептегі жаздың аптап ыстығы, аспанның қанық көк түсі шөлейттер аңғарының сұлулығын арай­ландыра түскендей. Сәдібекова кенептерге алдын ала эскиз жасамайтынын, бірақ бос кенепке «көлеңкесіз сызықтармен» сурет салатынын, содан кейін жұмыс «жоғарыдан аян түрінде келетін колористикалық шешіммен» аяқталатынын айтады.

 

 АЛМАТЫ