• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым 21 Тамыз, 2024

Еңбегі адал, жаны ізгі тұлға еді

261 рет
көрсетілді

Адал еңбегімен елдің құр­метіне бөленіп, халқының жүрек төрінен ерекше орын алған Сүйін­дік Байкенұлымен 1972 жыл­дан 1992 жылға дейін «Же­ңіс» кеңшарында қыз­мет­тес болдым. Ол кісі кеңшар директоры, мен кә­сіподақ ұйымы төрағасы қызметін ат­қардым. Сү­йін­дік Бай­­кенұлы ұжым­ды бас­­қарудағы іскерлік, ұйымдас­­тырушылық қа­бі­л­е­тімен, адал еңбегі­мен ха­лыққа қадірлі болып, абы­ройлы қызмет атқарды.

Ол жаратылысынан жайдары, жұмсақ, адам баласына қатты сөз айтып, көңілін қалдырмайтын мінезге бай жан еді. Адамгершілік қасиеті, ар тазалығын биік ұстауы арқылы төңірегіндегі халқының ризашылығы мен алғысына бө­ленді. Жан-жағына шуақ шашып жүретін, пейілі кең, кісілік пен кішілігі бірдей жарасқан тұл­ғалы азамат еді.

Сүйкең – адамды басшылық жұмысқа халыққа қызмет ат­қару үшін тағайындайды деп білетін және қанша жыл жұмыс іс­тесе де, не сөзімен, не ісімен сол пиғылынан ешқашан айны­маған жан. Ол кісі жұмыс бас­пал­дағында жоғарылауды еш уа­қытта мақсат тұтпады, қыз­метті ел игілігіне пайдаланып, жастық күш-қайратын халыққа қызмет етуге жұмсап, көптің алғы­сына бөлену жолында тер төкті. Ұжымдағы партия, кеңес, кәсіподақ, комсомол ұйымда­рымен бірлесіп жұмыс істеп, кеңшар экономикасын көтеріп, халық­тың әлеуметтік, мәдени жағ­дайларын жақсартуға, малдың тұқымдық сапасын көтеріп, одан алынатын өнімді молайтып, сапасын арттыруға көп еңбек сіңірді.

Сүйіндік Байкенұлы іскер, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыруды жетік білетін өн­діріс жетекшісі болды. Сүй­кең басқарған жылдары шаруа­шылықта зоотехникалық, мал дәрі­герлік жұмыстар тиімді ұйым­дастырылып, шопандарға, еңбек­керлерге материалдық, мораль­дық көмек көрсетіліп, ең­бектегі табыстарын бағалау жүйе­лі түрде жүргізілді. Нәтижесінде мал басы өсіп, өнімділігі артты. Мемлекетке жыл сайын сапалы ет, жүн өткізіп, ақшалай мол та­быс алынып, бұл қаражат еңбекші­лердің әлеуметтік, мәдени, тұр­мыстық жағдайларын жақсартуға жұмсалып отырды. Осы жылдар ішінде жүздеген тұрғын үй, бөлімше орталықтарында бастауыш мектеп, 8 жылдық мектеп, кеңшар орталығында 25 төсектік аурухана, 300 орындық Мәдениет үйі, кеңшар орталығындағы мектепке қосымша құрылыс, тағы да басқа нысандар салынды. «Шал­ғия» радонды су курортынан ши­пажай ашылып, шопандар мен механизаторларды емдеу ісі ұйымдастырылды.

Сүйіндік Байкенұлы білікті, тұ­рақты кадрлар болған жерде табысты еңбек боларын болжаған азамат еді. Ауыл балалары жо­ғары оқу орнына, техникум, учили­щелерге кеңшар стипендианты есебінен оқытылып, туған ауылына еңбек етуге тартылып, тұрақты мал мамандарымен, ме­ха­низаторлармен қамтамасыз етіліп отыратын.

Сүйкең «Жеңіс» кеңшарына 20 жыл басшы болғанда, кең­шардың мамандарымен де, жұмыс­керлерімен де үнемі тіл та­бысып, ешқайсысымен бір­ауыз қатты сөзге келмепті. Кең­шар­дың бас мамандарының қызметі жоғарылап кеткендері болмаса, ауыспады десе де болады. Басқа жаққа кеткен жігіт­тер жұмысынан босап жатса, оларға жұмыс беріп, туған же­ріне оралуына мүмкүндік беретін. «Бұл азаматтар – осы елдің балалары, ерте ме, кеш пе, олар ата-анасының, туған-туы­сы­ның маңайына келгені дұрыс, сон­дықтан оларға жұмыс тауып беру, жағдай жасау – менің азаматтық борышым» деп отыратын.

Сүйіндік Байкенұлы облыстық Тұтынушылар одағынан қойшы­ларға керек-жарақты түгендеп, автодүкендермен жеткізілуін қада­ғалап тұратын. Жеке ба­сы­ның жоқ-жітігін көбірек тү­ген­дейтіндер сияқты өз отба­сына «мы­надай зат керек еді» деп Сүй­кеңнің келгенін есті­меп­піз дейтін еді сол мекеме қыз­мет­керлері. Өзі басқарған шаруа­шылықта да ысырапқа жол берген жоқ.

Ол әр шаруаны әріден болжап, алдын ала дайындалатын. Соның бір мысалы «Жеңіс» кең­шарын асыл тұқымды мал зауытына айналдыру болса, тағы бір мысалы – дәулескер күйші Ықы­лас Дүкенұлының мерейтойын өткізуге үш жыл бұрын арнайы қор ашып, дайындық жасауы.

1975 жылдан Алматы зоо­тех­­никалық мал дәрігерлік инс­титутының ғалымда­рымен келісімшарт жасасып, ғылыми зерттеу селекциялық жұмыстарын жүргізуі үшін жағ­дай жасады. Өзі бас болып, ша­руа­шылықтағы қой тұқымын асылдандыру бағытында 15 жыл­­­дай жұмыс жүргізді. Нә­ти­же­сінде, «Сарыарқа» асыл тұ­қымды ақ жүнді қой өнімі пайда болды. Республика көлеміндегі ша­руа­шылық жетістіктерінің көр­­месінде шаруашылықтың

120 кг тартатын аппақ жүнді қош­қар тұқымы жоғары көрсеткіш көр­­сетуінің негізінде «Жеңіс» кең­шары асыл тұқымды мал шаруа­шылығы мәртебесіне ие болды.

1993 жылдары мемлекет мүл­кін жаппай жекешелендіру кезінде «Жеңіс» кеңшары «асыл тұқымды мал шаруашылықтарын жекешелендіруге ерекше жағ­даймен қарау керек» деген үкімет қаулысына сүйеніп, бұрынғы құрылымын сақтап қалды. Ел азаматтарының ауызбірлігі және зейнеткерлер мен ауылдастарға күнкөріс қиын болатынын ойлап, жиырма жыл еңбек өтілі бар директорларға берілетін 20% акция үлесінен саналы түрде бас тарт­қан, жекешеленуге жол бермеген Сүйіндік Байкенұлының азаматтығының арқасы деп біле­мін. Сөйтіп, Сүйкең өзі айтқандай, «өз еңбек Отанының бірлігін сақтап, акционерлік қоғамға үле­сімді қосайын» деп шешті.

Оның бойында менмендік, мансапқорлық әдеттер жоқ еді. Керісінше, қарапайымдылығы, иман­дылығы басым, кішіпейіл, кек сақтамайтын кешірімшіл болды. Өзінен жоғары қызметкерлерге жағымпаздануды, қызметін пай­­­даланып қалуды, мемлекет мүлкін бас пайдасына жарату­ды ойламайтын, тек өзінің еңбегі мен табысына сенетін адал, иман­жүзді жан еді. Ол парасат-пайы­мы биік, ұстамды мінезімен қа­рамағындағы мамандармен, еңбек адамдарымен тіл табысып, сыйласып еңбек еткен, қызметте тазалықты, әділет пен шындық жолын берік ұстанған, ел ағасы атанған азамат еді.

Алла берген жасты жасап, ізгілікті іс тындырып, артына жар­қыраған із қалдырған Сүйіндік Байкенұлын жастарға үлгі етуді көзкөрген замандастарының, біз­дің азаматтық борышымыз деп білемін.

 

Құрман Сәдуақасов,

еңбек ардагері