Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Astana LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы Egemen.kz Антикорға сілтеме жасап хабарлайды.
- Қазіргі уақытта тергеу нәтижесінде ауыр қылмыс жасауда жиналған дәлелдер күдікті Т. Ардан әрекеттерін Қылмыстық Кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша саралауға мүмкіндік берді. Қылмыстық-процестік кодексінің 208-бабы 1-бөлігіне сәйкес күдікті жауап алуға шақырылады, - делінген хабарламада.
Антикор мәліметінше, күдікті Т. Ардан Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуына және келуден жалтаруына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚПК-нің 205-бабының 3-бөлігін басшылыққа ала отырып, күдіктіні шақыру туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
- Жауап алу және күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау үшін Т. Ардан 2024 жылы 23 тамызда сағат 09:00-де Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 19, Б блогы мекенжайында орналасқан Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік ғимаратына жедел-тергеу тобының басшысы Ж. Өтепқалиевке келу қажет. Күдікті тергеу әрекеттеріне қатысу үшін қорғаушыны дербес шақыруға не қылмыстық процесті жүргізуші органның қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы өтінішхат беруге құқылы (ҚПК 68-бабы), - деді құзырлы орган өкілдері.
Егер қорғаушыны күдікті немесе оның заңды өкілдері, сондай-ақ олардың тапсырмалары бойынша басқа адамдар шақырмаса, қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қамтамасыз етеді ( ҚПК 67-бабы).