• RUB:
    4.93
  • USD:
    523.17
  • EUR:
    550.06
Басты сайтқа өту
Пікір 23 Тамыз, 2024

Қарыз ауыртпалығын қайтіп жоямыз?

237 рет
көрсетілді

Халықтың қарыз ауыртпалығы туралы әртүрлі пікір естіп жүрміз. Қаржы институттары «бізде қарыз проблемасы жоқ» дейді. Олар бұл пікірді ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) несие қарызы үлесімен дәйектегісі келеді. Шын мәнінде бізде қарыз мәселесі бар. Бар болғанда қандай, кейбір сегментте ол шектен шығып кетті.

Азаматтар үшін несиемен күн көру қа­лыпты жағдайға айналды. Тұ­тынушылық несиенің көбі отандық өн­дірісті емес, им­портты ынталандырады. Бөліп төлеу сег­менті мен маркетплейс алаң­дары жеткі­лікті реттелмеген. Қарыз ауырт­палығын несие пайызын төмендету ар­қы­лы жеңе алмаймыз. Инфляцияға қарсы ше­шімдерде осы мәселелерді нарықтық жүйе­мен реттеу жағы кемшін.

Бізде тек көлікті ғана емес, дәретхана қағазын да бөліп төлеумен сатып алуға болады. Қарызға тамақтану, қарызға азық-түлік алу, тіпті қарызға шетелге саяхатқа шығу қатты белең алды. Бұл зерттелмеген тақырып болғандықтан, халық оны пайызсыз берілген дүние деп қабылдайды. Банктің пайыздық маржасы тауар бағасына бекітілгеніне ешкім назар аудармайды. Егер бұл Үкімет пен Ұлт­тық банк тарапынан зерделенбесе, банк­тер мен халыққа қызмет көрсету сегментінің монополиясы ешкімге ырық бермей кетуі бек мүмкін. Мысалы, жыл сайынғы бөліп төлеу жоспары бойынша 15% көлеміндегі тауар құнына кэшбэк банкке 30% немесе одан да көп тиімді пайыздық мөлшерлемені сыйлайды. Ал егер клиент бөліп төлеуді кестеден кешіктірсе, онда стандартты пайыздық мөлшерлеме қосылады, бөліп төлеу несиеге ауыстырылады және тиімді мөлшерлеме 50%-дан асып кетеді.

Қарызын өтеу мүмкіндігі шектеліп қалған адамдарға мемлекет көмек көрсетті. Бірақ ол несие сегментіндегі жағдайды тү­бегейлі сауықтыра алмады. Тіпті кейінгі кезде жиі айтыла бастаған қарыз беруді шек­теу туралы ұсыныстың өзі микроқаржы ұйым­дары мен ломбардтардың көбейіп кетуіне жол ашқанын көріп жүрміз. Біздің елдегі на­рықтың табиғаты ешбір елге ұқса­майды. Несие пайызы тым көп, ел іші­нен шыққан инвесторлар экономиканы қаржы­ландыруға құлықсыз.

Қаржы сегментінің өкілі ретінде халық­тың банк алдындағы қарызын ІЖӨ үлесімен салыстырып қарау дұрыс емес деген пікірді қолдаймын. ІЖӨ – халық табысының жаһандық деңгеймен салыстырғандағы көрсеткіші. Ол шикізат көздерінен алынған табысқа негізделген және ең алдымен ортақ табысқа басымдық беріледі. Дамыған елдермен салыстырғанда біздің ІЖӨ құры­лымындағы жалақының үлесі өте аз, ал несиелерді өтеу мүмкіндігі жалақы деңгейі­мен анықталмай ма?

Дамыған елдердегі несиенің үлесінде ұзақ мерзімге берілетін ипотека мен автонесие басым. Ал бізде тұтыну несиелерінің үлесі басым. Оның өтеу мерзімі дамыған елдермен салыстырғанда қысқа. Ипотека мер­зімі – 20 жыл, тұтынушылық несие – 3 жыл. Ай сайынғы төлемге түсетін жүктеме бізде 7 есеге дейін көп. Халық табысы несие шартында көрсетілген міндеттемелерді өтеуге жетпейді. Несие қаражатының өте үлкен бөлігі импорттық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалады, осылайша валюта бағамына қысым жасалады. Бұл инфляцияға әсер етеді, өйткені теңгенің құнсыздануы импорттың құнын арттырады, демек инфляцияға әкеледі.

Түптеп келгенде, қарыз ауыртпалығының негізгі себебі – несие пайызының жоға­ры екенінде ғана емес, халық кірісінің тө­мен­ді­гінде, инфляцияда және бәсе­келестіктің жоқтығында. Кейінгі жыл­дары инфляция халықтың табысын құнсыз­дандырып жі­берді. Табыс өскенімен, табыс теңсіздігі қоса өсті. Инфляция деңгейіне жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар, БЖЗҚ қаржы­сы­ның ипотека нарығына жіберілуі, жеңіл­детілген автонесие, қарыздың кешірілуі сияқты мемлекеттік бастамалар да әсер етті. Проблемалық қарыздың мемлекет есебінен өтелуін де нарық заңы деп айта алмаймыз. Кез келген өтелмеген несие несиесін мезгілінде төлеп жүрген қарыз алушының есебінен өтеледі. Мұның бәрі сайып келгенде несие пайызына, қарызға қызмет көрсету құнына әсер етеді.

Үкімет пен ҰБ қарыз ауыртпалығын популистік шешімдермен жоя алмайды. Бұл – бірнеше жылдарға созылатын өте күрделі трансформация. Мемлекеттік деңгейде қарастырылып жатқан реформалар алдағы 2-3 жылда нәтиже берсе, соның өзі үлкен олжа.