• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Құқық 23 Тамыз, 2024

Ашық сот – қоғам сұранысы

260 рет
көрсетілді

Сот жүйесінің ашықтығын жетілдіру – уақыт талабы. Дамыған елдер тәжірибесінде бұл әлдеқашан қалыпқа түскен шаруа. Құқықтық сауаттылық қоғамды алға жетелейді десек, әділет орындары мен бұқара арасында туындаған мыңсан сауалға жүйелі жауап беру үшін төртінші билік өкілдеріне ауқымды міндет жүктеледі. Журналистер құқық тақырыбына қалам тербегенде қандай мәселеге назар аударғаны абзал? Сот үдерісіне қатысатын тілшілер кәсіби маман ретінде өздерін қалай ұстауы керек? Бұл сұрақтардың жауабы білікті заңгерлерді, судьялар мен медиа мамандарды бір алаңда тоғыстырған семинар-кеңесте сараланды.

Алматы қаласында Сот әкім­­шілігі, Еуропа­да­ғы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының Аста­на­­дағы бағдарламалар кең­сесі мен Фридрих Эберт қоры бірлесе ұйымдастырған іс-шараға ел аймақтарынан заң саласында жазатын журналистер арнайы шақырылды. Ағартушылық ба­ғыт­та өрбіген семинарда Масс-медиа туралы қабылданған жаңа заң айналасында туындай­тын талап-тілектер, сот пен жур­на­листердің кәсіби байланысы, сот жүйесін жетілдірудің тың бағыттары, авторлық құқық секіл­ді тақырыптар талқыланды.

Құқық тақырыбына қалам тербеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе адам тағдыры талқыға түсетін сот ісін жариялау­­да мән беретін нәзік мәселе аз емес. Соттағы журналист мінез-құлқының этикалық нормалары, сот шешімдерінен алынған ақпаратты дұрыс пайдалану, объективтілік өз алдына, құрғақ эмоция мен жалған долбарға ерік бермей, нақты әрі сауатты ақпарат тарату тілшінің кәсіби шеберлігінің жемісі. Сол секілді құзырлы орын өкілдері тарапынан орынсыз ескерту алып, сот залында өз құқы шектелмес үшін де журналистерге заң талаптарын бүге-шүгесіне дейін білгені абзал.

Жоғарғы сот судьясы Елена Максюта, судья Айжан Кульбаева, Құқықтық медиа орталығының мамандары Гүлмира Біржанова мен Диана Окремова екі күн бойы сот үдерісінің қыр-сыры туралы әңгімелеп, саладағы тә­жіри­белерімен бөлісті. Еркін пікір алмасу форматында өткен семинарда сот ісінің көп айтыла бермейтін ерекшеліктері, судьялардың тұлғалық бет-бей­несін қалыптастыру, қыл­мыстық іске төрелік айтатын қазылардың әр істен кейін кешетін эмоциялық халі туралы тілшілер көкейдегі сауал­­дарын жолдап, толымды жа­уап алды. Фридрих Эберт атын­дағы қордың Астанадағы өкіл­дігінің басшысы Зәуреш Шутова құ­зырлы орындар мен жур­налистер арасындағы ынты­мақ­тастық бай­ланыстың әлемдік өрісі, бұл ба­ғыттағы дамыған елдер тәжіри­бесі туралы шолу жасады. Семи­нардың интерактивті бөлі­гінде тілшілер қауымы сот қыз­мет­керінің рөлін сомдап, ал судьялар керісінше өздерін бір сәт БАҚ өкілі ретінде сезініп көрді.

«Сот әкімшілігі мұндай маз­мұндағы семинар-кеңестер өткі­зуді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл қос тарап үшін де пайдалы. БАҚ өкілдері – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Соттан қорқудың қажеті жоқ. Журналистер бұқараға сот саласының ашықтығын жет­кізуі қажет. Халықтың құ­қық­­тық сауатын арттыруда кәсі­би мамандардың рөлі зор. Жур­­налистер соттың баспасөз қыз­метімен тікелей байланыс­ты болғаны жөн. Біз судьялар порталы арқылы әрбір келіп түскен сұраққа жауап беріп, БАҚ бетінде жарияланған ма­териал­дармен жіті танысып оты­рамыз. Журналистер ақ­па­­рат­тың шынайылығына көз жет­­кізуі маңызды. Сотқа сын айту қа­лыпты құбылысқа айналғандай. Әсіресе блогерлер тарапынан орынсыз сын іздеп, негізсіз жарияланымдар жасайтын тұстар болады. Сот саласын жазудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ақ­параттың жылдам жүйт­кіген дәуі­рінде кибершабуыл, компью­тер­лік қылмыс, өзге адамның атынан онлайн несие рәсімдеу секілді алаяқтық фактілері белең алды. Қалам ұста­ған қауым ха­лықты мұндай келең­сіздік­тер­ден сақтануға ша­қыратын материал­дар­ға көбі­рек назар аударса игі», дейді Елена Максюта.

Семинар барысында авторлық құқық мәселесі кеңінен айтылды. Заңгер Гүлмира Біржанова ғаламтордағы бір ғана фотосуретті сілтемесіз жариялағаны үшін миллиондаған теңге қаржылай шығынға ұшырап жатқан редакциялар барын алға тартты. Мұндай жаймен бетпе-бет келмес үшін, мамандар мұқият болғаны жөн. Себебі өзінің түсірген суретін ғаламторға жариялап, мақсатты түрде сотқа беріп, қар­жы талап ететіндер бар.

Іс-шара соңында семинарға қатыс­қан БАҚ өкілдеріне ұйым­дастырушылар тарапынан арнайы сертификат тапсырылды.

 

АЛМАТЫ