Алып ақындар алып тақырыптардың қойнауына сүңгиді. Тіпті кіші көріністен де алуан ой тудыруы да мүмкін. Үлкен ақыл иелері жаратылыс шеңберіне, даналық биігіне ат шалдырған. Пушкин мен Мағжан секілді.
Пушкиннің «Пайғамбары» шығыстық үлгілермен, соның ішінде Құран аяттарымен тікелей байланысады. «Құранға еліктеу» жырында бұл айқын көрінген болатын.
«Ант етемін таспихсіз, таспихпен,
Ант етемін қылышпен, әділетті күреспен,
Ант етемін таңертеңгі жұлдызбен,
Ант етемін кешкі оқылар намазбен!»
Әлқисса, «Пайғамбар» жырына ойысар болсақ, өлеңнің негізі Мұхаммед пайғамбар өмірінен алынып отыр. Оқиға түркі Рабғузидің «Қиссасу-л-Әнбия» кітабынан, Шәді төренің «Сияр Шариф» еңбегі һәм ауыз әдебиеті үлгілеріндегі діни дастандар арқылы бізге жақсы таныс.
«Тілді қылыш көкіректі,
Тітіретіп алды жүректі,
Жалындаған шаланы,
Кеудеме әкеп ол тықты»,
дейді Пушкин. Бұл қиссаларда жырланған пайғамбар өмірінің тұп-тура бір үзігі. Қиссада келгендей, балдырған Мұхаммед балалармен бірге ойнап жүргенде, Жәбірейіл періште келіп оны ұстап, жерге жатқызады да, кеудесін жарып, жүрегін сыртқа шығарады. Жүрегінен ұйыған қанды алып тастап: «Бұл – шайтанның сендегі үлесі», дейді. Сосын Жәбірейіл пайғамбардың жүрегін алтын жамда зәмзәмнің суымен жуады да, жүректі біріктіріп, қайтадан орнына салады. Пайғамбармен бірге ойнап жүрген балалар Халимаға жүгіріп келіп: «Мұхаммедті өлтірді!» деп шуылдасады. Жүгіріп келген адамдар оның рең-түсі өзгеріп отырғандығын көреді. Кеудесі жарылып, жуылған сәттен Мұхаммед пайғамбардың пенделерден тыс дара жолы басталады.
Пушкин қиссаға сүйеніп, көктен періште келіп кеудесін жарып, жалындаған жүректі орнына қайта салғанын жырлайды. Өлеңнің соңын былайша түйіндейді:
«Түзде өліктей жатқанда,
Уахи сөзін қатты Алла:
«Тұр, пайғамбар, көр, тыңда,
Әміріме мойынсұн,
Жерді, суды арала,
Жалындаған сөзіңмен
Жандыр адам жүрегін».
Пушкин өзін адамзатқа жіберген елші ретінде сомдап, осы оқиғадан кейін адам жүрегін жалындаған сөзімен жандыруға кіріскенін баян етеді. Сөзсіз, Пушкин пайғамбар кейіптес ақын, бөлек бітім. Бір ұлттың ақыл-санасының іргесін көтерген алып өлеңінде айтқандай, өшпес рухымен күллі атырапты аралап кетті.
Ал Мағжан «Пайғамбарының» тұрқы бөлек. Мағжан ақиқат іздеп аласұрып, терең ізденген ақын. Шығыстық іліммен ерте сусындаған ол, барлық талантты ақындар секілді білуге құмарлығымен Батыс әдебиетіне бас қояды. Сол тұста Батыс ғылымы орасан зор өзгерістер мен қарама-қайшылықтарға толы еді. Задында, ХХ ғасыр ұлы тарихи оқиғаларымен адамзат санасынан мықтап орын алды. Эйнштейннің салыстырмалылық теориясы жарыққа шықты, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс өрті шарпыды, Тутанхамонның қабірі ашылды, алғаш дыбысты фильм түсірілді, ішкі ядролық қуаттың жаңалығының әлемге жария болуы, Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбасының тасталуы, адамзат баласының алғаш ғарышқа ұшуы – мұның бәрі адамзат эвалюциясының жаңа сатысы еді. Барлық ғасырларға назар салсақ, нақ XX ғасыр секілді өз ішінде булығып, адамзат баласының катарсис арқылы қайта түлеген кезеңін табу қиын.
Мағжан сол тұстағы Батыс ғылым-білімінің заттық ілімдердің өрмегіне қамалғанын, жаннан гөрі тәнге ауғанын, қару-жарақ шығарып, сол арқылы бір-бірімен аяусыз кескілескенін, ілімділері отқа өртеліп, өнерпаздары мазмұннан гөрі формаға көбірек көңіл бөлгенін түсінеді. Өзі танып-біліп өскен иман, ұят, обал, сауап деген киелі ұғымдардың ол жақта кемшіндігін, тіпті жан-жақты озбырлықтардың қалыпты саналғанына жаға ұстайды. Тәңiрiсiн табанына таптаған, түнерiп жүрген түннен туған перiлерге оқты көзін қадап, шамырқана жыр тудырады.
«Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күнi батып, жаңа таңы атпаған.
Түнерiп жүр түннен туған перiлер,
Тәңiрiсiн табанына таптаған.
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Көгiнде жоқ жалғыз жұлдыз батпаған,
Түн баласы тәңiрiсiн өлтiрiп,
Табынатын басқа тәңiрi таппаған.
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.
Бiлген емес иман деген не нәрсе,
«Қарын» деген сөздi ғана жаттаған».
Сыншыл ақыл шоғы мұнан әрі де Батыстың оғаш тұстарын аяусыз сынап-мінейді. «Iнжiлдi өртеп, табанға сап Құранды, әдiлдiктi күткен ессiз қарыннан», «Табынатын құр денеге жануар, болған емес жұмысы оның жанменен», «Түн баласы түнерiп тұр өлгелi, көзiңдi сал – күнбатыста қанды шу».
«Күншығыстан таң келедi – мен келем,
Көк күңiренеді: мен де көктей күңiренем.
Жердiң жүзiн қараңғылық қаптаған,
Жер жүзiне нұр беремiн, Күн берем!»
Мағжан Адам ата, Ыдырыс пайғамбарлардан бастау алған лекке қосылып, барша адамзатты бейшаралықтан Құдайға, тамұқтан көкке шығаруды арман етеді. Қиссаларда келетін азғындыққа салынып, адасқан қауымдардан өз заманының сипаты бір де кем емесін сезген ол, бар жауапкершілікті бойға алып, аласұрады. Қаһарман Фаусттай күллі адам үшін бір өзі отқа күйіп, бір өзі құрбандыққа барады.
Пушкин мен Мағжанның «Пайғамбары» бір-бірінен алыс емес. Екеуі де адамзаттық туды көтеріп, баршаға қорған болмаққа бекінеді. Бекінеді де, мұзартқа көз қадайды...