• RUB:
    5.28
  • USD:
    481.63
  • EUR:
    534.46
Басты сайтқа өту
Әдебиет 23 Тамыз, 2024

Сәуегей өлең

42 рет
көрсетілді

Келешек көкжиегін, ажалын, ақырғы күнін, жер тағдырын болжаған шайырлар Шығыс пен Батыста қадау-қадау қарауытады. Фирдоусидің өшпес даңқын болжағаны секілді, заманында туған сәруар жырлар өз уақытынан озып, кеше мен бүгінге үкім айтқаны даусыз.

«Ертеңіне сенбейтін күнің болады.

Бетіңнен алып түсер інің болады.

Алашұбар тілің болады,

Дүдәмалдау дінің болады.

Әйелің базаршы болады,

Еркегің қазаншы болады».

Мөңке бидің төрт ғасыр бұрын айтқан осы болжамы негізсіз кеткен жоқ. Әр сөзі сайдан түкендей салмақты қатарларды жаңа ұрпақ көз алдынан өткеріп отыр. Ал небәрі 27 жыл ғұмыр бұйырған Лермон­тов жырлары көптен бері қазақ сахарасын шарлап кет­кені де мәлім. Ақын не айтса да қиыс кеткен жоқ. Өмірінің соңғы ­айында оқыр­манға жақсы мәлім «Түс» атты жыр жазды.

«Жатырмын Дағыстанның аңғарында,

Кеудемде қорғасын оқ қармануда.

Езеді жарақатым көкірегімді,

Сорғалап әлсін-әлсін қан да ағуда».

Осылайша, ол өз өлімін алдын ала бол­­жайды. Шынында, 1841 жылдың ­27 шіл­десінде офицер Мартыновтың оғы­нан жаралан­ған Лермонтов, көкіре­гін жара­қаты жаншып, қорғасын оқтың уыты жас тәніне жайылып, Пятигорскі аңғарында жатты.             

Мұқағали Мақатаев өмірінің шым-шытырық, бізге беймәлім тұстары бар. Қарасаздағы Мұқағали сипатты тауды табиғат ананың бізге тарту етуінің өзі тосын оқиға, дара кеп. Ақын соңғы шыққан кітабына қолтаңба бергенде ұстазы Әбілда Тәжібаевқа «27 наурыз 1974 жыл» деп жазған екен. Бұл ажал құшқан күнінің дәлме-дәл уақыты.

«Өзімнің есебімде,

Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.

Кім біледі...

Ендігі қалған өмір,

Неше жылға жетерін,

Неше күнге.

Ұмыт болып есебің де, өсегің де,

Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,

Қырықтың бесеуінде...»

Шын мәнінде, Мұқағали Мақатаев қырықтың бесеуінде аурухана төсегінде мәңгілік ұйқыға кетті. Кездейсоқтық деу­ге болмайды. Бұл анық дерек, ақиқи сөз.      

«Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет­те жүрген тұмалы шақ еді. Осы тұста ән­шейінде Жазушылар одағынан көп көрінбес ақын Аманхан Әлімұлы газет редакциясына келгіштей берді. Қолында «Реквием» атты өлеңдер циклі. Қате­лерін қайта-қайта тексеріп: «Мұндай шығар­маны әлі ешкім жазған жоқ», – деді ағамыз. «Әрине, жазған жоқ» дедік. Ыжда­ғатты, бала сынды мәз-майрам ақын көңілі – көптен күткен сәбиін дү­ние­ге әкелген ананың жүзіндей нұрлы, мейірбан тартты. Редакция алқасын жи­нап, дастарқан жайды. Дастарқан үстін­де бұрынғыдан өзгеше аусар көңіл­мен кеңк-кеңк күліп, әрбірімізге жеке-жеке көз қадады. Реквием жанры – като­лик­тің қаралы жиында айтылар аза жыры, қоштасу сәтінен туған. Өмірінің со­ңында өз реквиемін, қоштасу жырын әкеліп тұрған ақынды біз ол кезде аңғара білмедік. Кейіннен сол жырға шүйліге қарағанда, мұның анық өз ажалын болжаған қоштасу хат екенін ұғындық. Сенбесеңіз, оқып көріңіз.

«Сабыры – ұстам,

Қабірстан, –

Желді күзгі.

Елес қалар,

Кім еске алар, –

Енді, бізді?...

…Кешкі жел, ә!

Ескі мола, –

Елес қалар,

Кім еске алар, –

Енді, бізді?...»

Ақындық пен сәуегейлік егіз ұғым дейді білетіндер. Рас, біз де келісер едік. Ақиқатқа талас жүрмейді.

Соңғы жаңалықтар