• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әскер 26 Тамыз, 2024

Қазақстан мен Әзербайжан әскерилері «Алтын қыран-2024» оқу-жаттығуын өткізді

102 рет
көрсетілді

Жетісу облысының «Көктал» полигонында «Алтын қыран-2024» халықаралық тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Белсенді кезең барысында Қазақстан десантшылары мен Әзербайжан армиясының әскери қызметшілерінен құралған біріккен жасақ заңсыз қарулы құралымның автомобиль техникасының легіне тосқауыл ұйымдастырды.

Іс-қимылдың практикалық кезеңін Қазақстан мен Әзербайжан қарулы күштері бас штабтарының бастықтары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов пен генерал-полковник Керім Велиев қадағалады.

Екі ел қарулы күштері басшылығының назары барлау жасақтарының әрекеттеріне, басып алу және атыспен қамтамасыз ету топтарына және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы барлау дерегін алу алгоритміне аударылды.

Оқу-жаттығу барысында контингенттерді үйлестіру жоғары деңгейге жетті. Біріккен барлау жасағының командирі қарсылас өтеді деген барлық бағыттарды талдап, автомобиль көлігі жүруі қиын болатын аймақты таңдап, атыс нүктелерінің орналасуы мен оларды жасыру мәселелерін пысықтады. Қабылданған шешімдердің дұрыстығы ұйымдасқан тосқауылдың тиімді және тапсырманың нақты орындалуын қамтамасыз етті. 

«Алтын қыран-2024» халықаралық тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы таулы-шөлді жерлерде арнайы барлау іс-қимылдарын көрсетумен аяқталды. Біз командалық құрамның даярлығының, әскери қызметшілердің дене дайындығының, екі елдің контингенті арасындағы өзара іс-қимыл деңгейінің жоғары екеніне көз жеткіздік. Бөлімше командирлері өте қысқа мерзімде біртұтас организм ретінде әрекет еткен жеке құрамның үйлесімділігіне қол жеткізді. Бұған оқу-жаттығудың барлық кезеңінде қазақстандық және әзербайжандық әскери қызметшілермен қатар міндеттерді атқарған біріккен жасақтардың арқасында қол жеткізілді», деп атап өтті оқу-жаттығу жетекшісі Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

Белсенді кезеңнен кейін бірден оқу-жаттығудың жабылу салтанаты өтті, онда ерекше көзге түскен әскери қызметшілер екі елдің әскери контингенттері қолбасшылығының алғыс хаттарымен марапатталды.