• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сауда 26 Тамыз, 2024

Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа механизмі енгізілді

80 рет
көрсетілді

Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау шеңберінде Қазақстанда ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары әзірленіп, бекітілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл Сауда және интеграция министрлігінің және оның ведомстволық бағынышты ұйымдарының қызметіне мемлекеттік аудит жүргізілген. Аудит барысында республикада сауда инфрақұрылымының одан әрі дамуын тежейтін себептердің бірі бизнестің осы бағытта инвестициялау мүмкіндіктерінің шектеулі екені анықталған. Осыған байланысты сауда және интеграция министрлігіне кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық әлеуетін арттырудың нақты механизмдерін айқындау тапсырылды.

Нәтижесінде министрдің биыл 21 маусымдағы бұйрығымен Ішкі сауда субъектілеріне жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары бекітілді. Олар қазіргі заманғы сауда инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша іс-шараларды ынталандыруға бағытталған.

Айта кетейік, бірінші кезеңде мемлекет бұл бағытқа 4 млрд теңге бөлген. Сонымен қатар «Даму» қорынан қаржыландыруды осы жылдың қазан айында бастау жоспарланған.

Сондай-ақ ережеде мемлекеттік қолдау алушылар үшін отандық өндірістің азық-түлік және азық-түлік емес тауарларын сауда орындарына орналастыру бойынша қарсы міндеттемелер көзделген. Бұл еліміздің тауар өндірушілердің өнімді өткізу арналарына қолжетімділігін арттырады.