Бұрынғы заманда аталарымыз ел қорғаудың қамы үшін әрқилы жауынгерлік жаттығулар жасайтын болған. Соның бірі сарбаздардың – мергендік өнерін шыңдау тәсілі. Мысалы, көрнекті жазушы Iлияс Есенберлин «Көшпенділер» тарихи трилогиясында: «Мергендер жамбы атып, керілген тері атып сайысқа түсті» деп жазады.
Ежелгі көшпелілердің жауынгерлік өнерін зерттеген орыс ғалымы А.И.Мазаев, моңғол оқымыстысы О.Намнандоржылардың еңбегінде ертедегі ғұн, сақ дәуірінде ел ішіндегі мергендерді сынайтын: теңге ату, жебе жарыстыру немесе оқ оздыру, керген тері ату, жалау ату, сұр (қайыс) ату деген сайыс түрлері болған депті.
Осылардың ішінде біз керген тері ату тәсілі туралы айтар болсақ, бұл – ұсақ малдың, қажет жағдайда өгіздің терісін ағашқа керіп, нысана жасау арқылы орындалатын сайыс түрі. Ерте заманда бұл нысананы мергендер 100 садақбойы қашықтан, бес оқпен ататын болғаны туралы дерек бар. Көне сөздіктерде керген теріні «саранпай» деп атаса, ортағасырлық дереккөздерде: ертеде көшпелілер садақшылардың мергендігі мен ептілігін саралау үшін малдың керген терісін нысана ретінде пайдаланған делініпті.
Яғни нысананы (ағашқа керілген тері) 40 оқ (бір оқ шамамен 90-100 см) қашықтықтан бір мерген 20 оқ жұмсап ататын болған. Осы әдіс арқылы мергендердің шамасын межелеп, алыс және орта қашықтыққа садақ тартатын топтарды жасақтайды екен. Яғни бұл да мергендердің кезекті жаттығуы немесе сайыс өнерін жүргізетін бір тәсіл.
Тарихшылар мәліметіне жүгінсек, бұл сайыс сонау сақ-ғұндар дәуірінде болғаны туралы айтылады. Яғни нысана ретінде жасы толысқан қой-ешкі немесе бір-екі жасар ірі қараның терісі таңдап алынып, ол кергіш ағашқа шегеленеді де, оның шелді бетіне адамның бейнесін салатын да дәстүр болған екен. Онысы жас садақшыларды дәлдікке баулу сабағы болуы керек. Бұл нысананы ату үшін темір жебе қолданбайды. Өйткені ол теріні жарамсыз ететіндіктен, доғал ағаш жебе немесе сүйектен жасалған жұмсақ жебе қолданады. Бұл сайысты өткізудің үш түрлі тәсілі бар:
Біріншісі, керілген теріге ат үстінде шауып келе жатып 4-5 дүркін садақ тарту;
Екіншіден, нысанды қозғалыссыз жерде тұрып ату;
Үшіншіден, тері нысананы көзге көрінбейтін белгілердің арғы жағына орналастырып, одан асырып ату. Бұл – көзге көрінбей жасырын жерде орналасқан жауды жоюдың амалы.