• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 29 Тамыз, 2024

Астанада жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілуі мүмкін

108 рет
көрсетілді

Астанада қарбалас уақытта жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін қала әкімі Жеңіс Қасымбек ҚР Көлік министрлігінің, қала полициясының, тасымалдаушы компаниялардың және құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде жүк көліктерінің салмағын бақылау шаралары талқыланып, қарбалас уақытта ауыр және ірі көлемді көлік құралдарының қозғалысына шектеулер енгізу жоспарланып отырғаны айтылды.

«Ауыр және ірі көлемді көлік құралдары жүргізушілерінің көпшілігі жүктің салмақ параметрлерін сақтамайды. Мысалы, 25 тоннаның орнына 100 тоннаға дейін, тіпті одан да көп жүк тасымалдап жүруі мүмкін. Бұл бірқатар қолайсыздық тудырады: жол қозғалысының өзге қатысушыларына қиындық тудырады, әрі жолға үлкен жүктеме түсіреді», деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, қыркүйек айынан бастап елордада автокөлік өлшейтін автоматтандырылған жүйе іске қосылады. Жүйе қазірдің өзінде сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр. Автоматтандырылған өлшеу жүйесі қалаға негізгі кіреберістерде – Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Қосшы қалалары, сондай-ақ Қараөткел және Малотимофеевка ауылдары тұсында орнатылған. 

«Соңғы айда 10 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелді. Бұл жүйе жүк көліктерінің салмағын бақылауға, қаланың көлік инфрақұрылымының жалпы деңгейін жақсартуға, өзге де көліктердің кедергісіз жүруі үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді», деп нақтылады әкімдік.

Айта кетейік, ауыр және ірі көлемді көлік құралдарының рұқсат етілген салмағы мына мөлшерден аспауы керек:

үш осьті (М3 санатындағы буынды автобустарды қоспағанда) – 25 тонна; төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осі бар – 32 тонна; бес осьті – 38 тонна; алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.

Осылайша, жалпы салмақ жүктің де, көліктің де салмағын қамтиды. Артық салмақ болған жағдайда 3 миллион 700 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне және кәсіпкерлік түріне байланысты – шағын, орта немесе ірі – 40 АЕК-тен (147 мың 680 теңге) 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейін өзгеруі мүмкін.