«Домбыра мұнша шешен болдың неге?» деп жырға қосқандай, қасиетті қара домбыра талайды таңдандырып келеді. Қайбір классикалық музыканы да оңай ығына жыққан сиқырлы аспап Берлин төрінде өнерден ту тікті.
Қазақ ұлттық өнер университетінің Еуразиялық симфониялық оркестрі Берлинде өнерлерін көрсетті. Бірыңғай студенттерден құралған шығармашылық ұжым Германияда өткен «Young Euro Classic» фестивалі аясында концерт беріп, көптің ықыласына бөленді.
Домбыра шанағынан қоңыр күйлерімізбен қатар Моцарттың әйгілі «Түрік маршы» әуеледі. Сегіз жігіт ерекше сазды симфониялық оркестрмен орындағанда әуен әрлене түсті. 200 жылдан астам тарихы бар «Konzerthaus» ғимараты классика мен ұлттық аспаптардың үндесуінен ерекше күйге бөленген. Ширек ғасырлық мерейтойын тойлаған музыка фестиваліне Қазақстан делегациясы екі сағаттық бағдарламамен барған.
– Біз домбырада тек күй ғана емес, бүкіл шетелдік шығармаларды да орындауға болатынын көрсеткіміз келеді. Ал екінші орындаған шығармамызды айтатын болсақ, ол – Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбеті». Бұл туынды Қазақ ұлттық оркестрінің әнұраны деп есептейміз. Мұнымен қазақтың бай музыкасын шетелге таныстыруды мұрат тұттық. Қазақтың күйін, философиясын әртүрлі шығармаларымыз арқылы тыңдарманға таныттық деп ойлаймын,– дейді «Шабыт» домбыра ансамблінің мүшесі Кенжебек Әділов.
Маңызы мол шарада студенттеріміздің өнеріне неміс тыңдармандары тәнті болғандарын жасырмады. Оркестр шетелдіктерді тамсандырып қана қоймай, олардың қазақ музыкасына деген қызығушылығын арттыра түсті.