• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ 03 Қыркүйек, 2024

Алдымызда зор міндет тұр

104 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақ­стан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады.

Бұл еліміздің болашақ бағ­дарын қамтыған ауқымы кең, мазмұны терең Жолдау болды. Жалпы, әр Жолдау – алға деген қарқынды ұмтылыс. Президент лауазымына кіріс­кен күннен бас­тап Қасым-Жомарт Кемелұлы ауқымды стратегиялық ре­фор­маларды қолға алған бола­тын. Бү­гінгі Жолдау – сол ре­фор­малардың заңды жалға­сы. Осы­лайша, Мемле­кет басшы­сының экономика, саясат пен идеология саласын қатар реформалауға бағытталған стратегиялық бағ­дары үздіксіз іске асып келеді.

Сондай-ақ бұл Жолдау – қо­ғам­ды толғандырып отырған ең өзекті проблемаларға нақ­ты жауап. Депутаттар күні кеше өңірлерден оралды. Біз ха­лықтың сұранысын, талап-тілегі мен мұң-мұқтажын, ел­дегі жағдайды жақсы білеміз. Осы орайда Президенттің ұс­тан­­ымдары мен бастамалары халықтың сұранысымен толық үндесіп тұр.

Мемлекет басшысы Жол­дау­да ел дамуы үшін маңызды 9 стра­­тегиялық бағытты ай­қын­­дап берді. Олардың қата­рын­да ақша-несие және фис­калды саясаттың ара­­­сындағы үйлесімсіздікті жою, ин­вес­тициялық ахуал­ды және бизнес жүргізуге қа­жет­ті жағ­дай­­ды жақсарту, өнер­кәсіп әлеуе­тін толық пайдалану, ин­фра­құрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадр­лық әлеуетті арттыру, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеу­меттік қолдау жүйесін жаң­ғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру және қоғамда заң мен тәртіп идео­логиясын терең орнықтыру мәселелері бар.

Президент Парламент депутаттары алдына да аталған стра­тегиялық бағыттарды заң­­на­ма­лық тұрғыда қамта­ма­сыз етуде бірқатар нақты мін­дет қойды. Шағын және орта биз­несті жеткілікті деңгейде қол­дау, ауыл шаруашылығын қаржы­ландыру, банктердің эконо­ми­каға көбірек қаржы құюы­на жағдай жасау, салық сая­са­тын қайта қарау мен бюджет тап­шы­лығы мәселесін шешуге ба­ғытталған маңызды шаралар айтылды. Банктер туралы жаңа заң қабылдау жөнінде тапсырма беріп, елімізде мем­лекеттік кәсіпорындарды бас­қару саясатын жетілдіруді заң­мен реттеуді жүктеді.

Сонымен қатар Президент Ұлттық қор қаражатын тиім­ді пайдалануда да алдымызға зор міндет қойды. Қаражат шетелдік қаржы институттарына емес, ел мүд­десіне қызмет етуі керек. Осы қадамдардың барлығы эко­но­миканың өсуі­не зор серпін бермек. Прези­дент айтқандай, әлеуметтік теңсіздікті азайтып, орта тапты күшейте түседі. Ал мықты орта тап – мықты мемлекетке айналудың кепілі.

Мемлекет басшысы халық­ты толғандырған ең маңыз­ды әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше мән беріп отыр. Соның ішінде «Жайлы мектеп» жобасына жеке тоқталды. Президенттің осы серпінді жобасының толыққанды іске асуына депутаттар барынша атсалыспақ.

Сондай-ақ Жолдауда бұ­қара­­лық спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы осы саланы реттейтін заңнаманы жаңартуды тапсырды. Қазір Мәжі­ліс­те дене­шынықтыру туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұқаралық спортты дамыту мәселесін осы заң аясында қарастырамыз.

Жалпы, қазір ел экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету күрделі болып тұр. Әсіресе су саласы мамандары, құрылысшылар, энергетиктер, ветеринарлар тапшы. Болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін де кадр­лар даярлау керек. Осы орайда Президент елдің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру бойынша үлкен міндеттер қойды. 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп дөп басып жариялады. Бұл – қара­пайым жұмысшылар үшін үлкен мотивация.

Қоғамда АЭС салу мәселесі осы кезге дейін жан-жақты тал­қыланып келе жатқан. Мем­лекет басшысы Жолдауда осы тағдыршешті мәселеге де ар­найы тоқталып, 6 қазан күні АЭС салу бойынша жалпы­ұлттық референдум өткізу туралы мәлімдеді. Ал түпкілікті шешімді халықтың өзі қабыл­дайды. Бұл – Мемлекет басшы­сының берік ұстанымы. Осы шаралар – «Халық үні­не құ­лақ асатын Үкімет» тұжы­рым­дамасының нақты нәтижесі. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Қазір жаһандық геосая­си ахуал күрделі. Әлемде, Қа­зақ­станда түбегейлі өзгеріс­тер жү­ріп жатыр. Осынау алма­ғайып кезеңде мем­леке­тіміз дамудың жаңа бағда­рын айқындап, сол жолмен сенім­ді қадам басып келеді. Ол – Пре­зидент айтқандай, Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстан құру жолы. Біз осы алған ба­ғы­­­тымыздан таймауымыз қа­жет. Заң мен тәртіп үстемдік құрып, бірлігі бекем біртұтас ұлтқа айна­луымыз керек. Бұ­ған Мем­лекет басшысының ке­шегі Жолдауында көтерілген бас­тама­лар мен қойылған мін­дет­­тердің орындалуы нақты мүм­­кін­дік беретініне сенімдімін. Депу­­таттар бұл тапсырмаларды орындауға білек сыбана кіріседі.

 

Ерлан ҚОШАНОВ,

Мәжіліс төрағасы