Шымкентте әлеуметтік нысандармен бірге стратегиялық маңызды объектілер де мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Кезінде бұлардың барлығы да әртүрлі жолмен жекешеленіп кеткен болатын. Бұл жолы сумен жабдықтау және су бұру нысандары қайтадан мемлекет балансына алынады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Премьер-министр төрағалығымен өткен экономиканы монополиядан арылту жөніндегі комиссия шешімімен мегаполисте кезінде заңсыз берілген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 1996-1998 жылдары сол тұстағы әкім шешімімен сумен жабықтау және су бұру нысандары монополиядан арылту мақсатында бәсекелестікке берілді. Сөйтіп, шаһардағы жалғыз мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның Тассай-1, Тассай-2 су қабылдағышы, Уникан сервис тазарту қондырғысы, автокөлік шеберханасы еншілес ұйымдарға бөлінеді. 4 еншілес кәсіпорынмен бірге Бадам – Сайрам, Ақбай – Қарасу су қабылдағыштары да жекешелендірілді. 1998 жылы осы нысандардың иелері біртұтас «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ға бірігу туралы шешім қабылдайды. Бұл кезде мемлекет меншігінде тек су құбырлары ғана қалды. 2003 жылы бекітілген Су кодексіне сәйкес қалаларды сумен жабдықтаушы су тарту құрылымдары, сорғы стансалары, су тазартқыш қондырғылар, басқа да стратегиялық нысандар мемлекет меншігінен шығарылмайды деп көрсетілген. Алайда мегаполисте маңызды нысандар жекешеленіп кеткен. Жеке ұйым сумен қамтамасыз етуде халыққа жағдай жасамады. Әкім орынбасарының айтуынша, су тарифі Шымкентте тұрғындар, бюджеттік мекемелер, заңды тұлғалар үшін де бірнеше есе жоғары. Мәселен, қалада 1 текше метр су тарифі 97 теңгені құраса Астанада ол бір жарым есеге төмен, яғни 65 теңге. Алматыда су бағасы – 55 теңге. Шымкентпен салыстырғанда екі еседей арзан. Керісінше электр энергиясы Шымқалада Астана мен Алматыға қарағанда айтарлықтай төмен. «Сонда қалай, электр қуаты арзан мегаполисте су бағасы да қымбат болмауға тиіс қой. Алайда тарифтер керісінше статистиканы көрсетіп отыр», дейді А.Кәрімов.
Шымқалада кәріз тарифтері де Алматы, Астанамен салыстырғанда жоғары болып тұр. Мәселен, кәріз жүйесінің тарифі Шымкентте 51 теңге болса, Алматыда екі есе төмен, Астанада да мұнымен шамалас екен. Бюджеттік ұйымдар үшін кәріз тарифі Шымкентте 415 теңге. Елордада – 281 теңге. Алматыда тариф құны бар-жоғы – 81 теңге. Заңды тұлғаларға арналған кәріз жүйесі тарифінде де көрсеткіштер осыған ұқсас. Енді бір қызығы, кәріз тарифі Шымкентте сонша қымбат болса да, тазартылған су өзенге ағызуға жарамсыз. Қала тұрғындарының сарқынды судың күлімсі исіне де қатысты арыз-шағымы көп. «Бұл «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның кәріз суын тазарту жұмыстарының өз деңгейінде емес екенін көрсетеді», деді А.Кәрімов.
Сумен жабдықтау, су бұру жұмыстарының тұрғындар үшін маңызды екенін ескерген қала билігі осы стратегиялық нысандарды мемлекет меншігіне қайтаруды көздеп отыр. Ол тарифтерді реттеуге келешекте мүмкіндік береді.
Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың мәлімдеуінше, Ақбай – Қарасу су қабылдағышы стратегиялық нысан болғанына қарамастан, оның аумағында заңсыз құрылыс нысандарының салынғаны анықталған. Мәселен, ол жерде күн электр стансасының панельдері, қонақүй кешені, жабық бассейн, мерекелік зал, екі қабатты тұрғынжай, мал қора, темір-бетон бұйымдарын шығаратын цех, ойын-сауық нысандары салынып кеткен. Темір-бетон цехы дәл су қоймасының маңында орналасқан. Ал суды зарарсыздандыру нысаны пайдалануға берілген сәттен бері жұмыс істемейді.
Сала басшысының айтуынша, биыл қаңтар айында энергетика басқармасы 2023 жылғы тариф-сметалық жоспардың орындалуын тексерген кезде «Су ресурстары-Маркетингтің» сарқынды суды тазалау объектісінде біраз кемшілікті анықтаған. Басқарма бұл іс бойынша сотқа талап-арыз жолдаған.
Қала әкімі орынбасарының мәлімдеуінше, Үкімет басшысы төрағалық ететін комиссия шешімімен мегаполисте жекешеленіп кеткен бұрынғы мемлекеттік нысандар тексеріліп жатыр. Сондықтан егер қайсыбір нысанның заңсыз иемденгені анықталса, ол мемлекет меншігіне қайтарылады. Осыған байланысты бүгінгі таңда шаһарды сумен жабдықтаушы монополист компанияның қызметі құзырлы органдар тарапынан тексеруге алынды.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-мен бірге қалада тағы бір мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын тұрғындарға су жеткізумен айналысады. Бірақ екі ұйымның тарифі екі түрлі. «Су ресурстары-Маркетинг» компаниясының қымбат тарифі ескі инфрақұрылымды жаңалауға арналған инвестициялық бағдарламаны іске асыруына байланысты болуы мүмкін. Қазір бұл мәселеге орай Экономика министрлігінің арнайы комитеті тексерісті бастады. Келешекте су тарифінің құны комитеттің шығарған шешімінен соң қайта қаралады. Жалпы, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС соңғы жылдары шығыны табысынан асып түскен. Соңғы дерек бойынша компания 33 млрд теңге табыс тапса, шығыны 38 млрд теңгені құраған. Монополист мекеме инвестициялық бағдарлама аясында Еуропалық даму және қайта құру банкінен қыруар қаржы несие алған. Тариф құнының қымбаттап кетуіне де осы несие қаражаты кері әсерін тигізген. Ендігі жерде құзырлы органдар сол алынған миллиардтаған несие қаржысына инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары көлемі мен сапасы жағынан сәйкес жасалды ма, жоқ па, сол жағын тексереді. «Су ресурстары-Маркетинг» меншігінде осы күнде мемлекеттің 22,8 пайыз үлесі бар. Мемлекеттік маңызды нысандарды иеленіп отырған монополист мекеменің жекешелендірудегі әрекеті қаншалықты заңды болғанын енді сот анықтап, осы мәселенің соңғы нүктесін қойып береді. Ал келешекте қаланы сумен жабдықтап отырған мемлекеттік коммуналдық мекеме мен жекеменшік серіктестіктің тарифтерінің ортақ бір бағасы шығарылып, құны да халыққа қолжетімді болады.