Алматы облысының полицейлері бала саудасымен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. Күдікке ілінген 38 жастағы әйел қамауға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«25 тамызда «Surak.baribar» әлеуметтік желісінде кәмелетке толмаған балалар мен жаңа туған сәбилерді «заңды түрде асырап алу» желеуімен заңсыз әрекет етуі мүмкін қылмыстық топ туралы ақпарат түсті. Облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 38 жастағы күдіктіні анықтады. Күдікті әйел Қызылорда облысының тумасы екені белгілі болды», деп түсіндірді облыстық Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов.
Полиция қызметкерлері тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып, қылмыстық топтың басқа мүшелері іздестіріліп жатыр.